Атырау, 19 мамыр 13:11
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Мұнда малдың қанша екенін ешкім білмейді

2 419 просмотра

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ басшылығымен өткен селекторлық кеңесте ауылшаруашылық саласындағы ахуал талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым РЫСҚАЛИЕВ баяндама жасады. Оның айтуынша, 2013 жылы ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 44,9 млрд теңгені құрады, бұл 2012 жылға қарағанда 12%-ға артық. Мал өсіру бойынша бұл сан 30,8 млрд теңгені (1,5% өсім), көкөніс өндіру бойынша 13,7 млрд теңгені (3,4% өсім) құрады. Жыл ішінде мал басы азайды: ірі қара 2,3%-ға, қой мен ешкі 5,1%-ға, түйе 5,7%-ға төмендеді. Өткен жыл ішінде осындай жиналыстарда мал басының азаюының басты себептері ретінде бұрынғы әкім кезінде жиі қолданылған мал басын санауда сандарды артық көрсету айтылған еді. Тағы бір себеп – бруцеллез бен барымта.

2013 жылы мал шаруашылығын субсидияландыруға 327 млн теңге бөлінді. Алайда малшыларға көрсетілген осы көмектің пайдасы тек Құрманғазы мен Индер аудандарында көрініп отыр.

2012 жылы асыл тұқымды мал өсірумен 12 шаруашылық айналысты, ал өткен жылы бұған тағы 10-ы қосылды. Облыста асыл тұқымды мал көп емес: 54,8 мың қой, 1,25 мың жылқы, 961 түйе. 2013 жылы асыл тұқымды мал өсіруді субсидияландыруға екі бағдарлама бойынша 138,7 млн теңге бөлінді.

Мал шаруашылығындағы тағы бір маңызды бағыт - малды бірегейлендіру. Малдарды нөмір жазылған сырғамен және электронды чиптермен белгілейді. Бүгінде 684 мың мал басы бірегейлендірілді, алайда компьютер қорына тек 299 мыңы енгізілген. Яғни, мал дәрігерлерінің «біздің назарымыздан бірде-бір мал басы тыс қалмайды, біз малды кіргізу мен шығаруды компьютер арқылы бақылап отырамыз» деген сөздеріне күмәнмен қарауға болады.

Бірегейлендірудің баяу жүруінің басты себебі ретінде облыстық әкімдік аудандарда кадрлардың жетіспеушілігін айтады. 15 мал дәрігерінің орны бос тұр. Халық та өз малын бірегейлендіруге асықпайды – салықтан қорқады.

2013 жылы өткен жылға қарағанда егін алқабы 755 гектарға артып, 5 978 гектарды құрады. Егін науқанының қорытындысы бойынша, 51,6 мың тонна көкөніс, 17 мың бақша дақылдары, 13,5 мың тонна картоп, 367,1 тонна жеміс-жидек жиналды. Диханшылар тұқым себу және ору жұмыстарына, жеміс-жидектер өсіруге, минералды тыңайтқыштар алуға, сумен қамтуға субсидия алды. 2014 жылы жеміс-жидек бақтарының ауданын тағы 55 гектарға арттыру жоспарлануда. Тамшылатып суару технологиясы 11 шаруашылықтың 413 га жерінде қолданылады, биыл мұны 653 га-ға арттыру көзделіп отыр.

Қазір ауыл шаруашылығы басқармасы шаруашылықтардан минералды тыңайтқыштарға, тұқымға, сумен қамтуға өтінімдер жинауда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына маусымдық жұмыстарға тарту үшін 658 Өзбекстан азаматына квота енгізу туралы хат жіберілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

23 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.