Атырау, 27 сәуір 06:28
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

60-тан кейінгі өмір - еркіндік

Сурет Бейнежазба
5 270 просмотра
Гүлайым БАЙМУРЗИНА

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін көлік жүргізуді, суға жүзуді үйрендім, бимен айналыстым, - дейді Ақбөбек БАЯЗИТОВА. Ал сіз зейнеткерлікке шыққанда немен айналысуды жоспарлап отырсыз?

ОН ЖЫЛДЫ ШЕГЕРЕМІЗ

Біз, әдетте, жасы келген адамдар бос уақыттарын немерелеріне арнап, бақшада егін салуға, тоқыма тоқып, домино ойнауға жұмсайды деп ойлаймыз. Бірақ, бәрі бірдей жайбарақат, бірқалыпты өмір сүргісі келе бермейді. Бүгінгі менің мақаламның кейіпкерлері белсенді өмір салтын ұстанған дұрыс деп есептейді.

Ақбөбек БАЯЗИТОВА

Ақбөбек Мұқадесқызымен 20 жылдан бері таныспыз. Менің ойымша, осы уақыт ішінде ол мүлдем өзгерген емес. Оның әркез өзін керемет сезініп жүруіне сабырлы мінезі, оптимизм және би билегені себеп болды деп есептеймін. Ол бұрыннан - 1976 жылдан бері халық билерімен айналысқан. Кейін 20 жыл үзіліс жасады – мемлекеттік қызметте жүргенде, бос уақыты болмады. Ал, жақында, осыдан екі жыл бұрын, кезінде  «Мұнайшы» мәдениет үйінде өзімен бірге биге қатысып жүрген Михаил тағы да билеуге шақырды. Ол 50 жастан асқандарға биге қатысу үшін жаңа студия ашылғанын айтты. Ақбөбектің қазірдің өзінде үйінде әже ретіндегі қызығы мен шыжығы бір басына жетерлік. Бірақ би алаңына шыққанда, ол бәрін ұмытып кетеді. Биден шабыттанып, көтеріңкі көңіл-күймен үйіне қайтады.

Билегенде өзіңді ерекше сезінесің, бойыңды түзеп, сергек жүресің әрі денсаулыққа пайдалы дейді ол. Айналаңызда осындай әдемі әрі сымбатты адамдар жүрген кезде басқаша болуы мүмкін емес. Ең бастысы, жақсы ой ойлап, өте мейірімді болады. Әрқашан бір-біріне көмектесуге дайын тұрады. Шаттанып жүреді. Би студиясына бірнеше отбасылық жұп келеді. Барлығының да балалары мен немерелері бар. Сонда да олар кеште үйде отырып, сериал қарағаннан көрі, бос уақытын осы би залында өткізгенді ұнатады.  

- Би – менің өмірімдегі ең маңызды хобби дер едім. 80 жасқа дейін билеуді жоспарлап отырмын. Бірақ, біздің топқа 91 және 94 жастағы бишілердің Квик-степ билеген бейнежазбасы жүктелді. Осыған бәріміз қызығып, енді сол биді үйреніп жатырмыз, - деп күледі Ақбөбек Мұқадесқызы. Ол бимен байланысты өмірін қысқаша былай деп сипаттайды: әсемдік, үйлесімділік, сұлулық, ұжым және жақсы ой!


«ҚАРТТЫҚ ЖҮЗ ЖАСАҒАННАН КЕЙІН БАСТАЛАДЫ»

Тағы бір өте сұлу биші Гүлайым БАЙМУРЗИНАНЫҢ хикаясы да қызықты. Ол өзінің биші болсам деген арманына 51 жасында ғана қол жеткізген. Бұған дейін жасым кеп қалды, «ұят болады», жұрт түсінбейді деген сияқты ойлар кедергі болған. Бірақ үлкен арманы орындалған кезде қанат бітіп, жаңа тынысы ашылған. Енді тоқтау мүмкін емес еді. Алты жыл қатарынан би залына барды, шығыс билерін үйренуден бастаған оның халық билеріне де қызығушылығы арта түскен. Енді бал билеріне құштарлығы ояныпты. Сурет өнері курстарында сурет салуды үйренсе, көп ұзамай жаңа шыңды бағындырып, гитарада ойнауды үйреніпті. Содан соң модельдер курсына қызығушылық танытқан, қазір Гүлайым - Атыраудағы алғашқы жасы келген модель. Енді фортепианода ойнауды үйреніп жүр.

- Біздің жасымыз – еркіндік жасы деп есептеймін: балалар өсті, енді өз армандарымызды жүзеге асыратын мүмкіндік пайда болды. Кәрілік жүз жастан кейін басталады, ал оған дейін адам жетіледі, даналық келіп, жаңа өзгерістер ашылады. Менің қазіргі мақсатым - өзімді барынша ашып, балаларыма, болашақ немерелеріме кез-келген жаста өз арманыңды орындауға және толыққанды, қызықты етіп, жарқын өмір сүруге болатынын көрсету. 51 жасқа дейін жұмыс істедім, содан соң бүкіл арманымды жүзеге асыруды мақсат етіп қойдым. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмын, - дейді Гүлайым.

Би студиясында ол өзімен ниеттес жандарды кездестірді. Оның пікірінше, мұнда қарапайым адам жоқ, бәрі де жарқыраған, ерекше, қуат беретін талантты жандар.

Би студиясының жетекшісі Мариям ДӘУЛЕТОВАНЫҢ айтуынша, бастапқыда күйеуі екеуі 20-дан жоғары жастағылар үшін топ ашуды жоспарлаған. Бірақ 50-ден асқан жандардан қоңырау легі толастамапты. Пандемияға дейін студияда 5 отбасылық жұп, ересек жандар, әсіресе, бидің жасқа байланысты аурулардың, соның ішінде Паркинсон ауруының алдын-алуда керемет әдіс екенін жақсы түсінетін дәрігерлер болған. Бишілер үнемі жаңа қимылдарды үйренеді, тек қол-аяқ қана емес, бас та жұмыс істейді.


ЙОГА ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Йога орталығының жетекшісі Глория ШАНТИ осылай дейді. Бұрын ол өз топтарын жасына қарай бөлетін болған, бірақ «жасы ұлғайған» деп атайтын оқушыларының жетістіктеріне қарап, икемділік пен біліктілік құжаттағы сандарға еш қатысы жоқ екенін түсінді. Зейнеткерлікке шыққан көптеген әйелдер жас қыздардың алдын он орап алады. Енді Глория тіпті жас ерекшелігі туралы сөзді естігісі келмейді. 

- Менің йогамен айналысып жүрген ханшайымдарымның жасы нешеде екенін білмеймін, тіпті бұл туралы әңгіме қозғамаймыз. Бірақ, бәрі 60-ты алқымдаған жандар деп ойлаймын. Себебі сол шамада адам ақыл тоқтатып, өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сапалы өмір сүруге тырысады. Олар жаттығып, шынығады, өздігінен білім алуға ұмтылады, дұрыс тамақтанады. Осылайша, олар тек өздерін ғана ойламай, балалары мен немерелеріне де қамқорлық жасайды. Әйтпесе, балалар ата-анасын қамқорлап, бағып-қағуы керек қой, - дейді күлімдеп Глория.

Жыл сайын қатарда осындай саналы ересек адамдар көбейіп келеді. Олардың арасында ерлі-зайыпты және жағдайы жақсы, ауқатты ересек азаматтар да бар. Олар көп жылдарын өз жеке тұлғасын қалыптастыруға, мәртебесі мен байлығын арттыруға арнады, енді қазір қол жеткізген жетістіктері мен дәрежесін өздеріне тиімді әрі қолайлы пайдаланған жөн деп ойлайды. Жаттығу сабақтары офлайн және онлайн режимінде өтеді. Онлайн түрде өтетіні йога орталығынан алыста тұратындарға өте ыңғайлы. Жолға уақыт кетпейді. Онлайн топта қазір әр қалада тұратын отбасы мүшелері жаттығады – анасы Атырауда болса, әпкесі Ақтауда, ал қызы Ақтөбеде. Әрине, жаттықтырушы белі тартып, аяғы ауыратын қатысушының ерекшелігін ескереді, бірақ соған қадалып қалмайды.

Гуля-апаның зейнеткерлікке шыққанына көп болды. Ол дәрігерлердің көп қозғалу керек деген кеңесі бойынша йогамен айналысып жүр. Жүзумен айналысу қолайсыз болды, ал серуен мен йогасыз ол бүгінде өмірін елестете алмайды. Ол өмірге деген өзінің көзқарасын да өзгертті, кез келген жағдайдың жақсылығын байқауға тырысады, жамандыққа бой алдырмайды. Нәтижесінде өмірі жақсарды.

– Адам өмір өзгереді деп үміттенеді, ал өмір адамның өзінің өзгергенін күтеді, - дейді Глория.


ТЭКВОНДОШЫ ӘЖЕЙЛЕР

«Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің «Саранг» хорының мүшелері ән айтып қана қоймай, ұлғайған жастарына қарамастан бүкіл спорттық бастамаға белсенді қатысып жүр. Хордың ең үлкен мүшесі Любовь ХЕН - 83  жаста, қалғандары одан кіші, Николай КИМ мен Михаил ЛИГАЙ 70-тен асқан. Бірақ олардың албырттығы, белсенділігі, жаңа өзгерістерге ашық болуы тіпті немерелерін де қызықтырғандай. Екі жыл қатарынан олар таэквондомен шұғылданды, оларды Қабибек МҰХИТОВ тегін жаттықтырған.

Корей орталығының бүкіл іс-шарасында қойылымдар ұйымдастырған. Зейнеткерлердің спорттық-шығармашылық ұжымын басқа облыстар да шақырыпты. Олар келген ұсыныстың бәріне қуана ықылас білдіріп, 19 адамнан құралған ұжым пойызға немесе көлікке отырып, әндетіп барады екен! Белсенді ата-әжелер ежелгі корей жекпе-жек өнерін қуана жалғастыра берер еді, бірақ жаттықтырушының негізгі жұмыс орнында жүктемесі көбейіп, уақытының тапшылығына байланысты сүйікті шәкірттерімен қоштасуға тура келген. Содан кейін бүкіл ұжым болып, жаттықтырушы Любовь ЛИДІҢ йогасына жазылыпты. Қазір олар скандинавиялық жүріспен шұғылдануда.

Олар қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің ғылым мен техника саласының еңбек сіңірген қайраткері, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Халықаралық табиғат және қоғам академиясының академигі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Иван Тимофеевич Пакты үлгі етеді.

Ол Приморьеде дүниеге келген, бірақ 1937 жылы бүкіл отбасымен бірге мыңдаған басқа корейлер сияқты Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп, жеті жасар бала Махамбет ауданы, Чкалово ауылына қоныстанады. Содан бері ол Чкаловоны өзінің отаны деп санайды және жерлестерінің бастамасын үнемі қолдап отырады. 90 жасқа келсе де жұмысын жалғастырып, дәріс оқиды, көлік жүргізеді әрі сырбаз кавалер қалпында қалған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ түсірген және жарияланым кейіпкерлері ұсынған суреттер



2 қараша 2020, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.