Атырау, 4 мамыр 03:27
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

АҚШ-тың жаңа көмегі Украинадағы соғысты қаншалықты өзгертуі мүмкін?

260 просмотра

Сурет: Reuters

Сенбіде АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Украинаға 61 миллиард долларлық көмек пакетін мақұлдады деп жазады Іnbusiness.kz. Бұл жәрдем Ресейге қарсы соғыста Киев үшін нені білдіреді деген сауалға қысқаша жауаптар төмендегідей:

АҚШ қайта жіберетін қару Украинаға қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

Украина өткен жылдың аяғында АҚШ-тың әскери көмегі іс жүзінде тоқтағалы, Ресей агрессиясына қарсы күресті әрең жалғастырып келеді. Киев, әсіресе, артиллерияның жетіспеуінен зардап шегіп отыр. Оның әскерлері ақпан айында Донбасстың Авдеевка қаласын тастап кетуге мәжбүр болды және қазір Часов Ярда үлкен қысымға ұшырап жатыр. Бұл қала Мәскеудің бақылауына өтетін болса, ресейліктер Донбасста Киевтің қарамағында қалған үш қала – Константиновкаға, Краматорскке және Славянскке жақындауы мүмкін.

Ресей күштері Украинадан артиллериялық шайқаста басым түсіп отыр. Снаряд тапшылығы проблемасының өткірлігі сонша, кейбір украин зеңбірекшілері ресейліктерді қорқыту үшін түтіндеткіш снарядтарды атуға мәжбүр.

Сонымен қатар, Украинада әуе және зымыран қорғанысы жетіспей отырғандықтан, оның бейбіт тұрғындарына қауіп төніп тұр. Ресей Украина электр станцияларын агрессивті түрде нысанаға алып, наурызда Харьков облысында сол станциялардың екеуін, сәуірдің басында Киевтің оңтүстігінде тағы біреуін күйретті. Осының салдарынан 1,3 миллион тұрғыны бар Харьков қаласында электр қуаты тәулігіне бірнеше сағатқа беріліп, электр жүйесіне, әсіресе, алдағы күзде және қыста үлкен салмақ түседі деген алаңдаушылық  туындап отыр.

Америка қаруы майдан даласына қашан жете бастайды?

Жұма күні Пентагон шенеуніктері мәлімдегендей, Сенат Украинаға көмек пакетін ратификациялағаннан кейін және сол құжатқа президент Джо Байден қол қойғаннан кейін бірнеше күн өткенде, Украинаға жіберілетін көмектің бастапқы легі дайын болады. Болжамдарға қарағанда, Сенат Киевке жәрдем туралы заңды сейсенбі күні дауысқа салады. Оның нәтижесі шығысымымен әзір болатын алғашқы пакетке артиллерия мен әуе қорғанысы кіруі мүмкін. Кейбір оқ-дәрілер қазірдің өзінде Еуропада жинақталып тұр және олар бір-екі аптадан кейін Украинаға жөнелтілмек.

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Андрей Загороднюктің сөзінше, әуе қорғанысы жүйесінің көптеп келуі және жыл соңында Киевтің америкалық  F-16 жойғынш ұшақтарына қол жеткізуі Ресейдің әскери ұшақтарын Украина аспанынан толық ығыстырады.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, қазіргі 61 млрд долларлық қолдаудың қандай да бір әсерін сезіну үшін біраз уақыт қажет. АҚШ армиясының Еуропадағы бұрынғы қолбасшысы Бен Ходжес "біз ұрыс даласындағы елеулі өзгерісті көргенге дейін бірнеше апта өтуі мүмкін" дейді. Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің ойынша, Ресей шығыс майданда басымдығын нықтай түсу үшін асығыс шабуылдарға кірісіп, әуе шабуылдарын да күшейтуі ғажап емес.

Еуропа қаруы қашан жетеді?

Еуропа елдері Украинаға қолдау көрсету үшін өздерінің әскери-өнеркәсіптік базасын қайта құрып жатыр. Бірақ қимылы баяу. АҚШ-та кейбір оқ-дәрілерді, мысалы, артиллериялық снарядтарды өндірумен мемлекеттік компаниялар айналысады. Ал Еуропа мемлекеттері бұл мәселеде жеке фирмаларға сүйенеді және олармен келісім-шарт жасасу көп уақытты қажет етеді.

Бірақ АҚШ Украинаны қарумен қамтамасыз ете ме деген алаңдаушылық Еуропада белсенділікті арттырды. Чехияның бастамасымен бейтарап елдерде жиналып қалған қордан 300 мыңдай артиллериялық снаряд сатып алынды. Оның алғашқы партиясы Украинаға маусым айына дейін жекткізілуі керек. Германия бір апта бұрын Киевке Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін сыйға тартатынын жарияласа, Нидерланды осы "пэтриоттарды" Украинаға тікелей бергісі келмейтін елдерден сатып алуды ұсынып отыр.

Америкалық көмектің соғысқа ортамерзімдік әсері қандай болуы мүмкін?

Ресей де қазір қорғаныс шығындарын ұлғайтып отыр. Кейбір деректерге жүгінсек, РФ әскерге жұмсайтын қаржы мөлшерін ЖІӨ-нің 7,5%-на дейін жеткізген және ұрыс даласында инновациялар енгізіп жатыр. Мәскеу украиндардың майдан шебін талқандау үшін қашықтықтан дөрекі әрі өлімге әкелетін және әуеден ұшырылатын бомбаларды көбірек қолдана бастады. Сонымен қатар, украин сарбаздары өздеріне қарсы ұшқышсыз ұшақтардың саны артып келе жатқанын айтып отыр. Ресей майдан даласында адам күші жағынан да басым. Сол артықшылықты Мәскеу ауыр қару-жарақпен бірге пайдалана білді.

Кейбір сарапшылар Украина 2024 жылы ұрыс даласындағы позициясын өзгертеді деп есептемейді.

"Ең бастысы, бұл қаржыландыру Украинаның биылғы позициясын тұрақтандыруға және 2025 жылы операцияларға дайындықты бастауға көмектесуі мүмкін", - дейді "Руси" әскери сараптама орталығының зерттеушісі Мэттью Савилл Британияның "Гардиан" газетіне берген сұқбатында.

Адам күші Киев үшін адам тапшылығы да үлкен проблема.

"Украина осалдығының ең басты қайнар көзі – жауынгер жетіспеушілігі. Оның әскеріне бүкіл майдан шебінде ресейлік күштерді тоқтату үшін жаппай кадрлар легі қажет", - дейді Польшадағы Rochan әскери консталтингтік компаниясының директоры Конрад Музыка.

Бірнеше айға созылған пікірталастардан кейін Украинада мобилизация туралы заң қабылданды. Зеленский сәуірдің 16-да қол қойған бұл құжат мамырда өз күшіне енеді. Оның мақсаты – әскерге шақыру процесін тез, ашық және тиімді ету.

Украина әскери барлау қызметінің өкілі Андрей Юсовтың дерегінше, ел территориясының 18 пайызын басып алған Ресейдің Украинада 450-470 мың құрлық әскері мен 35 мың ұлттық гвардияшысы соғысқа тартылып, әуе күштері мен теңіз флоты да жекелеген операциялар жүргізіп жатыр.

23 сәуір, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.