Атырау, 27 сәуір 03:48
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Саусақтағы сақинаны шешуге де шақырады»

Сурет
4 779 просмотра


«...Ал қарапайым кілттерді минутқа жеткізбей ашамыз. Оған қысқаш пен отвертка жеткілікті». Бастапқыда сейфтер мен үй есіктерін бұзушы қылмыскер-«медвежатникпен» сөйлесіп отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Жоқ, бұл атыраулық ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел құтқару жасағының тәжірибелі құтқарушысы Нұрқуат ҚАРАҚҰЛОВТЫҢ күнделікті жұмысына қатысты айтқаны.

- Тұрғындар есік кілттеніп қалды деп жиі хабарласады. Бірақ біз тек іште бала қалып қойған кезде ғана барамыз,- дейді Нұрқуат.

- Құтқарушы жасағына мен арнайы мамандық оқып кіргенім жоқ. Бұл жерге кәмелет жасқа толғандарды физикалық дайындығына қарап алады. Өйткені, мұндағы құрал-саймандардың ең аз салмағы 7 келі, көлік апаты кезінде жұмыс жасайтын құралдардың салмағы 15-20 келіге дейін жетеді. Оны қолмен көтеріп тұрып жұмыс жасау оңайға соқпайды.

Бұл қызметте физикалық жағынан бөлек психикалық жағынан да дайын болу қажет. Өйткені судың астында немесе кез-келген төтенше жағдайда өлікпен бетпе-бет кездескенде, жастар қорқып қалады. Бірінші жұмысқа келген күні ауыр көлік апатынан адам құтқаруға барып жүрегі шыдамай, келесі күні жасамаймын деп арыз жазып, өз еркімен жұмыстан шығып кеткен жігіттер болған.

- Жедел құтқару кезінде әртүрлі жағдайлармен кездесеміз. Кейде әйел адамдар үйде жарқанат ұшып жүр, жылан кіріп кетті деп шақырады, барсақ үйінде ер адамдар да қорқып отыратын жағдайлар болады. Кейде әйелдер қолынан сақинасын шеше алмай хабарласады, оған да барып шешіп береміз. Қатты жел күндері төбелерде шатырлар немесе бағандар құлайын деген шақыртулар түседі. Біз құлайын деп тұрған төбе шатырларын алып тастап, адам өміріне төнетін қауіптің алдын аламыз. Тұрғындар құлаған ағашты өздеріңмен бірге алып кетіңдер немесе шатырды орнына дұрыстап қағып кетіңдер деп реніш білдіреді, біз құрылысшы емеспіз.



- Есте қалатын қандай жағдайлар болды?

- Мына жағдай жұмысқа енді кірген жас кезім болса да, әлі күнге есімде қалды. 2005 жылғы 25 маусым болатын. Балықшы аудандық ішкі істер бөлімінен Қызылбалық ауылында дәретханаға бала түсіп кетіпті деген қоңырау жетті. Далаға дәретханаға шыққан бала ішіне түсіп кетіпті деп қабылдадық. Ал ол жаңа туған сәби екен. Қолдарының қимылы ғана көрініп, дауысы естіледі. Біреу дәретханаға босанып, оны жасыру үшін үстіне топырақ шашып, қызыл тастар лақтырыпты. Періште қорғағандай, тастар балаға тимеген. Дәретханаға өзім түсіп, қолмен қопарып құтқаруға кірістім. Қасымда Аманжол, Ерлан  деген жігіттер болды. Баланы жоғарыға көтерсек, арғы жағында бірнәрсе тартып жібермейді. Сөйтсе баланың кіндігі кесілмеген, жолдасымен бірге жатыр екен. Үй иесі жаман күртелерін әкеліп берді, соған орап полициялар келіп алып кетті. Артынан ол баланың аман қалғанын естідік.

- Көз алдарыңызда суицид жасаған адамдар кездескен жоқ па?

- Суицид жасайтын адам құтқарушыны күтпейді. 3-4 жыл ішінде әріптестерім сондай бір оқиғаға тап келген. Көпір үстінде телефонмен сөйлесіп келе жатқан жігіт телефонды лақтырып, өзі суға секіріп кеткен. Оны тіпті алдында кетіп бара жатқан жолдас жігіті байқамай қалған. Оны құтқаруға тырыстық, бірақ судан өлі денесін шығардық.

- Табыстарыңыз қалай?

- Әркімнің табысы лаузымына байланысты. Мысалы менің құтқару бөлімшесінің басшысы ретінде алатын окладым 80 мың теңгенің айналасы. Оған түнгі жұмысымыз, үнемі дайындықта жүретініміз үшін пайыздар қосылады. Өйткені біз үйде демалып жатсақ та, 24 сағат бойы жұмыстамыз. Бізге телефон өшіруге болмайды. Төтенше жағдай бола қалса, 1 сағат ішінде киімдеріміз бен құралдарымызды алып, дайын тұруымыз қажет...

Құтқарушы қызметі әскери қызмет болмағандықтан зейнеткерлікке 63 жастан шығады. Қызметтерін полициялар мен өрт сөндірушілермен теңестірсе деген ұсыныс құтқарушылар арасында көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Арамызда жасы елуден асқан құтқарушылар бар. Қаншама жаттығу жасағанымен де, уақыт өзінікін жасайды. Ардагерлерге қиын шақыртуға шығу ауыр тиеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

30 қазан 2019, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.