Атырау, 21 мамыр 02:30
 ашықВ Атырау +19
$ 443.72
€ 482.28
₽ 4.90

Хақ жолы

5 359 просмотра

Атырауда сәләфилер туралы спектакльдің премьерасы өтті

Облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының репертуары «Хақ жолы» атты спектакльмен толықты. Бұл - елімізде дін тақырыбындағы тұңғыш спектакль.

УАХАБШЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Пьесаны жазған театрдың басшысы әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАН (суретте), сахналаған да өзі. Cпектакль діни теріс ағымдарға түскен жастар туралы, осының кесірінен орын алған отбасының қайғы-қасіреті, мемлекетке төнген қауіп-қатер жайында.

...Араб елдерінің бірінен оқуын бітіріп келген Сәбит үйіне оралады. Ол отбасындағы жалғыз ұл. Анасы оның келуін тағатсыздана күтті.

Отбасының бұл қуанышын атап өтуге қонақ шақырылып, дастархан жайылған еді. Алайда, бірнеше жыл жат елде жүріп, радикалды діни көзқарасты ұстанған ұлының қылығы ата-ананың қуанышын су сепкендей басты. Сәбит үшін ата-анасының сөзінің беделі жоқ. Ол дастархан басына отырудан бас тартады.  Дастархан үстінде рөмке соғыстырған үлкендердің іс-әрекетін сынап, арақты «харамға», әруақтарға бағыштап жеті шелпек пісірген анасына да «бұл дұрыс емес» деп, ол ісін «бидғатқа» шығарады. Осы жерде қонақтар арасында кикілжің туады. Соңы ұлына қатты кейіген әкенің оны үйден қуып шығуымен тынады.

Туған үйінен біржола кеткен Сәбит өзінің «бауырларына» барып қосылып, жарылыс ұйымдастыруға қатысады.

Ал ұлым келген соң емделемін деп жүріп, ауруын асқындырып алған ананың қайғысына оның үйден кетіп қалуы жамау болып тиеді. Әйелінің еміне ақша іздеген әке үйді сатуға мәжбүр болады.

Келесі көріністе Сәбит түрмеден бір-ақ шығады. Камерада бірге жатқан жасы егде тартқан ер адам туған әке-шешесінен безініп, бөгде біреулердің сойылын соққан оның көзқарасын қанша уәж келтірсе де, өзгерте алмайды. Ал басқа камерада жатқан сотталғандар түн болса, Сәбитті топ болып тепкінің астына алуды әдетке айналдырған. Сонда камераласы Сәбитті аяп, араша түседі.

Камераласына іші жылыған ол бұлардың өзіне неге өшігіп жүргенін сұрайды. Бұл Сәбиттің «бауырлары» кезінде олардың әке-шешелерінің бейіттерін қиратып, талқандап кеткендері үшін кек алып жүргендері белгілі болады. 

Өзін аяусыз ұрып-соғуға қарсылық білдірген Сәбит мұны әділетсіздікке теңеп, камера есігін ұрып, айқай-шу шығарады. Соның есесіне түрме тәртібін бұзғаны үшін карцерге қамалады. Сол кезде оған өзі оқуда жүргенде қайтқан атасы елестейді. Атасы да оның таңдаған жолы теріс екенін, бейіттерді қиратуға болмайтынын еске салады. Кейін әңгіме имам мен дін істері басқармасының маманымен жалғасады. Осы тұста Сәбитке Құраннан аят келтіріп, адасу жолында жүргеніне көз жеткіздірген имам шейхы келтірген сөзіне қарсы уәж келтіреді.

Кейін дін істері басқармасының маманы құдайдай сенген шейхтарының сөзі мен ісі бір-біріне қайшы екенін айтып, олардың жастарды белгілі бір саяси идеологияның құралы ретінде пайдаланатынын жеткізуге тырысады. Сол кезде барып Сәбиттің көзі ашылады... Түрмеден шыққан соң отбасын құрып, әке атанады. Бірақ өзін бірнеше жыл тағатсыздана күткен ана ұлының хақ жолына түскенін көре алмастан көз жұмады.

Айта кету керек, пьеса авторы мәселенің екінші жағы да барын айтқысы келеді. Спектакльде орта жастағы ер адамдардың қарапайым «ас қайыру» батасын білмейтінін көрсетіп кетеді.

 

ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН КЕЙІПКЕРЛЕР

Бас режиссер әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАНБас режиссер әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАН- Кейбір той-томалақтарда, отырыс-жиындарға барғанда, «мен кезінде осынша арақты төңкеріп едім» деп мақтанып, соны дәреже ретінде көретіндерді кездестіріп қаламыз. Ал қазіргі жастардың, керісінше, арақ-темекіден тартынып, иман жолына бет бұрып жатқандары қуантады. Тек қоғамға іріткі салатын теріс ағымдарға ермесе екен дейміз, - дейді А.Ықсан.Ол өзі де діндар адам, намаз оқиды. Авторға дін тақырыбындағы мәселелер бойынша облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек ШОХАЕВ кеңес беріп отырған. Пьеса жазу туралы идеяны облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН айтқан. А. Ықсан бұл тақырыпты жазуға қолдау білдірілмесе, бұл дүние сахнаға қойылмас та еді дегенді айтады.

- Билік тарапынан бұл тақырыптың көтеріліп, сахнаға шығарылуына айтарлықтай көңіл бөлінбесе, ол қазіргідей сұранысқа ие болмас еді. Халық арасында үлкен резонанс тудырмас еді, -дейді А.Ықсан.

Айтпақшы, бүгінде облыс басшылығының шешімімен бұл спектакль қала мектептерінің оқушыларына тегін көрсетілетін болды.

Сәбиттің рөлін Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Музыка Академиясын актер өнері және режиссура кафедрасының театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған актер Нұрбек СЪЕЗХАН сомдаған болатын. Ол кейіпкерінің бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқандығына байланысты образға ену аса қиын болмағанын айтады.Сондай-ақ, спектакль премьерасын тамашалауға келгендердің қатарында жастар көп болды. Оқиға желісі ширыққан кезде салқынқанды кейпіммен көрермен залын бір шолып қарап едім, әр жерінен мұрындарын қорс-қорс тартып, үнсіз жылаған дыбыстар естіледі... Шамасы, спектакль ерекше әсер етіп жатқан болуы керек. Шынында да спектакльге келген әрбір жан осыған ұқсас жағдайларға кезігіп те жүрген болар. Сәләфилік бағытта жүргендер біздің Атырауда көп қой. Біздің әрқайсымыз экстремистер қатарына кеткен туысымызды немесе танысымызды еске түсіруіміз мүмкін. Қалай десек те, бұл жарылыстар мен атыстар бізде болды ғой.

Айтпақшы, автор бізге пьесаға тағы бір кейіпкерді қосқанын айтып өтті. Бұл террористердің араларында пайда болатын арнайы агент («жансыз»). Спектакльдің келесі көрсетілімі жаңа нұсқада ақпанның 13-і күні Махамбет атындағы драма театрында өтеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

30 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.