Атырау, 18 мамыр 00:53
 бұлттыВ Атырау +18
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Атырау облысының ауыл шаруашылығында құлдырау байқалады

568 просмотра

Өңірде су тасқынына байланысты көктемгі егіс науқаны кешіктіктіріліп басталды. Жалпы қазіргі ахуал нешік? «АЖ» тілшісі көктемгі егіс барысына шолу жасап, дала еңбеккерлерімен тілдескен болатын.

Облыс бойынша 350 шаруашылық пен жеке секторлардың күшімен 10825 гектарға түрлі дақыл егіледі деген жоспар бар. «Көктемнің әр күні - жылға азық» деген ұстанымда алқаптарда жұмыс басталып кеткен. Жер жырту, дақылдар егу, көшет отырғызу жұмыстары қолға алынған. Күні бүгінде 10620 гектар жер жыртылса, қалған 205 гектарын осы мамыр айында аяқтау көзделіп отыр. 740 гектарға түрлі дақылдар, оның ішінде картоп 40 гектарға (2150 г), көкөніс 200 гектарға (3050 г), мал азығы дақылы 450 гектарға (жоспарлы 4225 г) егілген, жұмыс жалғасып жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұдан басқа мәліметі бойынша, көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 450 трактор, 330 ауыл шаруашылығы машиналары мен су насостары жұмылдырылған.

Шаруашылық құрылымдарының сұранысына сәйкес Атырау облысы бойынша 2024 жылға шетелдік азаматтарды егістік жұмыстарына тарту үшін 800 квота бөлінген, өткен жылмен салыстырғанда жүз адамға артық. Жалпы егістік сала бағытында 4 бюджеттік субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 446,207 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде су жеткізу қызмет шығынына 345,693 млн, тыңайтқышқа 75,121 млн, пестицидтердің құнына 5,4 млн, тұқым алуға 19,993 млн теңге субисидия қаралған. 

- Көктемгі дала жұмыстарына 28 шаруашылық 133 тонна дизель отынына сұраныс берген. Қазіргі таңда дизель отынын жеткізуші оператор ЖК «Таңжаров М. И.» анықталып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 литрін 250 теңгеден жеткізетін болып келісілді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егін шаруашылығын дамыту бөлімінің бастығы Азат ҚАПАНОВ. - Сонымен бірге 2228,7 тонна картоп, көкөніс, бақша, мал азықтық дақылдар тұқымы Атырау қаласындағы «BIO TECHNO», «Агро-Әлем» ЖШС мен Ресейдің Астрахань, Волгоград қалаларынан сатып алынып жатыр. Тыңайтқыш мәселесі де шешіліп келеді. Осы жылға 1200 тонна тыңайтқыш қажет. 57 шаруашылық «ҚазАзот» АҚ-нан 703,75 тонна аммиак селитрасын сатып алуға келісім жасаса, теміржол арқылы 250 тоннасы жеткізілді.  

АУДАНДАРДА

Құрманғазы ауданы бойынша биыл 56 шаруа қожалығы 667 гектарға көкөніс, бақша дақылдарын егуді жоспарлаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда егіс көлемі 240 гектарға күрт кеміп кеткенін көрсетеді.

- Ауданда егін шаруашылығының кенже қалуы су тапшылығынан туындап отыр. Шарон өзеніне мол су келіп тасығанымен тез кері қайтып кетеді, судың қандай мөлшерде қалатынын дөп айту мүмкін емес. Сол себептен шаруашылықтар егіс көлемін ұлғайта алмайды, әсіресе егін пісерде су жетпей, алқаптарда қуаңшылық орын алып, еңбектері зая кететіні бар. Кейбір шаруашылықтардың тәуекелі жетпей отырғаны сондықтан. Бір сөзбен айтқанда, басқа аудандардағыдай бізде үнемі суға толып тұратын каналдар жоқ. Жалпы су мөлшері мамырдың 10-ынан кейін белгілі болады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар МУФТАХ. 

Махамбет, Индер аудандары тауар өндірушілері қызу жұмыста. Тұқым ғана емес, көшет отырғызуды да бастап кетті. Жалпы Индер ауданы бойынша «Вдадимир», «Асыл-Агро», «Шаңырақты», «Мол», «Адлет» шаруашылықтары 200 гектардың жер өңдеу жұмыстарын өткен жылдың қазан, қараша айларында жүргізді. Бүгінде «Асыл- Агро» ШҚ пияз, картоп, «Слава» ШҚ 30 гектраға пияз себу жұмысын аяқтаған. Қарбыз, қауын тұқымының көшетін отырғызу да қолға алынған. Жалпы аудан бойынша 112 мигрантқа сұраныс берілді.

- Бірнеше жылдан егін егумен айналысып келеміз. Біз бір ай бұрын егіс басына келдік. Күні бүгінде қауынның көшеттерін отырғызып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, жұмыс қолы керек, науқандық жұмысты Елтай, Аққала ауылы адамдарының күшімен атқарып жатырмыз, - дейді Индер ауданы «Владимир» ШҚ басшысы Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВА.            

Жылыой ауданында өткен жылы шаруашылық егістікпен айналысты. Биыл аудан көлеміне қарғын судың мол келуі салдарынан екі шаруалық зардап шеккен.

- Көп жерді су алып кетті. Егіс көлемі күрт азайды. Былтыр 270 гектар игерілген еді, биыл 50 гектар көлемінде егіс алқабы болады деп күтіп отырмыз. Дегенмен «Аман-Есен» мен «Нұрбек» шаруа қожалықтары егін егу қамына кірісті, - дейді ауданық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ. 

Қызылқоға ауданы бойынша 170 гектар егіс алқабы болған еді. Биыл қанша гектарға егін егілетіні белгісіз. Өйткені биыл өр суы мол келіп, далалықта жердің көп бөлігі су астында қалды. Ол қашан тартылып, құрғайды, кебеді, белгісіз. «Бұрынғы алқаптар су астында тұрғандықтан мынадай гектраға егін егіледі деп нақты айту қиын» дейді аудан әкімдігі. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 сәуір, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.