Атырау, 26 сәуір 22:44
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

"Өлесің деп қорқытқан": Қостанайда желі арқылы баланы бопсалаған алаяқ ұсталды

2 500 просмотра

Қостанайда кәмелет жасқа толмаған бала алаяқтардың бопсалауынан зардап шекті. Анасы 12 жастағы баласының "ВКонтакте" желісінде алдаудың құрбаны болғанын айтып, полицияға арызданған, деп хабарлайды өңірлік "Алау" басылымы.

"Алаяқ ұлымды "егер ақша аудармасаң, отбасыңды құртамын, өзің де өлесің" деп қорқытқан және бұл жайлы ешкімге тіс жармауды қатаң ескерткен. Қысымға ұшыраған ұлым 2 300 рубльді (13 064 теңге) Киви әмиянға аударып, тіпті ол туралы маған айтуға да қорыққан", - дейді қостанайлық әйел.

Алайда, алаяқ мұнымен тоқтамай, баламен қайта байланысқа шығып, ақша талап еткен.

"Бұл жолы ол 10 000 рубль аударуды талап еткенде, ұлым мән-жайды айтып берді. Бірден полицияға арыз жаздым. Мамыр айында болған оқиғаға күдікті бопсалаушы жақында ғана табылғанын хабарлады",- дейді жәбірленушінің анасы.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл фактіні растап отыр. Қазіргі кезде аталған іс "алаяқтық" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Полицейлер баланы бақылауда ұстау керектігін айтады

Полицейлердің хабарлауынша, пандемия кезінде интернетпен байланысты қылмыс саны өскен. Жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 500-ден астам жағдай тіркелген. Ал өткен жылы дәл осындай уақытта 300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген.

"Сеніп қалатын, аңғал азаматтар аз емес. Алаяқтар азаматтардан ұсақ тауарларды сатып алудан бастап, шотынан ақша шешіп алуға дейін алдайды. Сонымен қатар олар интернет арқылы сенімге кіріп, кәмелетке толмағандардан ақша алатын фактілер де бар. Ата-аналар баласы қолданатын желілерді мұқият бақылап, олардың әңгімесінен де хабардар болып жүруі тиіс", - дейді полицейлер.

Сондай-ақ, олар ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін атап өтті.

11 тамыз 2020, 12:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.