Атырау, 27 сәуір 16:02
 ашықВ Атырау +20
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жедел жәрдем фельдшерлері жүкті әйелді босандырды

641 просмотра

23 наурызда Құрманғазы аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері Аманқос Нұрлыбеков пен Назгүл Құлбаева Ақкөл ауылында 23 жасар келіншекті үй жағдайында босандырып алды. 

Белгілі болғандай, әйелдің жүктілігі 34-35 апта. Оның 2-3 күннен бері іші ауырып жүрген. Кеше таңертең мерзімінен бұрын толғағы басталып, ішінің ауырсынуы күшейген соң “103” қызметін және учаскелік дәрігерлерді шақырса керек.

«Жедел жәрдем» бригадасы жеткенше жергілікті мейірбикелерге пациентті үй жағдайында босандыруға тура келген. 

– Сол әп-сәтте №48 бригада мүшелері де шақырту орнына жетіп, жүкті әйел сала мамандарының көмегімен сағат 12:05-те босандырылды. Дүниеге ұл бала келді. Мерзімінен бұрын босанғасын шақалақтың салмағы 2,1 келі, бойы 51 см болды. Анасының да жағдайы қанағаттанарлық. Олар бригаданың көмегімен аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілді. Кейін ақ халаттылардың шешімімен медавиация шақыртылып, әуе көлігінің кешқұрым уақытқа байланысты ұшу мүмкіндігі болмағандықтан, олар санитарлық автокөлік арқылы облыстық перинатальдық орталыққа жеткізілді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Нұридинқызы. 

Оның айтуынша, абырой болғанда «жедел жәрдем» қызметкерлері мен мейірбикенің жылдам әрі жүйелі әрекетінің арқасында бала аман-сау дүниеге келген. 

– Біз оқиға кезінде еш сасқан жоқпыз. Өйткені бұған дейін де жүкті әйелді үй жағдайында босандырып алып жүрміз. Бұл дерек – он жылдық тәжірибемде тіркелген үшінші босандыру, олардың барлығы қауіпсіз атқарылды. Бірақ соған қарамастан, болашақ аналарда күтпеген жағдайларды болдырмау үшін пациент «103» қызметіне мүмкіндігінше ертерек хабарлауына кеңес беремін. Олар жергілікті учаскелік дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы қажет. Алыс сапарға шыққанда да мейлінше дәрігеріне ескерткен жөн. Өйткені ана мен баланың саулығына қашан да атүсті қарауға болмайды, – дейді фельдшер А.Нұрлыбеков.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 наурыз, 23:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.