Атырау, 2 мамыр 08:51
 ашықВ Атырау +23
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Медқызметкерлерге төлем жасау тәртібі тексерілді

3 053 просмотра

Бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне тиесілі үстеме ақыны негізсіз алған. Сонымен қатар, зертханалардың, функционалды және рентгенологиялық диагностика қызметкерлері, патологоанатомдар үстеме ақы алушылар тізіміне енгізілмеген.

Бұл туралы кезектен тыс отырыста «Nur Otan» облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Роман МАҚСОТОВ хабарлады.

- Жұмыс барысында министрліктің медициналық қызметкерлердің жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау туралы бұйрығына кейбір өзгерістер енгізілді. Жұмыс тобы наурыздан шілдеге дейін төлемнің тағайындалу мәселесін тексерді. Кей жағдайда тәуекел тобының санаттары мен жұмыс уақытының айлық балансы асырылып көрсетілгені анықталды. Ал зертханалардың, функционалды және рентгенологиялық диагностика қызметкерлері, патологоанатомдар тізімге мүлдем енбеген. Үйде және күндізгі стационарда КВИ-мен ауырған науқастарды емдеген учаскелік қызметтің, аудандық және ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың медицина қызметкерлеріне де төлем тағайындалмаған. Әр түрлі санаттағы жұмысшыларға төлемдер әділетсіз есептелген. Мәселен, «Береке» ықшамауданында ашылған жұқпалы аурулар стационарындағы науқастарға бақылау жасаған медицина қызметкерлері 850 мың теңгеден алды. Ал олардың бақылауында емдеуді қажет етпейтін, ауру белгілері байқалмайтын пациенттер де болды. Көп ауыртпалық түскен және науқастардың өмірі үшін күрескен №2 жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері провизорлық бөлімшелерге тиесілі, яғни, екі есе аз үстеме ақы алған, - дейді Р.Мақсотов.

Ол сонымен қатар, індет үдеген кезде жеке қорғаныс құралдарының (ЖҚҚ) жетіспеушілігінен медқызметкерлер бірнеше күн бойы жұмыс киімін ауыстыра алмағанын, бұл коронавирус инфекциясын жұқтыру себептерінің бірі болуы мүмкін екенін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровқа заң бұзушылықтарды жою туралы тапсырма берілді.

Естеріңізге салсақ, наурыз айында төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне ай сайынғы жалақыға үстеме ақы тағайындау туралы шешім қабылдады. Үстеме ақы мөлшері - инфекция жұқтыру қаупінің дәрежесіне байланысты және 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін. Ауру жұқтырған медқызметкерлерге 2 миллион теңге көлемінде, ал КВИ-дан қайтыс болған медқызметкерлердің отбасына - 10 млн теңге өтемақы төленеді.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА 

27 тамыз 2020, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.