Атырау, 28 сәуір 23:06
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Мемлекеттік қызметке кір келтірген ірі басшыларға билікке оралуға мүмкіндік берілмек

310 просмотра
Сурет: topobrazovanie.ru

Қолы, ниеті, ар-ұяты таза емес адам қолына билік тисе, былық жасауға дайын тұрары даусыз. Сондықтан кез келген озық мемлекет мемқызметті қарау жандардан тазартып, олар кері оралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, деп жазады inbusiness.kz.

Осы орайда білікті сарапшылардың, ірі ғалымдардың күш салуымен бірнеше мәрте жетілдірілген қолданыстағы "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңында билікке дақ түсірген, абыройын айрандай төккен тұлғаларға бұдан былай биліктің бишігі мен тізгінін ұстатпау үшін көптеген шектеу, талаптар енгізілді.

Айталық, аталған заңның 16-шы бабына сәйкес, "мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді".

Ал 50-ші бабында "Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар" санамаланды. Яғни, шенді не жасап қойса, мемқызметтен өмірбақи аласталатыны нақты жазылды.

Бұл тізім біршама көлемді және 19 тармақшадан тұрады. Мысалға, мемқызметшілер шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетпеуге; туыс-туған, жора-жолдасына мемқызметке тұруда артықшылық бермеуге; өзгелерден қымбат сыйлық алмауға; казинода, құмар ойындарын ойнамауға; ресми таратылуға жатпайтын ақпаратты жеке немесе топтық мүдде үшін пайдаланбауға тиіс.

Биліктің алақол өкілдері рейдерлік басып алуға ықпал етіп жатады. Осы мақсатта гүлденген, "майшелпек" кәсіпорынға тексерістен соң тексеріс ұйымдастырып, жұмысын бұғаттап, дәрменсіздікке жеткізуі мүмкін. Сондықтан шенділерге кәсіпкерлерді тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуға тыйым енгізілді. Бұларға әлдебір жеке тұлғаның не компанияның есебінен саяхаттауына, емдеу-сауықтырудан өтуіне, қыдырып, сапарлауына тыйым салынған.

Шенділер әлдебір компанияның не топтың мүддесіне лобби жасау үшін қоңырау шалып, не өзі кездесіп, өзге министрлер мен әкімдерге қысым көрсететіні жасырын емес. Осыған байланысты мемқызметшілерге басқа меморгандардың, ұйымдардың қызметіне араласуына тыйым салынды.

Ар жағынан жемқорлықтың құлағы қылтиятын, бірақ дәлелденуі қиын осы және басқа қылмыстар "мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар" болып танылды. Тиісінше, қолданыстағы заң бойынша соған қолы мен арын арамдағандар мемқызметтен мәңгілікке қуылатын.

Билік күтпеген жерден оларға жаппай кешірім жасап, мейірім танытуға шешім қабылдапты. Мұны естіп, депутаттар аң-таң, айран-асыр болды. Бірақ соны қарастыратын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституцияның нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Мәжіліс мақұлдап тастады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл шетін қадамға Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру үшін барғандарын алға тартты.

"Конституциялық сот азамат Б.Қ.Аргумбаевтың "Мемлекеттік қызметі туралы" заңның 16-бабының 3-тармағының 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылғандар мемқызметке өмір бойы жіберілмейді. Конституциялық соттың пікірінше, тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылғандармен салыстырғанда, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандардың жағдайы жеңілірек. Сондықтан 6) тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп соғады, әділдік, пропорционалдық талаптарына сай келмейді", – деді Д.Жазықбай.

Дауға ШҚО-ның Бородулиха ауданы әкімінің 2019 жылғы 31 қазандағы өкімімен Б.Қ.Аргумбаевты тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары қызметінен босату себеп болды.

"Үш жыл өткеннен кейін ол мемлекеттік қызметке қайта орналасуға шаралар жасап көрген. Алайда, атап өтілген тыйым салу оған мемлекеттік қызметте лауазымға қайта орналасуға мүмкіндік бермеген. Өтініш субъектісі аталған норма өзін мемқызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып отыр және бұл әділетсіз, меморгандарға сайлану құқығына нұқсан келтіреді және азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы қағидатын (Конституцияның 33-бабы) бұзады деп ойлайды", – делінген Конституциялық соттың түсініктемесінде.

Содан бұл сот мемлекеттік қызметке кір келтірген аудан әкімінің экс-орынбасарының жағына шықты: "азамат Б.Қ.Аргумбаевтың өтінішін қарау қорытындылары бойынша "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңның 16-бабы 3-тармағының 6-тармақшасын Конституцияның 24-бабы 1-тармағына және 33-бабының 2 және 4-тармақтары және 39-бабының 1-тармағымен сәйкес емес деп таныды". Ал бұл соттың шешімі қайта қарауға және қарсы шағым түсіруге жатпайды.

Содан Мемқызмет агенттігіне қолданыстағы заңды өзгертуді сұрап, Парламентке жүгінуден басқа амал қалмапты. Агенттік төрағасы Д.Жазықбай мерзімсіз тыйым салудың орнына енді "мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылғандарды мемқызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық қана мерзімі бекітілгенін" хабарлады.

Яғни, биліктің беделін түсіргендер екі жылдан соң орала алады. Түпкілікті аластау деген болмайды.

Бір ғажабы, депутат Самат Нұртазаның айтуынша, Конституциялық соттың қаулысында "түрлі теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған адамдарға мемлекеттік қызметке кіруге шектеулер мөлшерлес болуы тиіс" делінген. Яғни, ол сот "мемлекеттік қызметке кір келтіргендерді аяңдар!" деп отырған жоқ.

Бұл жерде әділетсіздік мынада екен: теріс қылық жасаған шенеуніктер мемқызметтен өмір бойға қуылады. Сонымен бірге коррупционер шенеуніктердің мемқызметке қайтуына небары 3 жылдық қана шектеу мерзімі енгізілген. Судьялар осыны түзету керектігін нұсқапты. Демек, билік жемқорлық қылмысы үшін ұсталған шенділерге өмір бойы тыйым енгізіп, теріс қылық жасағандарға 25 жылдық шектеу қарастырса да, әділет орнайтын еді.

Бірақ агенттік төрағасы ширек ғасырға жуық қолданылып келе жатқан жазаны қайта қарамауға ұйғарғандарын жеткізді.

"Біріншіден, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша 3 жылдық шектеу мерзімі ғана қолданылатынына байланысты бұл мәселені біз жұмыс топтарында талқыладық. Заң жобасын әзірлеу барысында бұл норманың 20 жылдан бері қолданылып келе жатқандығын, әкімшілік шектеулерге 3 жылдық мерзім берілетінін ескердік. Екіншіден, жемқорлық құқық бұзушылықтарға байланысты осы үш жылдық шектеуді басшылыққа алып, теріс қылықтары, тәртіптік бұзушылықтары үшін жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметшілерді 2 жылдық мерзімнен кейін жұмысқа қабылдау пропорционалды түрде есептелді", – деді Дархан Жазықбай.

Шектен шыққан шенеуніктерге жағымды заң ба?

Мемлекеттің бұл қадамына сарапшылар да таң-тамаша қалды.

"Бұл келесі жылғы оқиғаларға, атап айтқанда, шенеуніктер мен олардың туысқандарының кірісі мен шығысын декларациялауға, мобильді аударымдарын жаппай тексеруге дайындық болуы да ықтимал. Егер олардың кірісі мен шығысы сәйкес келмесе, тәртіптік жазаға тартылып, мемқызметтен аласталуы мүмкін. Бірақ енді мәңгі-бақиға қатардан қууға бармайды. 2021 жылда бері декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, жалпы саны 600 мыңдай адам тапсырып келеді. Алайда шенділер байлығын басқа адамдардың атына тіркеп жатады. 2025 жылы ол адамдар да декларацияға ілігіп, салық органдарына сонша байлығының қайдан шыққанын, шын мәнінде иесі кім екенін түсіндіруіне тура келеді", – деді заңгер Ержан Асыл.

Заң маманы бір жайтқа назар аудартты: сарапшылар Үкіметке шенділердің шығысын қазірден тексеруге кірісуді ұсынды. Алайда оны 2027 жылға әрі ысырды, ондағы сылтауы – жалпыға бірдей декларациялаудың бүкіл халықты қамтитын кезеңінің 2025 жылға шегерілуі болған.

Біраз шенеунік жалақысы бірнеше жүз мың теңге болғанымен, айына бірнеше миллиондап шығын шығарып, шалқып өмір сүретіні, әлемдегі ең қымбат курорттарға отбасымен бизнес-джет не І-ші класпен ұшатыны, ең сәнді-салтанатты көліктерді тізгіндейтіні құпия емес. Коррупциямен күресетін GRECO халықаралық ұйымының ұсынысымен, қазақстандық шенділердің байлығының шығу-тегін анықтау үшін былтыр тиісті заң қабылданып, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға да өзгерістер енгізілді. Бірақ бұл норма тек 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Оған сәйкес, егер мемлекеттік қызметтегі адамның шығысы кірісінен көп болса, оған 2027 жылдан кейін тәртіптік жаза қолданылады. Егер ол жұмыстан шығарылатын болса, оған биыл енгізіліп жатқан осы нормалар қолданылады: яғни, өмір бойға емес, екі жылға ғана биліктен айрылады.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым заң жобасын қолдағанымен, ол заңсыз байыған шенділердің билікке қайта келуіне жол ашатынын жасырмады.

"Осыдан бір жыл бұрын Парламент мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтардың шығыстары мен кірістеріне бақылау енгізуді көздейтін заң қабылдаған болатын. Заңға сай 2027 жылдан бастап, шығыстары кірістерден асып кеткен жағдайда оларға әкімшілік айыппұл салынады және бұл адамдар жұмыстан шығарылуға тиіс. Мына заң жобасында өмірбойғы шектеуді екі жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Заңсыз байығаны үшін мемлекеттік қызметтен шығарылған адамдарға қойылатын талаптарды жеңілдетудің қаншалықты орынды екені түсініксіз", – деді депутат.

Заңсыз шешім шығарған судьялар орала ма?

Депутат Үнзила Шапақтың айтуынша, енді бұрын теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған судьялар да жаппай қызметке қайта қабылдануы мүмкін.

"Соңғы бес жылда 40 судья теріс себептермен сот жүйесінен босатылды. Олар сот этикасына қайшы келетін немесе сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды өрескел бұзған, өз атына нұқсан келтіретін әрекеттер жасаған судьялар. Заң жобасында қызметтен шығарылғаннан кейін 2 жылдан соң теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған бұрынғы судьяларды мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндігі қарастырылған", – деді Мәжіліс депутаты.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ол судьялардың құқық қорғау органдарына қызметке келе алмайтынын нақтылады.

"Қаралып отырған заң жобасында теріс қылық жасаған судьялардың 2 жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайта кіре алатыны қарастырылған. Бірақ Конституциялық сот судьялардың тек мемқызметке бару мүмкіндігін ғана қарады. Негізі, құқық қорғау органдары "арнайы меморган" болғандықтан оларға қатаң талап қойылады. Теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған судьялар құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге лайық емес. Мәселен, судья өз шешімімен адам құқығын шектейді, тыйым салады, қамауға алу бойынша заңсыз шешім қабылдайды. Сонда сотта дұрыс шешім қабылдамаған судья жұмыстан шығарылғаннан кейін басқа құқық қорғау органдарында дұрыс жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан мұндай шектеу өмір бойы қалу керек деп ойлаймын", – деді Әсет Шындалиев.

Ал Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Байтілесовтің түсіндіруінше, заң қабылданған соң, теріс себептермен лауазымнан босатылған судьялар екі жылдан кейін басқа салаларда, соның ішінде құқық қорғау қызметінде өзінің конституциялық еңбек құқығын жүзеге асыра алады.

11 наурыз, 08:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.