Атырау, 10 мамыр 09:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Жігері жасымаған жігіттер

4 505 просмотра

Міне, мен олармен Соқырлар қоғамының кітапханасында әңгімелесіп отырмын. Мені жылы қарсы алған жастары әртүрлі жігіттермен әңгімеміз көңілді басталды. Мына өмірдің түрлі түсті кереметін көзбен көре алмағанмен, шын жүректерімен сезініп, түйсігімен ұғына біледі.

 

БОЛАШАҚ ЗАҢГЕР АЙБЕК

Көңілді, күлдіргі әңгімелерімен адамды өзіне бірден баурап алатын Айбек ИДАЯТОВ туғанынан зағип екен. Алматыда, кейін Батыс Қазақстандағы арнайы мектепте білім алған Айбек қазір Атыраудағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде білім алуда.

 – Мен колледжге оқуға түскім келіп, құжаттарымды тапсыруға бардым. Сол кезде маған: «Қиын болмай ма? Оқу процесіне үлгере аласың ба? Сен өзіңе сенімдісің бе?» деп сұрақ қойғандар болды. Оқуға қабылдану үшін маған білім басқармасына жолығуға тура келді. Мен өзіме сенемін, сондықтан оқуға қабылдандым, қазір 2 курсты аяқтадым. Болашақ мамандығым – заңгер, мүгедек жандардың құқығын қорғайтын боламын. Сонымен қатар, бос уақытымды тиімді өткізгім келеді, спорттық жарыстарға қатысамын, әрине, бірден жеңіске жету оңай шаруа емес, мен қазір тәжірибе жинап жүрмін десем, дұрысырақ шығар. Интернетті көп пайдаланамын, жалпы компьютермен жұмыс жасаймын.

Айбек қазіргі таңда мүгедек жандар арасындағы республикалық шығармашылық конкурсқа дайындалу үстінде екен. Алдымен облыстық іріктеу кезеңі өткізіледі, сосын республикалық конкурс болады. Бұрындары да түрлі байқауларға қатысып, дипломант атанып жүрген жеткіншектің алар асулары әлі де алда екеніне сенімдімін.

 

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АМАНГЕЛДІ

Амангелді ЕШИМОВПЕН мен телефон арқылы алдын ала келіскен болатынмын. Сол кезде мен оның дауысынан ерекше бір мейірімділікті сезінген едім. Шынымен де, оның өте қарапайым әрі сыпайы екендігін бірден байқадым.

- Мен өмірге денім сау болып келдім. Мектепте оқыдым, техникумды тәмамдадым. 24 жасымда көз тамырларым ауырып, зағип болып қалдым. Міне, содан бері 13 жыл өтті. Әрине, басында қиындықтар болды. Кейін үйрене бастадым. 2004 жылдан бері  осы Соқырлар қоғамының кәсіпорнында матрас цехында жұмыс жасаймын. Жұмысшылардың барлығы өзім сияқты зағип жандар, біздер тағдырласпыз.

Ол анасының қайтыс болғанын, содан бері жалғыз өзі тұратынын айтып өтті. Туған апасы бар екен, ол шақырғанмен, Амангелді өзі тұрғысы келеді екен. Қиыншылықтардың бәрін өз күшімен жеңгісі келеді. Тіпті күнделікті үй жұмысын өзі-ақ тындырады – тамағын пісіреді, кірін жуады.

 – Үйленіп, отбасын құрғым келеді. Әрине, бізді кез-келген жан түсіне бермейді, шыдамы жетпейді. Мен өзімді сыйлайтын, жанымды түсінетін, өмірде өзіме серік болатын жанды кездестіретініме сенемін. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Соңғы оқығаным - Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары». Керемет кітап. Бос уақытымда компьютерде отырамын, ізденемін. Сіз зағиптар кітапты қалай оқиды, компьютерді қалай пайдаланады деп түсінбей отырған шығарсыз, біздерге арналған арнайы бағдарлама бар, біздер бәрін дауыс арқылы тыңдаймыз. Ұялы телефондарымыз да солай.

Көзі көрмегенмен, Амангелді мүгедек жандар арасында өткізілетін спартакиадалар мен жарыстардың белсенді қатысушысы. Бірнеше жылдан бері республикалық жарыстарға да қатысып жүр. Еліміздің бірнеше қалаларын аралап, жеңістерге де қол жеткізді. Соңғы рет мамыр айында Таразда өткен республикалық спартакиадаға қатысып, 200 және 400 метр қашықтыққа жүгіруден қола медаль алып келді. Тек осы жолы оны қынжылтқан тұстар бар екен:

- Өкінішке орай, біздің жолсапарымыз толық төленбеді. Осы мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Екінші бір мәселе – пойызға билет  біздерге вагонның бүйір жағынан алынған, ол зағиптарға үлкен қиындық туғызды – жүргендер аяғымызды тапап, жерге түсіп кеткен заттарымызды алу қиындық туғызды.

Дойбымен 2012 жылдан бері айналысып жүрген Амангелді маған дойбы ойнауға ұсыныс тастады. Бала кезімізде ойнағанымды есіме түсіруге тура келді, дегенмен көптеген жарыстардың жеңімпазынан бірден ұтылып қалдым. Зағип жандар дойбыны қалай ойнайды дейтін шығарсыздар, олардың тақтайшаларындағы ақ шаршылар ойылып жасалған, ал дойбы тастарын бедерлеріне қарап ажыратады.

 

РОМАНТИК БЕКБОЛ

Мен оны ән айтып, дайындалып жатқан жерінен кездестірдім. Өз ісіне өте бір терең ойлылықпен, жауапкершілікпен қарайтыны көрініп тұр. Әңгімесі де жас бала емес, көпті көрген үлкен адамның түсінігіндей сондай салмақты.

 – Ән айтқанды жаным сүйеді. Ерекше толқимын. Қазір мен де жарысқа дайындалып жатырмын. Жеңіске жетем деп ойлаймын. Мен үмітімді ешқашан үзбеймін. Армандарым да көп. Мәселен, жанұялы болсам деймін. Қазіргі уақытта қызым болмағанмен, болашақта өзіммен тағдырлас, жанымды сезінетін аруды кездестіргім келеді. Асықпаймын, мен күтемін, бақытты боламын... -  деп аяқтады сөзін Бекбол.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.