Атырау, 21 мамыр 02:30
 ашықВ Атырау +19
$ 443.72
€ 482.28
₽ 4.90

Қайырымды балықшылар

5 340 просмотра

Жексенбі күні жалғызбасты зейнеткерлер «Балықшы балықшыны алыстан таниды» қайырымдылық акциясы қатысушыларынан жаңа ауланған балық пен дорба толы азық-түліктерді сыйға алды.

«ААА» еріктілері мен Фейсбук Атырау қолданушылары бастамашылық жасаған акцияға дайындық бірнеше апта бұрын басталған еді. Еріктілер түрлі балық аулау құралдарының артықшылықтары мен кемшіліктерін белсенді талқыға салды. Акцияны ұйымдастырушылардың бірі, тәжірибелі балықшы Ришад ДОСАМАНОВ қармақты қандай дүкеннен алу керек, жемге не салу керек деген сияқты сұрақтарға жауап берді.

16 ақпан күні таңғы сағат 9-да ұйымдастырушылар мен ең белсенді балықшылар орталық көпір астындағы мұз үстінде тұрды. Бұл жер жиналу орны үшін қолайлы болғанымен, балық дұрыс қақпайды екен, сондықтан да еріктілер тобы Балықшыға, фин асханасы тұсына қарай орын ауыстырды.

Кімнің қанша аулағанын ешкім санаған жоқ, ауланған балық ортақ шелекке салынды. Біздің көзімізше Ришад үкіден үлкен қаракөз шығарды. Галина ЧЖЕН шығарған тыран балық өте ұсақ болғанмен, қыздың қуанышында шек жоқ: өміріндегі алғашқы аулаған балығы екен.

Тәжірибелі балықшылардың көмегімен бірталай нәзік жандылар қолдарына қармақ ұстады. Акция туралы әлеуметтік желіден естіген Азиза НАЗАРОВА балық аулауға алғаш рет шығып, бірнеше тыран балық ұстады. Қармақтары жоқ адамдар өздерінше көмек көрсетті – олар ыстық тамақ пен сусындар әкелді. Барлығы да керемет көңіл-күйде болып, бірнеше сағат қас қағымдай өтті де кетті. Бұл уақытта қыздар мен жігіттер екі шелек балық аулады. Балықтар кімге арналғанын білген басқа балықшылар да өз олжаларымен бөлісті. акцияға қатысуға үлгермеген бір қалалық арнайы базарға барып, зейнеткерлерге қаракөз, сыла және сазан сатып алып келді. Еріктілер балықпен шектеліп қалмады, олар қарт адамдарға арнап, басқа да азық-түліктер сатып алды.

Шаршаған, алайда өз істеріне риза болған еріктілер түстен кейін балық пен азық-түлікті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген мекенжайларға таратты. Бұл жерде де оларға үй иелеріне кімдер екенін, мекенжайды кім бергенін түсіндіру үшін біраз тер төгуге тура келді. Зейнеткерлер  тек «әлеуметтік бөлім» сөзінен кейін ғана сыйды қабыл алып, алғыстарын білдіріп жатты.

Қарт адамдардың қандай қиын, таршылық жағдайда өмір сүріп, аурудан кейін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж болып отырғанын көрген қалалық жас жігіттердің бірі бірнеше осындай жандарға үнемі қамқорлық жасап тұрамын деп шешім қабылдады. Ол өз бетшесіне былай деп жазыпты: «Бір-екі жұмада паб/бар/клубқа бармай, осы мұқтаж адамдарға кез келген адам көмектесе алады. Біз үшін болмашы сияқты болып көрінетін шығындар - біреулер үшін тамақ пен дәрі-дәрмек».

Міне, балық аулау осылай өтті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 ақпан 2014, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.