Атырау, 27 сәуір 16:29
 ашықВ Атырау +20
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Мұғалімдер​ №30 мектеп бұзылса, жұмыссыз қаламыз деп қорқады

627 просмотра

Бүгін, 26 наурыз күні №30 мектептің 60-тан астам мұғалімі Атырау қалалық білім бөлімінің алдына жиналып, мектеп-гимназия бұзылса, жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаушылық білдірді.

Олардың айтуынша №30 мектеп биыл 1 наурыздан бастап бұзылады деген қаулы шыққан. Мұғалімдер алаңдаушылық білдірді: оның орнына қайтадан мектеп салынады, мұғалімдердің штаты сақталады деген ешқандай құжат алмаған. 

Мектептің барлық мүлкін басқа мектептерге таратып берген. Мектепте әлі күнге ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Қазіргі уақытта оқушылары төрт мектептің ғимаратына бөлініп оқып жатыр. Мұғалімдер де сол жерлерде сабақ береді. 

"Біздің қауіптенетініміз 2 айдан соң оқу жылы аяқталысымен мектепті таратып, оқушыларды осы мектептерге бөліп тастауы мүмкін. Сол кезде мұғалімдер жұмыссыз қалады. Біз осы мәселенің анығын білу үшін бұған дейін де жиналғанбыз. Мектеп жабылмайды, №30 мектеп қайтадан салынады деп сендіргенмен, құжат жүзінде мектептің бұзылатынынан басқа қаулы жоқ", дейді мұғалімдер. 

Жаңа оқу жылы басында №30 мектепте 2000-нан астам оқушы болса, қазір көп ата-ана балаларын басқа мектептерге ауыстыру үшін шығарып алған. Мұғалімдердің сөзінше, бүгінде мыңнан астам оқушы қалған. 

- Біз мектептің жабылғанын қаламаймыз. Қалалық білім бөлімінің басшысымен кездесуде ұжымға неге бұйрықты көрсетпейсіз деп сұрадық. Мектептің оқушылары тоқсан сайын азайып, тең жартысы басқа мектептерге ауысып кеткенін жеткіздік. 4 тоқсаннан кейін қалған оқушылар да тағы басқа мектепке ауысып кететін болса, мұғалім сағатсыз қалады деген мәселені көтердік, - дейді №30 мектептің мұғалімі Индира ҚАСАНОВА

"АЖ" Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВАҒА хабарласып, мұғалімдерге қандай жауап берілгені жөнінде нақтыладық. 

«№30 мектеп гимназиясын бұзу жөнінде қаулы шықты. Құжаттары заңды тәртібімен жүзеге асады. Жаңа мектеп құрылысы жүреді. Құрылыс аяқталғанға дейін оқушылар жақын маңдағы мектептерден оқытылады» деді Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы.

Айтпақшы, ұстаздар ұжымның сақталатынына, мектептің де жабылмайтынына ауызша сендіргеннен кейін кетіп қалды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

26 наурыз, 23:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.