Атырау, 26 сәуір 06:24
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Елтайдың соңғы солдаты

3 661 просмотра

Үш жүзге жуық түтіні бар Елтай ауылында Екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі жалғыз қарт солдаты тұрады. Ол ‑ Үмбет ТАСҚАРИН.

Жарты ғасыр болған қарт жауынгердің үйі құламай әзер тұр екен. Өткен жылы үкімет тарапынан берілген үш жүз мың теңге ескірген үйдің жыртығын жамауға да жетпепті. Сол соғыстың көзі тірі жалғыз куәгеріне жағдай жасай алмай отырғанда осы Қазақстанның байлығы қайда кетіп жатыр деп налисың. Әлде «қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей немқұрйлылық, жоқ енжарлық па. 

Бір ғажабы, солдат баспана туралы әңгіме қозғаған жоқ. «АЖ» тілшісінің баспанаға қарап, көргені еді. Лашық үйде тұрған Жиренше шешеннің кейпін кисе де жылдар жетегі және сол сұрапылдың салған тән жарасы қарт жауынгерді шаршатып тастапты. Суыртпақтап отырып Үмбет қарттың басынан кешкенін жазып алдым.

Фашистік Германия елімізге соғыс ашқаннан‑ақ қиындықтар қатты сезілген. Жарылған бомба мен ысқырған оқтан алыстау жатса да қазақ ауылы, соның ішінде Индер ауданында жағдай мәз болмады. Қару ұстауға жарамдылар түгел соғысқа аттана бастады, ауылда шүпірлеген бала, кемсеңдеген қарттар, жүздері сынық солдат жесірлері мен гүл ата бастаған бойжеткендер қалып еді. 1940 жылы Доссордағы училищеде оқып жүрген Үмбет ағай оны 1941 жылы мамырда бітіріп шығады. Сағыздағы мұнай өндірісінде жұмыс жасап жүргенде Ұлы Отан соғысы басталғанын естіген ол сол заматта‑ақ майданға аттануды ойлаған. 1942 жылы 9 тамызда көппен бірге соғысқа аттанады. Осыдан кейін‑ақ қым‑қуыт күндер басталған болатын. Қызыл Армия жауынгері Үмбет Тасқарин Свердловск қаласының маңында кіші командирлер дайындайтын курстан өтіп, кіші сержант атағын алып шығады. Осыдан кейін‑ақ 16‑шы Армияның 97-дивизиясының 136-полкінің қатарында жүріп, Батыс майдандағы Калинин және Смоленск бағыттарындағы ұрыстарға қатысады. Взвод командирінің жәрдемшісі бола білген Үмбет ағай сол жылдардың ащы дәмін еске алып өтті.

‑Соғыста көптеген селоларды азат етуге қатыстық. Қан майданның ортасында жүргендіктен өлім мен өмірмен сан беттесуге тура келген. Сол кездерде жастық па, жоқ патриоттық рухтың күштілігі ме, өлімнен қорыққан жоқпыз. Ал майдан даласы сендер кинодан көргендей асты‑үстіне түсіп жататын. Жарылған, ысқырған мина, снаряд, бомбалар, қарша бораған оқтардан көз ашпай, көк түтіннің ортасында жүріп, фашистке деген ыза‑кектен тек алға ұмтылуды, жерімізді азат етуді ойлайтынбыз. Әсіресе Духовчина қаласы маңындағы болған ұрыс әлі көз алдымда. Қаншама жауынгерден айрылдық, сол боздақтардың ішінде көкөрім жастар көп болатын,‑дейді Ү.Тасқарин ауыр күрсіне. 

Ол кеуде соғып, майдан туралы көп жырлағысы келмейді. Қанша жылдар өтсе де өткенді ұмыту мүмкін емес қой. 1943 жылдың 23 қыркүйегінде Смоленск қаласын азат етуде аяғынан ауыр жарақат алады. Киров қаласындағы госпитальде бір жылдай емделген Үмбеақаң екінші топтағы мүгедек атанып, елге оралады. Елде жүдеу тіршілік қалыптасқан. Жарақаты жанына батса да ол ауылдағы қиын жұмыстарға белшешпей араласқан. Сөйтіп жүріп кейін өзінің төл жұмысына айналған есепшілікті кәсіп етті. Бұл елге келгесін бір жылдан соң соғыс та біткен. Қиындыққа қарамастан Алматыдағы екі жылдық есепшілік курсты бітіріп те алады. Осы мамандығын өмірлік серік еткен Үмбет ағай Амангелді атындағы совхозда бас есепші болып жұмыс жасаған болатын. Өмірлерінің ең қимас жастық шақтары сол қиын кезбен тұстас келіп еді. 

Жұбайы Оңай екеуі бірнеше бала тәрбиеледі. Бүгінде сыңарынан айрылған аққудың күйін кешкен қарт жауынгер қызы Жаңылсынның қамқорлығында. Ауданның Құрметті азаматы атанып, бірнеше медальдерді өңіріне тағып еді. Сексеннің жетеуіне жеткен қарт жауынгер елде тыныштық болса деп тілейді. Бүгінде Жеңістің 66 жылдығы тойлануда. Басқа мерекеден гөрі бұл күнді ерекше құрметтейді. Үйіне дастархан жайылып, майданда шейіт болған боздақтарды, одан қалса үзеңгілес болған, бүгінде өмірде жоқ жауынгерлерді еске алатыны бар. Қанша жыл өтсе де соғыс салған жүректегі жара жазылар ма...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 мамыр 2011, 19:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.