Атырау, 26 сәуір 11:36
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қазанатты түлетейік!

8 488 просмотра

Алдымыздағы Жылқы жылы біздің өңірде ат спортын дамыту үшін табысты болғалы тұр. Біріншіден, бұрын хабарлағандай, келер жылы Талқайраң ауылында ипподром салынбақ. Екіншіден, жақында Атырауда ұлттық ат спорты клубы ресми түрде ашылды. Облыстық ат спорты федерациясының төрағасы, «Құлагер» шаруа қожалығының жетекшісі Өнербек ЖАНБАЛА тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті: қазір клуб жанынан «Көкпар» командасының құрылғалы жатқанын айтады. Бұл ұлттық ойын ат үстіндегі ұрыстың шарттарына көбі-рек жақын. Осыны ескере отырып, біздің жігіттер Жошы ұлысы, Ноғай және Қазақ хандығының дәстүрін жалғастырушылардың жауынгерлік рухын көрсетеді деп үміттенеміз.

 

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

- Клуб жанында ұлттық спорт мектебі жұмыс істейді. Онда жастарға аударыспақ, теңге алу және басқа да ұлттық ат спорты ойындарын үйретеміз, - дейді Өнербек аға. - Сондай-ақ, саятшылар клубын ашпақпыз. Осы ұлттық өнер түрлерін үйренем деген жастарға есігіміз ашық. Дәл қазір әр ауданнан ұлттық клубқа мүше болуға мықты деген бір-бір шабандоз спортшыны шақырып отырмыз. Олар «Көкпар» командасының құрамына кірмек. Командамыз келер жылы елімізде өткізіліп жүрген «Көкпар» республикалық турниріне қатыстырылмақ. Айтуға ұят, бірақ бұрын Атыраудан бірде-бір ат жарысқа қосылған жоқ! Енді жағдай өзгереді.   

- Ал ипподром жайлы не айтасыз?

- Бұл Қазақстандағы халықара-лық деңгейдегі алғашқы иппод-ром болмақ. Онда аймақаралық, республикалық, халықаралық ат жарыстары, аламан бәйге өткізіліп, көкпар тартылады деп отырмыз. Тотализаторсыз ипподром болмайды, сондықтан,  бәйгеге қосылған әр атқа бәс тігіледі.

 

ҚАЗАНАТТЫ КӨКСЕУ

Өнербек Жанбаланың негізгі бірінші мамандығы - кардиолог дәрігер. 1978 жылы Ақтөбе қаласынан емдеу ісі бойынша медицина институтын тәмамдаған. Мамандығы бойынша Атырау облыстық ауруханасына жұмыс істеп, сонда кардиология бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген. Кейін өзінің жанына жақын сүйікті ісі – жылқы шаруашылығын қолға алған.

- 2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Онда үлкен атжарыс өткізілетін болып, Қазақстанның әр өңірінен, көрші мемлекеттерден аттар шабатын болды. Мұндай намысты додада Атыраудан ат қосылмаса, ата-бабаларымыздың алдында сын болатын болды. Содан 2002 жылы Ресейден, Кавказдан аралап жүріп, ат әкеліп, жарысқа қостық. Үмітіміз ақталып, бас бәйгенің біріне ие болдық. Ат баптау, міне, содан басталды, - деп әңгімелейді Өнербек аға.Бүгінде «Құлагер» шаруа қожалығында 20 шақты жылқы бар. Олардың көбі Ресейден әкелінген ағылшын, араб тұқымдары.

Ағылшын, араб жылқысы төзімді, шыдамды келеді. Ол ұзаққа шабады. Біз сол жылқыларды қазір қазақ тұқымды жылқыларымен будандастырып жатырмыз.   Өйткені, уақытында селекция жүргізілмегендіктен баяғы батырлардың жауынгерлік аты саналған қазанаттарымыздың тұқымын жоғалтып алдық. Кейін көбі мініске жарамсыз, шабысқа да жоқ, жүріске де жоқ, тек соғымға арналған жабы жылқылар пайда болды. Бәйгенің аттары екі айналса, олар бір айналғанға шаршап қалады. Ал біреулер бәйгеге біздің қазақ атын неге қоспайды деп ренжіп жатады. Бірақ, ол бәйге алмаса, қайтеміз?  

...Кейде біреулер мініске жарамды аттарды білмей, соғымға деп сатып жатады. Сол сияқты кеше ғана сатуға шығарған атты көріп қалып, жабыстым. Өзі нағыз бәйгеге тартатын ұзын мойын, құйма тұяқ, кеудесі кең ат екен. Осылайша бәйгеге қосатын аттарды кез келген жерде іздеп, сұрастырып жүргеніміз.

 

ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ

Өнербек ЖАНБАЛАӨнербек ЖАНБАЛА«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ол атбегілік өнерден бөлек, күйшілік өнерді жанына медеу етті. Жергілікті музыкасүйер тыңдарман арасында композитор ретінде де танылып жүр. Жақында Атырауда өткен концертте «Дүние дәурен, дүлдүлім» күйі оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды.

- Иә, кейде күйбең тіршіліктен шаршағанда қолыма домбыра алып, музыка әлеміне еніп кетемін. Мен домбырада ойнауды алтыжасымда үйрендім. Институтта оқып жүргенде халықтық ұлт аспаптар оркестрінде солист-домбырашы болдым.

Оның «Айқоңыр» күйін сәтті шыққан дүние деуге болады. Бұл күй еліміздің түкпір-түкпірінде өткен аламандардан төрт жыл қатарынан бірнеше мәрте бас бәйге алған ұшқыр атқа арналып шығарылған. Бұл төлқұжаты бойынша таза ағылшын тұқымды жылқысы. Өкінішке орай, Айқоңыр қазір аламаннан аластатылды, себебі аяғынан жаралы.

- Жарыстарда жарақат алып, шабуға жарамай қалған аттарды емдетіп, одан құлын алуға ұстап тұрамыз. Қазір Айқоңырдың құлындарын жарыстарға қатыстырып жүрміз. Биыл бәйгеде шапқан бір құлыны бірінші орын алып қуантты. Қан тартады деген осы ғой! Келесі бір мықты атымыз - Лашын  қара жорғамыз. Ол еліміздің батыс өңіріндегі барлық төрт облысында да бас бәйгені алып келе жатқан жүйрік атымыз. 

- Жылқы ұстау табысты кәсіп пе?

- Әрине, олай емес. Әйтпесе, табыс әкелгіш болса, Атырауда мұндай қожалықтар көп ашылар еді, ал бұлар санаулы ғана. Ірі шаруа қожалығының өзі үшеу-ақ, солардың бірі менікі, қалған екеуі Қайыржан БАЛЖІГІТОВ пен Төкен Танайұлы ЖҰМАҒҰЛОВҚА қарайды. Сондықтан бұл - ең алдымен пайда үшін емес, ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыттырмай, соны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатымен қолға алынған іс. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.