Атырау, 26 сәуір 13:16
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Оқушылар тағамынан үнемдеуге болмайды»

6 107 просмотра

7 қарашада  облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ білім беру басқармасының басшысы Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВҚА білім және ғылым министрлігінің тендер негізінде жеткізушісі анықталатын қызмет тізімінен мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруді ұйымдастыруды алып тастауға қол жеткізуге тапсырма берді.

Б. Сәрсенғалиевтың айтуынша, облыста жалпыға білім беретін 195 мектеп бар екен. Онда 96 043 бала білім алады. Солардың ішінде:  1-4-сыныптың 42 050 оқушысы және аз қамтылған отбасының 5 915 балалары бар.

– 2012 жылға дейін мектептерде ыстық тамақ беру көңіл көншітпейтін. Тек 172 мектеп асханамен және 13 мектеп буфетпен жарақталған еді. Асханалардың көпшілігінің ыстық тамақ әзірлейтін жабдықтары болмады. Газ плиталарын, кастрюльдер мен басқа да заттарды сатып алуға өткен оқу жылында облыстық бюджеттен 285 млн теңге бөлінді. Осы қаржыға 162 мектеп тиісті жабдықтарды сатып алды. Содан кейін 1-4 сынып оқушыларын және аз қамтылған отбасының балаларын әрі қарай тегін ыстық тағаммен қамту үшін 935 млн теңге бөлінді. Өткен ғасырдың ортасында салынған облыстың ескі 10 мектебінде асханалар жоқ. Ол жерге балалар үшін ыстық тамақ апарылады. Тағы 11 мектеп асханалары кеңейтуді және буфеттерді асханаға қайта жарақтауды қажет етіп отыр. Таяу 2-3 жылда облыста мектеп асханаларының жетіспеу проблемасы толықтай шешіледі, – деп уәде берді Б. Сәрсенғалиев. – Штаттық аспаздармен 50,7% мектеп қамтылған. Қалғандарында асханалар кәсіпкерлерге жалға берілген. Азық-түліктер сапасы бақылауға алынған, кәсіпкерлерде азық‑түліктердің шығу сертификаттары мен оларды тасымалдайтын көліктің санитарлық төлқұжаттары бар. Оқушылардың тағамына бір ыстық тамақ, нан немесе пирожки, жеміс-жидектер, шай (немесе  компот, шырын, сүт) кіреді. Аптасына үш рет ас мәзірі өзгеріп тұрады.

Б. Сәрсенғалиев тендер бойынша мектептерде ыстық тағам беру қызметін көрсететін мекемелер деген ұғымның мектеп тағамының сапасын нашарлатуға әкелуі мүмкін екендігін мәлімдеді. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заң бойынша, тендер жеңімпаздары ең төменгі бағаны ұсынушы ғана бола алады. Алайда балалардың денсаулығына үнемдеуге болмайды. Сондықтан бұл жағдайда бұл норма тиімсіз. Білім және ғылым министрлігіне тиісті хат жолданды. Облыс әкімі Б.Сәрсенғалиевтың дәлелдерін дұрыс деп атап, одан бұл істі соңына дейін жеткізетіндігі туралы уәдесін алды.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігіне үкіметтің білім беру мекемелерінің штаттық бірлігі туралы қаулысына ыстық тағам әзірлеу жөніндегі диетологтар мен технологтарды енгізу өтініші жазылған хат жолданған.  

Содан кейін депутаттар алдында облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН сөз алды:

– Санитарлық ережелер бойынша мектеп асханалары жоғарғы дәрежелі тәуекелділік нысандарына жатады. Сондықтан тоқсан сайын тексерілуі тиіс. Жыл басынан бері 94 мектеп асханасы тексерілді, оның 65-інен санитарлық ережелердің өрескел бұзылғандығы анықталды. Осы мектептердің жауапты тұлғаларына жалпы сомасы 2,5 млн теңге шамасында 128 айыппұл салынды. Көріп отырсыздар, мектеп асханаларының бәрі бірдей, соның ішінде кәсіпкерлер жалға алған асханалар жоспарлы тексерумен қамтылмаған. Себеп мынада, жоспарлы тексерулер тізімі ҚР Бас прокуратурасының сайтында жылына екі рет – тамыз бен ақпанда жарияланып тұрады. Мектептегі ыстық тағамды ұйымдастырумен айналысатын кәсіпкерлерді тексеруді күтіп жүргенде оқу жылы аяқталып қалады да, тамыз айында олардың ізі деп қалмайды.

Басталған оқу жылында тендер нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің 55-і ауысқан, яғни, бұл мектеп асханаларында жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің жартысынан көбі. Олардың көпшілігі мерзімдері сәйкес келмегендіктен тексерусіз қалған.

Депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, Ө. Зинуллин өткен оқу жылында және биылғы оқу жылының басында мектеп асханаларында улану жағдайларының орын алмағанын хабарлады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 қараша 2013, 23:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.