Атырау, 20 мамыр 12:25
 ашықВ Атырау +22
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Серік Шәпкенов: «Тұрғындардың жергілікті медицинаға сенімін арттыруымыз керек»

1 068 просмотра

30 қаңтарда облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының өткен жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.

Мамандардың жетіспеушілігі және адамдардың басқа қалаларда – негізінен елорда мен Алматыда емделуге және ота жасатуға деген ұмтылысы отырыстың басты тақырыбы болды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУАЛИЕВТІҢ мәліметінше, өткен жылы салаға 60 маман келген, дегенмен бұл әлі аз.

- Қазіргі таңда облысқа анестезиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлердің қажеттілігі жоғары. Кадр тапшылығын төмендету үшін бір жолға берілетін үстемақы көлемін жоғарылатып, қызметтік пәтермен қамту қажет. Өткен жылы 846 маман, оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттырды. Оған жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда медициналық техникамен жабдықталу 92,3%-ды құрады, - деді А.Байдуалиев.

Басқарма басшысының орынбасары Қайсар АБДАЛИЕВТІҢ мәліметінше, өткен жылы облыстың 8 068 тұрғыны өзге өңірлерде ем алған:

- Біздің өңірде 144 медициналық қызметтің тек 30 түрі ғана көрсетіледі. 2023 жылдың екінші жартыжылдығында бес бейін бойынша: отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопия, онкология бойынша жаңа операция түрлерін енгізу жоспарлануда.

Алқа отырысы барысында облыс әкімі дәрігерлердің біліктілігін көтеріп, тұрғындардың дәрігерлерге деген сенімін арттыру үшін жұмыс істеуге шақырды:

- Өздеріңіз келтірген дерекке сүйенсек, тұрғындардың жартысынан көбі өзімізде жасалатын операцияны басқа аймақтардан жасататыны туралы айтылды. Біз де оны жасай аламыз. Мен Атырау дәрігерлерінің кәсіби шеберлігіне күмән келтірген емеспін. Мәселен кардиохирургтар жүрекке күрделі операцияны жақсы жасайды. Облысымыз қажетті медициналық құрал-жабдықпен қамту бойынша республикада орташа деңгейден 9%-ға жоғары. Ендеше осы операцияларды Атырауда жасауға не кедергі? Бұрын «ақ халаттылар біздің өмірімізді сақтап қалатын ең мейірімді жандар» деп атасақ, қазір содан қалып бара жатқандаймыз. Халықтың үніне құлақ асып, жанашырлықпен жұмыс істеу керек. Бұл ретте жас мамандарды дайындап, жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген әкімінің баспасөз қызметі

31 қаңтар 2023, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.