Атырау, 14 маусым 01:10
 ашықВ Атырау +33
$ 451.38
€ 487.22
₽ 5.14

«Бір тракторды әкелу құны 7 млн теңге»: Сенатор утиль алымын алып тастау туралы мәселе көтерді

310 просмотра
Фото: freepik.com

Сенат депутаты Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасы үшін утиль алымын алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттың айтуынша, жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін кәдеге жарату алымының мөлшері тым жоғары. Соның кесірінен шаруалар техниканы жаңартпай, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануға және үнемі жөндеуге мәжбүр.

«2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жаңа техника үшін ескірмей жатып, кәдеге жарату төлемін алу ешқандай логикаға сыймайтын нәрсе емес пе?», - дейді Бектаев депутаттық сауалында.

Сенатор техника шығаратын кәсіпорындардан алдын ала алымын төлеттіріп, артынан субсидия ретінде қайтарып беру тәсілін де түсінбей отыр.

«Мемлекеттің бір қалтасынан алып, екінші қалтасына салғанның орнына экологиялық міндеттемелерді толық кәсіпорындардың өздеріне жүктеп,  утиль алымынан босатуға болмай ма? Жалпы, ауылшаруашылығы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса ұтылмайды деп ойлаймыз», - деді депутат.

Оның айтуынша, еліміздегі ауыл шаруалары пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажеттігін ескерсек, қазіргі кезде егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспейді.

«Ал ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын 4,5 % ғана жаңарады. Олай болса, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек болады», - деп мәлімдеді Бектаев.
16 мамыр, 14:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.