Атырау, 10 мамыр 14:03
 ашықВ Атырау +13
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Мұрагердегі» пұл-бала

4 929 просмотра

«Ешкімнен ештеңе сұрамаңдар, әсіресе, өздеріңнен күштілерден. Олар өздері ұсынады және өздері береді». Атырау базарлары мен вокзалдарындағы қайыршы балалар булгаковтік Воландтың осы ұстанымына қарама-қайшы пікірде өмір сүреді.

«Мұрагер» базарының маңында мүгедек арбасында отырып, қайыр сұрап жүретін 11 жасар баланы жұрттың бәрі біледі. Алайда ол туралы мәліметтері әр қилы – жөн сұраған әр адамға бала сәби санасына тән емес әр түрлі оқиғаларды айтады екен. Әр оқиға алдыңғысынан қорқынышты.

 

«МЫНА ӘПКЕ МЕНІ ҮНЕМІ СОҒАДЫ»

Бізге осы бала туралы айтқан, Привокзальныйда тұратын мейірімді жан Салтанат баланың қол жайған кір қолына үнемі уыстап тиын салып кетеді екен. Алайда сәл кідіріп, бала туралы сұрап-білуге жақында жылап отырғанын көргенде ғана бел буыпты.

- Мен тоқтап, не болғанын білуге тырыстым, - дейді Салтанат. –Шыжыған күннің астында отырған бала көзі ауырып отырғанын және шөлдегенін айтты. Ол бір уыс тиын ұсынып, күн көзілдірігі мен су сатып алып беруді өтінді. Әрине, мен ақша алмастан, сұрағандарын өзім алып бердім... Оның сөзінен анасының жақында өлгенін және оны әпкесі тәрбиелеп отырғанын ұқтым. Күн сайын таңертең ол баланы мүгедек арбасымен осы жерге қойып кетеді екен. Түскен барлық ақшаны өзі салып алады. «Егер мен аз тапсам, ол мені сабайды»,- дейді бала. Жан-жағына алақтай қараған бала полицияға хабарлап, әпкесін қамап, өзін біреу асырап алсын деп өтініш білдірді. Біраз әңгімелескеннен кейін, бала сабасына түсіп, он шақты қадам жерде әркімге салмақ өлшеуді ұсынып тұрған «әпкесін» де көрсетті. Мені көрген соң, ол таразысын алып, белгісіз жаққа жоқ болып кетті.

 

ПҰЛДЫҢ АНАСЫ

...Бала орнында отыр екен. Өзіне деген адамдардың назарына үйреніп қалғаны соншалық, менен, қолымдағы блокнотымнан еш қорықпады. Тіпті оған өз атын әзірбайжанша жазып та берді. «Пұл» деген сөз секілді естіледі екен. Бала пластмасса ыдыс ішінен бір уыс тиын алып, кірпіктерін қағып жіберіп, сайрай жөнелді:

- Менің аяқтарым, арқам ауырады... Әкем қаза болған. Полиция шақырыңызшы. Самса сатушы, мына оңбаған, мені үнемі соғады...

Сөз арасында айта кетсек, 25-тер шамасындағы жас жігіт өз дүңгіршігіне кіріп кетіп, терезесінен қорқа-соқтап қарап қояды.

- Сіз шынымен оны соғасыз ба?

- Қой, ол өтірік айтады. Маған ол өзін анасы біреуге бір шөлмек араққа сатып жіберген деп айтқан...

- Сенің анаң қайда? – деп сұрадым баладан.

- Анам ана жерде тұр. Аты – Мәдина. Бала саусағымен көрсеткен жаққа қарап, сол «таразыдағы әпкені» көзім шалды. Осы уақытқа дейін ол біздің жаққа дегбірсізденіп қарап тұрды. Мен оны бірнеше рет шақырғаннан кейін ғана қасымызға келді.

- Мынау сіздің ұлыңыз ба?

- Иә, менікі. Ол - бала кезінен бері мүгедек. Мен не істей аламын. Күйеуім өліп қалды. Мен небары 30 жастамын, бес балам бар,- деп сұрақтарыма немқұрайлы жауап берді ол. – Бәрі де кішкентай, тамақ тауып беруім керек. Сіздер полициядансыздар ма? Не айтып тұрсыз!? Мен баланы еш уақытта қорламаймын! Мен оны үнемі көлеңкеге қоямын... Ал келесі айда Ташкентке емделуге барамыз. Иә, біз осылайша бірлесіп тапқан ақшамызбен өмір сүреміз. Ол анам өліп қалды деді ме? Сен солай айттың ба?! Жарайды... Сізге бізден не керек? Оның диагнозы қандай екенін мен қайдан білейін? Ол аяғын баса алмайды, болды. Біз пәтер жалдап тұрамыз... Балалар? Иә, қалған балалар үйде... Сізге не керек? Көмектескіңіз келе ме? Неге? Иә, менің ұялы телефоным бар... Бізді жайымызға қалдырыңызшы.

 

ҚАБЫЛДАҒЫШТАН ҚАБЫЛДАҒЫШҚА

Кімдікі шын, кімдікі өтірік, біздер ақыры анықтай алмадық. Жанымызда айран, сүт сатып тұрған сатушы фототілшіден және менен жын көргендей, тез-тез жиналып, қашып кетті.

Жағдайға аз да болсын түсінік алу үшін біз Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына (КБО) хабарластық. Облыстық ІІД-нің кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі инспекциясы ұйымдастырған рейдтер нәтижесінде ұсталған жағдайы нашар отбасыларының қаңғыбас балалары, жас қайыршылар осында әкелінеді.

- Бұл балалардың көпшілігі, негізінен, Қазақстан азаматтары емес, - деп түсінік берді КБО директорының міндетін атқарушы Жанаргүл ХАЛЕЛОВА (суретте). – Сондықтан да құқық қорғау органдарының көз қырында қалған жағдайда да оларға елдеріне депортациялағаннан басқа еш нәрсе жасай алмайды. Бұл да жұртшылықтың көп шағымдануынан кейін ғана жүзеге асады. Бұл баланың жанында анасы бар, сондықтан да... Рейдтердің кезінде де мұндай балаларға көп тиіспейді, өйткені жақын маңда міндетті түрде ата-анасы болады. Біздің орталыққа 2013 жыл басталғалы басқа елдерден 30 бала, ал 2012 жылы 42 бала келіп түсті. 2012 жылдың аяғында бізге 10 жасар бала келіп түсті. Тергеу барысында оның Өзбекстаннан Алматыға анасымен келгені, кейіннен анасының қайтыс болғаны анықталды. Атырауға оны жасанды құжаттармен алып келген. Өлген анасының досы оны тәрбиелеуге қолына алады. Алайда жаңа отбасында сол үйдің туған ұлымен келісе алмай, кетіп қалады. Баланы кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекция қызметкерлері тауып алып, бізге алып келді. Мұндай жағдайларда біз прокуратураға хабарлап, ол келген елдің елшілігіне сұраныс салып, туыстарын іздейміз. Егер ондайлар табылмаса, түптің түбінде ол өз отанындағы осындай КБО-ларға тап болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.