Атырау, 26 сәуір 15:56
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атыраудағы қоғамдық көлік карталық жүйеге көшеді

3 116 просмотра


1 қыркүйектен бастап Атырауда қоғамдық көлік жолақысын электрондық төлеу жүйесін енгізуді жоспарлауда. Бұл туралы брифингте «Смарт Атырау» КМК директоры Әділбек ТАҢҚИЕВ хабарлады. Қалалық қоғамдық көлік паркінде қазір 27 маршрутқа қызмет көрсететін 180 автобус бар. 17 бағытқа жүретін автобустарға электрондық валидаторлар орнатылған. Басқа авткөліктерді шілденің аяғына дейін осылай жарақтандыру жоспарланған.

Жаңа төлем жүйесін енгізу арқылы қалалық билік бірнеше мәселені шешпек. Біріншіден, қоғамдық көліктің шынайы табысын көлеңкеден шығару, өйткені қаншама қаржы кондукторлар мен жүргізушілердің, автопарк басшыларының қалтасында қалатынын ешкім білмейді. Екіншіден, жолдағы ахуалды оңалту: егер жүргізушілер жолаушыларды мол жинау үшін жарыспаса, жол да қауіпсіз болар еді. Үшіншіден, «адам факторын» азайту, яғни, жолаушылар мен кондукторлар арасындағы жанжалдарды болдырмауға септігін тигізеді. Тағы бір маңызды жәйт, енді кондукторлардың салоннан оқушыларды қууға еш себеп жоқ.

Көлік карталарын пайдалануды ынталандыру үшін дифференцияланған тариф енгізіледі: картамен төлесеңіз – 80 теңге, қолма-қол ақшамен - 150 теңге. Картаны «Смарт ТКШ» арқылы алуға, өз атыңа тіркеуге және толтыруға болады. Бұл терминалдар жақын әзірде ірі сауда үйлеріндегі сату нүктелеріне және жаңа аялдамаларға қойылады. Картаның құны – 300 теңге. Әлеуметтік қорғалмаған жандар (мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы ата-аналар) үшін екінші деңгейлі банктердің бірінен тегін карта шығару қаралған. Жаңа жүйе енгізілгенімен белгілі бір топтарға арналған жеңілдіктер сол күйінде қалады: Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері тегін жүреді, зейнеткерлер 50 пайызын төлейді. Оқушылар үшін келесі тариф белгіленген – автобусқа бір күнде екі рет тегін отырады, келесі сапарларында жолақының 50 пайызын береді. Карталарды өз атына тіркеген абзал, себебі жоғалған жағдайда ішіндегі қалған балансымен бірге қайта қалпына келтіруге болады. Қазір Атырауда 12 мыңдай адам карта алып үлгерген.

Алғашқы уақытта кондукторлар жолақыны қолма-қол төлегісі келетіндерден ақша жинау үшін жолға шығады. Автобустардағы төлегісі келмейтін «қояндарды» бақылау-ревизиялық қызмет (БРҚ) қызметкерлері ұстайды. Қазірдің өзінде көлік карталары бар жолаушылар автобустарда стационарлық валидаторлардың жиі жұмыс істемей қалатынына куә болып жүр. Кондукторлардың мобильдік валидаторлары да мәселені шешпейді. Сол кезде жолақыны қолма-қол төлеуге тура келеді.

- Біз бүл жүйені өткен жылдың қазан айынан бастап енгіздік. Бұған кондукторлар мен жүргізушілердің разы емес екенін де білеміз. Кейде олар әдейі валидаторларды істен шығарады. Мұндай проблемалар Астана мен Алматыда осы жүйені енгізгенде болған. Бірақ уақыт өте жағдай орнықты, бізде де бәрі қалыпты болады деп сенеміз, - дейді Әділбек Таңқиев.

Қоғамдық көліктің жүру кестесі жөніндегі сұраққа жауап берген ол автобустар таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін жүруі керек екенін айтты. Орталық маршруттардағы автобустар жұмысын түнгі 11-ге дейін созу мәселесі талқыланып жатыр. Алайда мұны шешу қиын. Бұл жағдайда жүргізушінің жолда жүру нормативі асып кетеді де, екі ауысым шығаруға тура келеді. Атырауда «Д» санатты жүргізушілер аз. Жалақылары 200 мыңнан асса да, автобус айдауға құлшынатындар көп емес.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

12 шілде 2019, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.