Атырау, 27 сәуір 17:37
 ашықВ Атырау +20
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жазушы Хайдар Байзақов: «Мен уақыт пен дүние ағысында қатар жүземін»

803 просмотра

Хайдар Байзақов қызықты шығармаларымен ғана емес, кітаптарын насихаттау тәсілімен де назарымды аударды. PR стратегиясы нәзік, әзілмен құрылған. Әйгілі адамдардың пікірін, жақын достарының әңгімесін, отбасы туралы әңгімелерді, мемдерді шебер біріктірген: еріксіз тартылып, оның әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылай бастайсыз. Енді міне, «Застолье с визирями», «Большое и малое безмолвие», «Пасынки степи», «Сарайшык» туындыларын оқып отырғаның.

– Хайдар, біз әлеуметтік желіде таныстық, шығармаларыңызды өте сауатты насихаттайтыныңызды байқадым: кітаптарыңызға пікірлерді, шығармашылық кештер туралы мәліметтерді, оқырмандармен кездесулерді көрдім. Стратегияны өзіңіз жасайсыз ба, жұмыс барысында не нәрсеге назар аударасыз?

– Мен мұны еш жерден үйренген жоқпын. Әдебиетке бір-екі жыл бұрын ғана келдім. Көп нәрсені өзімше жасадым, өйткені кітаптарды қалай сауатты насихаттау керектігін білмедім. Бұл тұрғыда мен Америкаға келіп, Ұлы депрессия кезінде шарап сата бастаған француз миллионеріне ұқсаймын. Халық кедей болды, сатып алу қабілеті жоқ болды. Бірақ ол байыды. «Қалай» деп сұрағанда, ол: «Мен ағылшын тілінде оқи алмадым, сондықтан мен бұл сауданың ең нашар уақыты екенін білмедім» деп жауап берген. Дәл осындай жағдай менде де болды – ештеңе білмей әрекет еттім. Яғни, кейде бүкіл процестің күрделілігін білмеу, түсінбеу тіпті көмектеседі екен. Көп кәсіпкер ұзақ жолға шығу үшін қандай білім қажет екенін алдын ала білсек, алғашқы қадам жасамас едік дейді. Міне, мен де жолға шықтым, дамып жатырмын, әлденелер ұсынамын. Мұның бәрі жұмыс істеп, нәтижесін беріп жатыр.

Бірінші кітабымды жазған кезде оны басып шығару қажет болғаны есімде. Жергілікті «Forbes тізімін» қарап шығып, мәдениет пен шығармашылықты қолдайтын меценатты таңдаған соң онымен кездесуге бардым. Ол әлеуметтік желідегі аккаунттарымды көрсетуді өтінді. Менің ол жерде жоқ екенімді білген соң, өзіңді еш жерде жоқпын деп есепте, сені ешкім танымайды деді. Сөйтіп парақшалар ашып, пост жаза бастадым, жаңа туындыларды жарнамалап, өзімді қызықты жазушы ретінде ұсынып, кітаптарымды танымал адамдарға жібердім, олар оқып, ұсыныстар жазды. Бұрын бұл қызметтерді Жазушылар одағы атқарып, кітаптың белгілі бір таралымына кепілдік беріп, Мәдениет сарайларында шығармашылық кештер ұйымдастыратын. Қазір әркім өзін өз бетінше насихаттайды, интернеттің арқасында мен қазір Атырауда ғана емес, бүкіл Қазақстанға танымал болдым.

– Мұнай саласында мол тәжірибеңіз бар, күрделі жобадағы жұмысыңыз бен жазушылық талантыңызды, ой ұшқырлығын, нақты шекті мерзімдерді, кітап жазуға деген ұмтылысыңыз бен кітап шығару мен насихаттау қажеттілігін қалай сабақтастырып жүрсіз?

– Мұнай-газ саласында жүргеніме 20 жылдай болды. Тәртіп мен үшін бос сөз емес, еңбек пен шығармашылықты араластырмаймын. Әйтпесе, жұмыс есептерінде «ымырт үйірілді, күз келді, құбырлардан қара алтын ағып жатыр...» деген лирикалық ноталар пайда болуы мүмкін.

Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 7-ге дейінгі жұмыс күндері толығымен жұмысқа арналады, тіпті менің жақындарым да жұмысқа беріліп кететінімді білетін болған соң, осы уақыт ішінде қоңырау немесе смс арқылы мазаламауға тырысады. Ал кешкі уақытымды отбасыма арнаймын. Таңертең ерте, сағат 5-тен бастап жұмысыма және отбасыма зиян келтірмей, шығармашылығыма арнай алатын уақыт осы. Бағыма орай, отбасым мені қолдайды және демалыс күндері кабинетімде отырған кездерде алаңдатпайды; жақында әйелім маған өз ойларымды жазып алу үшін диктофон тарту етті.

– Кітап шығару – оңай нәрсе емес. Осы тұста көп жазушы сүрініп жатады. Айтыңызшы, баспаларыңызды, баспаға қаражатты қалай тауып жатырсыз? Бұл жазушыға мұнай саласын ұмытып, шығармашылықпен айналысатындай табыс әкеле ме? Әлде мұнай саласында сізді ұстап тұрған нәрселер бар ма?

– Маған қыңырлығым, батылдығым, әзілқойлығым көмектеседі. Сәтсіздіктер қайрайды. Егер меценаттардың тоғызы бас тартып, бір демеуші мені қолдаса, мұны тамаша нәтиже деп санаймын. Қалжыңдап, менің шығармашылығыма қаржы салсаңыз, өкінбейсіз, есіміңіз менің атыммен қатар тарихта мәңгі қалады деп сендіремін. Мен кәсіпқой емеспін, бірақ кейбір маркетингтік әдістерді қолдандым. Мысалы, өзімнің алғашқы кітаптарымда: «Міндетті түрде оқыңыз, мұнда сіз туралы айттым» деген ұсыныстарды жаздым. Адамдар сенді, сатып алды, кітап беттерінен өздерін іздеді. Таппай, сұрағымен хабарласқандарға мұны келесі шығармамда келтіремін деп уәде бердім, – деп күледі Хайдар. – Жазушылық табысқа келетін болсақ, ол қалағанымдай көп емес. Мысалы, Борис Акунин өз қаламақысына Англиядан үй сатып алып, осы қаражатқа өмір сүре алады. Егер біреу туындыны экранға түсіру құқығын сатып алмаса, Қазақстанда мұндай нәрсе мүмкін бе, білмеймін. Әзірге кітап сатудан түскен қаржыны әйелім мен қыздарымның күнделікті шығынына, косметикасына беремін. Мен үшін шығармашылық материалдық игілік емес, өзін-өзі таныту тәсілі. Достарым бастан кешкен кейбір жағдайларды танып, кітаптағы кейіпкерлерден өздерін көріп, сол сезімдерді қайта бастан өткерсе, бұл мені қатты қуантады. Бәлкім, мәселе бәрімізге жақын тақырыпта: махаббат, қимастық, қайғылы тағдыр, өмірімізде кездесетін барлық нәрсені жазатынымнан шығар.

Мұнай саласынан кету ойымда жоқ. Менің бүкіл саналы ғұмырым, институттан кейінгі қызметім мұнаймен байланысты. Мен осы салада біліктілігімді арттырдым және менің білімім мен тәжірибем әлі де пайдалы болады деп ойлаймын. Бұл жерден достарымды, тамаша адамдарды, нағыз кәсіби мамандарды таптым, біз үнемі араласып тұрамыз. «Застолье с визирями» кітабында мұнай саласына арналған тарау бар және онда сипатталғанның бәрі өмірде болды, досым әңгімелеп берген еді. Шығарма жарияланғаннан кейін көптеген атақты, өте тәжірибелі мұнайшылар мұнай әлемінде мұндай жағдайлар болып тұратынын растады. Ауызша әңгімені қайталап айтқан кезде шынайы сезім тудыратындай етіп қағазға көшіру де қабілет деп ойлаймын және мұны мақтан тұтамын. «Большое и малое безмолвиеде» де мұнай тақырыбы қозғалады және бәрі нақты оқиғаларға негізделген.

– Кітаптарыңызда көбі достарыңызға ғана байланысты емес, жеке өміріңізге қатысты да жайттар көп кездеседі деп ойлаймын?

– Жеке өмірімде болып жатқан оқиғалардың көбін парақшаларымнан табуға болады. Әрине, негізінен бәрі жақсы әрі позитивті. Іс жүзінде соншалықты мінсіз емес (күлді). Әртүрлі жастағы адамдармен доспын, жолым болғыш адаммын деп ойлаймын, олардың әрқайсысы өз тәжірибесіне және өз заманына сүйене отырып, әртүрлі ойлайды. Аға буын достарымның әңгімелері қызықты болғаны соншалық, оларды бірнеше рет қағаз бетіне түсірдім. Ал жастар жаңа кітаптар үшін салмақты тақырыптарды ұсынады. Маған олардың сезімдері мен ойлары бір кездері басымнан өткен кезең сияқты көрінетін. Бірақ жаңа уақыт өзіңдікімен салыстыруға келмейтін жаңа тәжірибелерді тудырады екен.

- Әр уақытта адамдар үшін үлкен дилеммалардың бірі – жұмысқа деген уақыт пен басқа нәрселерге арналатын уақыт арасындағы тепе-теңдікті табу. Сондай-ақ сізде бірнеше қызмет түрлері және жеке өміріңіз бар - отбасы, балаларды тәрбиелеу, достар, спорт. Айтыңызшы, жұмыстағы кәсіпқой, табысты жазушы, қамқор жар әрі әке ролін қалай қатар алып жүрсіз?

- Бағалағаныңызға рахмет. Шындығында, мен ондай жақсы емеспін, мен де қателіктер жіберемін, бұл дұрыс, бастысы - оларды түзету. Қатар алып жүру оңай емес, бірақ жасап жатқан нәрсенің бәрін жақсы көремін. Жұмысқа келгенде, жұмысыма толығымен еніп кетемін. Үйге қайтқанда телефонымды әрі қойып, әйелім мен балаларымды құшақтаймын. Спорт залында 100 пайызға жаттығамын. Қазіргі уақытта не істеп жатқаныма назар аударамын – бұл менің басты ұстанымым.

- Пандемия кезінде көпшілігі өзін-өзі дамытуға кірісті, тілдерді үйренуге тырысып, жаңа хобби меңгерді. Сіз кітап жаза бастадыңыз - бұл сізге энергияңызды көбейтуге және белгілі бір дәрежеде жақын адамдарыңыздан айырылған қайғыңызды жеңілдетуге мүмкіндік болды ма? Жазушылықтан не іздедіңіз? Шығармашылық сізге не береді?

– Жазуды Астанадан Атыраудағы мұнай компанияларының біріне іссапарға жіберілген кезде бастадым. Отбасым астанада қалды. Жұмыстан кейін әріптестерім отбасына, достарына баруға асықса, мені бос пәтер, одан қалса спорт залы мен барлар күтіп тұрды. Бірақ мұның бәрі тез жалықтырып жіберді. Сөйтіп өз сезімімді қағазға көшірдім. Менің бүкіл кітабым отбасыма, жақындарыма, туыстарына деген сүйіспеншілікті және қайғымды көрсетеді. Бұл маған жалғыздық сезімін, басыма түскен қайғы-қасіретті, сол кездегі дүниеде болып жатқан оқиғаларды жеңуге мүмкіндік берді. Әрқайсымыздың өмірде өз жүгіміз, көптеген эмоциялар бар, оларды жеңу үнемі оңай бола бермейді. Кейбіреулер оларды спорт залында шығарса, басқалары ішімдікке үйір болады. Ал мен үшін жазу – өз-өзіммен сөйлесу мүмкіндігі, сезімдерді сыртқа шығару тәсілі болды. Адам ұмтылатын ең басты нәрсе – өзін тану. Шығармашылық демалуға да, миыңды ширатуға да, мен мұны істей аламын ба деп, өзіңді сынауға да көмектеседі. Суға батпай ағынмен жүзе беремін, небір дүниелерді ойлап таба аламын. Бұған қайран қаламын. Кейде мұны шынымен мен жаздым ба деп ойлаймын.

– Кейіпкерлеріңіздің прототипі жеке дара тұлғалар да, көп адамның жиынтық образы да екенін айттыңыз. Неліктен олар сізге қызықты болды?

– Мен достарыма кемеңгермен бір уақытта өмір сүру бақыты бұйырды деп қалжыңдаймын. Шындығында, менің ойымша, олардың жанымда болғаны менің жолымның болғаны. Әрқайсысы дара тұлға, кәсіби маман болудың үлкен жолын бастан өткерді, бұл ондаған кітапқа татиды. Біз әлі күнге дейін әлемге көрінбейтін нәрселермен күресіп жатырмыз. Менің ойымша, мұның бәрі менің бойымдағы бей жай қалмайтын сезімнен туындайды. Адамдар менімен өз тәжірибесімен бөліседі, кейде олардың қаншама сынаққа кезіккеніне, олармен қаншалықты лайықты күресетініне таң қаламын, кейбірі шыдай алмай, сынып кетеді. Мен құрметке лайықты адамдарға қолдау көрсеткім келеді, олардың жолын нұрландырғым келеді, осылайша әркім олардың еңбегін бағаласа екен деймін. Кейде олар кітаптің кейіпкері болып қалмас үшін менің көзімше ештеңе айтпау керек деп әзілдейді, бірақ достарым менің сыр сақтай алатынымды біледі.

Тарихи тақырыптағы кітап қашанда үлкен еңбек. Бұрын жазылған еңбектерді зерделеу, әр түрлі бастапқы ақпарат көздерін тексеру, т.б. «Сарайшықты» жазғанда қандай еңбектерге сүйендіңіз, кімнен көмек сұрадыңыз? Және бұл ақыр соңында не әкелді?

– Қала сыртына шыққан сапарымда күтпеген жерден Сарайшықтың тарихымен танысып, бұл тақырыпты жан-жақты зерттей бастадым. Бір кездері тіршілік қайнаған, теңге соғылған, өнері өркендеген, су құбыры мен кәрізі болған Ноғай Ордасының астанасы 16 ғасырда қирап, өртеніп, адамдар қаза болды. Дала тұрғындары тіршілігіміз тыныш, тоқ боламыз деп балаларын Сарайшыққа жібергенімен, үміттері ақталмады. Арамыздағы уақыт алшақтығына қарамастан, бұл трагедия бізді толғандырады. Тарихшы Трепавловтың және басқа да ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Менің «Сарайшығымда» екі уақыт қатар жүреді – қазіргі әлем мен 16 ғасырдағы тіршілік. Шығарманың негізгі идеясы - адамдар өзгермейді, оларда әрқашан өмір сүруге деген құштарлық, ақша мен билікке шөліркеу бар.

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Көпшілік сұраған «Пасынки степи» кітабының жалғасын дайындап жатырмын. Сонымен қатар мен жас достарым ұсынған тақырыппен жұмыс істеп жатырмын. Бұл нашақорлық туралы кітап. Есірткі тұтынатын жастар, жас ұл-қыздар тәжірибесіздіктен тез ақша тапқысы келіп, есірткі жасырумен айналысады. Нәтижесінде олар өздерін жоғалтады, ал қоғам оларды жоғалтады. Мен келесі кітабымды осы тақырыпқа арнағым келеді.

- Нені армандайсың?

- Өте қарапайым нәрселер - тез өзгеретін әлемдегі тұрақтылықты. Әйелім мен балаларым мені қуанта берсе деймін, мен кітаптарымды жазып, басып шығаруды жалғастырып, достарым мен туыстарымның ортасы бұрынғыдай қалса, біз әдеттегідей демалыс күндері жиналып, жаңа кітаптар мен фильмдерді талқылап, қалжыңдасып, бір-бірімізді қолдай берсек деймін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

18 наурыз, 15:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.