Атырау, 26 сәуір 12:04
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Шағын несиелер, рекруттар және жергілікті тұрғындарға арналған карта туралы

4 538 просмотра

«АЖ»-ның кезекті онлайн-конференциясына қатысушы – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА.

ШАғЫН НЕСИЕГЕ СҰРАНЫС КӨП

- Партиялық бақылау комитеті жанындағы мемлекеттік қаржыларды бақылау комиссиясының және мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырылуына мониторинг жүргізетін Сараптама тобының біріккен отырысында мәжілісмен Шавхат ӨТЕМІСОВ мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген қаржылардың орынсыз жұмсалып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті анықтаған факт айтылды. Атырау облысында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған қаржылар Атырау қаласынан салон-ателье (1 млн теңге) мен асхана (3 млн теңге) ашуға жұмсалған. Асхана жұмыс істемей тұр, ал қаржының бір бөлігіне (1,53 млн теңге) көлік сатып алынған. Бұған қатысты не айтасыз?

- Іс жүзінде салон-ателье қала маңындағы ауылдық жерге жататын Дамбы поселкесінде ашылды. Бірақ жазғы мезгілде кәсіпкер мектеп бітіруші түлектерге арнап сәнді киімдер тігу үшін Атыраудағы пәтерді жалға алды. Екінші мәселе бойынша – кәсіпкер көлікті өздері шығаратын өнімдерді тасымалдау үшін сатып алған.

- Өткен жылы қанша ауыл кәсіпкерлері шағын несиелер алды және биылғы жылы несиелеуге қанша қаржы бөлінді? Несиелерді пайдалану тиімділігі мен олардың қайтарылуына кім бақылау жасайды?

- 2012 жылы 290 ауыл кәсіпкерлері жалпы сомасы 680 млн теңгеге шағын несиелер алды. Биыл бағдарламаны кеңінен насихаттауға байланысты ниет білдірушілер саны көбейді. Ауылдағы адамдар осы ақшаларды күтіп отыр. Республикалық бюджеттен қосымша сұралған бюджет есебінен 2013 жылы 2,2 млрд теңгені игеруді жоспарлап отырмыз. Атырау облысы үшін қосымша қаржылар бөлу мақұлданды. Негізінен адамдар нан-бөлке өнімдерін пісіретін цехтар, шаштараздар, ательелер, аяқ киім жөндейтін цехтар, көлік-жөндеу стансасын және т.б. ашуға несиелер алады.

Қайтарымдылыққа келер болсақ, біздің басқарма тек бағдарлама үйлестірушісі ғана боп табылады. Бағдарлама әкімшісі – ауыл шаруашылық басқармасы (ақша соған түседі), операторы – «Атырау» ӘКК. ӘКК тікелей несиелеу серіктестіктерімен жұмыс істейді (серіктестік арқылы несиелер бөлінеді) және мониторинг жүргізеді. ӘКК мәліметтері бойынша, қайтару бойынша проблема жоқ.

- Жалпы облыстағы жұмыссыздық жағдайы қалай?

- 2012 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Бұл біздің өңіріміздегі ірі жобалардың жүзеге асуына байланысты. Сонымен қатар көп мөлшерде жұмысшылар босатылатын әлдебір жобалар аяқталса, сол мезет жаңа жобалар ашылады.

 

ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРҒА АРНАЛҒАН КАРТА

- Жыл басында 2013 жылы Солтүстік-Каспий жобасынан жұмысшылардың көп бөлігі босатылады деп хабарланған еді. Бүгінгі ахуал қандай? Бұл адамдарды қайда жұмысқа орналастырады?

- Биылғы жылдың 26 наурызында Аджип ҚКО ұсынған мәліметтер бойынша, қазір «Қашаған» жобасында6 600, «Болашақ» жобасы бойынша 4 100 қазақстандық жұмыс істейді. Компанияның болжамы бойынша, биыл «Қашағаннан» 1 200, «Болашақтан» 2 600 адамды босату жоспарланған. Бұлардың60 пайызы – жергілікті кадрлар. Қысқарту көбейетін кез – жылдың екінші және үшінші тоқсандары.

Облыстағы жұмыстан босатылған жандарды жұмыспен қамту мақсатында аймақтық Жол картасы жасалып, бекітілді. Жыл басынан бері 22 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Оның қорытындылары бойынша, 800-ден астам адам жұмысқа тұрды. «Синопек Инжинирингпен» АМӨЗ-ді кеңейту жобасына 1040 адамды жұмысқа орналастыру бойынша (бүгінде 145 адам орналасты); «Аджип ҚКО» мен оның мердігерлері «Іскер-ҚазСтройсервис», «Теміржолқұрылыс Атыраумен» Батыс Ескене теміржол кешенін салуға900 адамды жұмысқа орналастыру бойынша меморандумдарға қол қойылды. Осы жобада қазір «Іскер» қажетті кадрларды іріктеуде. Негізгі жұмыстар ағымдағы жылдың екінші тоқсанында басталады.

ТШО-мен жасалған меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес, 2013-2015 жылдар аралығында Келешек Кеңею Жобасына (ККЖ) 18 мыңдай адамды, соның ішінде 1,5 мыңнан астамын осы жылы жұмылдыру жоспарланған. Сондықтан қандай мамандықтар сұранысқа ие екені туралы нақты ақпарат әзірге жоқ.

- «Болашақтан» қанша адам еңбек биржасына хабарласты?

- Жыл басынан бері «Болашақтан» 600 адам босатылды, оның 67 пайызы – Атырау облысының тұрғындары. Жұмыспен қамту органдарына 167 адам өтінішпен келді.

- Мен өзім атыраулықпын. Аджиптің D аралында жұмыс жасап жатқан мердігер компанияларының бірінде жұмыс істеймін. Ол жерде жаппай қысқартулар жүріп жатыр. Жұмыстан босатылатын жұмысшыларды алдағы уақытта жұмысқа орналастыру үшін қандай шаралар алынуда? Тағы бір сұрағым: кадрларды қысқарту кезіндегі өтемақы туралы Еңбек кодексінде не айтылған? Алдын ала рахмет.

- Жоғарыда айтылып өткендей, босатылатын азаматтар үшін облыс бойынша Жол картасы жасалып, бекітілген. Онда жұмысқа орналастыру шаралары айтылған. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес, сіз мекен-жайыңыз бойынша жұмыспен қамту мәселелері бойынша өкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Ол жерде сізге әлеуметтік қорғаудың төмендегідей белсенді шаралары ұсынылатын болады:

-  бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

-  қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстарынан өту мүмкіндігі;

- қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу.

Сіздің «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына қатысуға құқығыңыз бар. Мұндағы бағыттардың бірі бойынша өз ісін ұйымдастыру үшін жеңілдік шарттарымен шағын несиелер бөлу қарастырылған. Ол үшін сізге Владимирская көшесі, 23 «б» мекен-жайындағы қалалық Жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек.

«Әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, сіздің жұмыссыз ретінде тіркелгендігіңіз туралы анықтаманың негізінде жұмысын жоғалтуына байланысты жәрдемақы алу үшін Мемлекеттік зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталығына хабарласуыңыз қажет.

 

РЕКРУТТАРДЫҢ КӨБІ ШЕТЕЛДІКТЕР

- Сарапшылар кейбір рекрутингтік компанияларға трансұлттық компаниялармен, олардың мердігерлерімен немесе қазақстандық кәсіпорындардың кадр бөлімдерімен үлестес жұмыс жасайды, сондықтан да ұлттық кадрлардың жұмыс табу мүмкіндіктері аз деп айып тағып отыр. Қазір Атыраудың еңбек нарығында қанша осындай компаниялар жұмыс жасайды? Жұмыс іздеушілер жұмыспен қамту органдарынан гөрі соларға жиі хабарласады деп ойлаймын. Неге?

Диляра

- Бүгінгі күні жұмыспен қамту органдарына ресми түрде 14 рекрутингтік компаниялар есеп береді. Сол есептерге сәйкес, оларға хабарласқан5 600 маманнан 1432 адам немесе 25%-ы жұмысқа орналасқан.

Салыстыратын болсақ, жұмыспен қамту органдарына жылына 20 мың адам хабарласады және олардың тең жартысы тұрақты жұмыс орнына қабылданады.

Тәжірибе көрсеткендей, рекрутингтік компаниялар жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша жоғары білікті мамандарды іріктеуге мүдделі. Көп жағдайларда оларға жұмысы бар, алайда жалақысы жоғары жұмыс іздеген адамдар хабарласады. Ал жұмыспен қамту органдарына жұмыссыз адамдар жүгінеді және оларға жұмыс тауып беруге көмектесумен қатар, тегін оқыту, жәрдемақы, әлеуметтік мекен-жайлық көмек, тұрғын үймен көмек сияқты мемлекеттік қызмет көрсету пакеттері беріледі.

Жалпы, рекрутингтік компаниялар еңбек нарығында жақсы жұмыс жасап жатыр деп ойлаймын.

Ұлттық кадрларды тарту турасына келсек, ірі шетелдік компаниялар рекрутингтік компаниялар арқылы басқа ел азаматтарын жалдайтынын жоққа шығармаймыз. Бұл мәселені біз өзіміздің министрлік алдына бірнеше рет қойғанбыз және 2011 жылы шетелдік азаматтарды рекрутингтік компаниялар арқылы жалдауға заңнамалармен тыйым салуға да қол жеткізгенбіз. Алайда 2012 жылы бұл өзгертулерді алып тастап, шетелдік және қазақстандық мамандардың сәйкесінше пайыздық қарым-қатынасын енгізді: 1 және 2 санаттар бойынша - 30% және 70%, 3 және 4 санаттарға - 10% және 90%. Сол жылы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ жобаларына бұл талаптарды 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін алып тастады. Яғни, пайыздық қатынастар осы үш ірі жобаны жүзеге асырып жатқан компаниялардың өздеріне де, олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне де қатысты емес.

- Көптеген қазақстандық менеджерлер Қашаған мен Теңіздегі кадрлардың осындай тиімді пайыздық қатынастарына ешқашан қол жеткізілмейді деп есептейді. Өйткені, 2015 жылдан кейін де шетелдік менеджмент кезекті инвесторлар кеңесінде Қазақстанда шетелдегідей керекті мамандар мүлдем жетіспейді деп бұрынғы әніне салмасына кім кепіл? Сосын олар үшін жеңілдіктерді тағы да ұзартады.

- Жақында Солтүстік Каспий жобасының өкілдері осы талап етілген пайыздық қатынастарға қол жеткізуге тырысып жатқандары жөнінде, бастысы, оларда бұған барлық мүмкіндіктер бар деген презентация өткізді. Ал Теңіз жобасына келетін болсақ, олар әзірге мұндай презентация ұсынған жоқ.

 

ИНТЕРНАТ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖЕҢІЛДІКТЕР ТУРАЛЫ

2012 жылдың қазанында «АЖ»-да «Ұстаздар ма,  әлеуметтік қызметкерлер ме?» мақаласы жарық көрді, онда Лесхоздағы ақыл-ойында ауытқуы бар балалар интернаты педагогтарының анықталмаған мәртебесі туралы айтылған. Осы жағдай қалай шешілгенін білгіміз келеді. Осындай түсініспеушіліктерден кейін кейбір ата-аналар балаларын интернаттан алып та кетті.

Интернатқа баратын бір топ балалардың ата-аналары

- Облыс прокуратурасы интернат қызметіне тексеру жүргізді және осы тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің 13.07.2009 күнгі №338 бұйрығына сәйкес, дефектолог-мұғалімнің «Дефектология» мамандығы бойынша педагогикалық жоғары білімі болу керек. Алайда бірнеше мұғалімде мұндай білім болмады. Бірақ олар 2010 жылы «Ақыл-ойы және физикалық дамуы бұзылған балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу орталығы» ЖШС-нен «Дефектология» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, 500 сағаттық курстан өткендіктері жөнінде куәлік алған. Сондай-ақ, прокурорлық тексеру кезінде №388 бұйрықтың қазақша және орысша нұсқаларында біліктілік талаптары бойынша өзгешеліктер бар екені анықталды.

Осыған байланысты, біздің басқарма педагогтардың мәртебесін анықтау үшін білім министрлігіне хат жолдады. Қазіргі уақытта бұл хат қаралып жатыр, ал мұғалімдер орындарында жұмыс жасауда.

- Мүгедектерді жұмысқа аларда жұмыс беруші сынақ мерзімін белгілеуге құқылы ма?

- Жұмыс берушінің мүгедекпен жасаған кез келген еңбек шартында сынақ мерзімін белгілеуге құқы жоқ (ҚР Еңбек Кодексі 36 бап).

- Мен көзден І топтың мүгедегімін, емханада массаж жасаушы болып жұмыс жасаймын. Менің жүктемем, жұмыс уақытымның ұзақтығы қандай болуы керек, жалпы мен  үшін еңбек заңнамаларында қандай жеңілдіктер берілген?

- І және ІІ топ мүгедектеріне аптасына 36 сағаттан артық емес, қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді. І және ІІ топ мүгедектерінің жұмыс ауысымдары 7 сағаттан аспауы керек.

- Мен жалғызбасты анамын. 18-ге толмаған үш балам бар. Балаларға жәрдемақыны қалай ресімдейтінін түсіндірулеріңізді сұраймын.

Динара

- «Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беру туралы» заңға сәйкес, 18 жасқа толмаған балаларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді. Ол адам басына шаққанда орташа айлық табысы азық-түлік қоржыны құнынан төмен отбасыларға белгіленеді. Азық-түлік қоржыны 2013 жылғы 1 тоқсанда 10 915 теңгені құрайды.

Үкімет бекіткен Балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеу ережесіне сәйкес, отбасының жиынтық табысы өтініш берілген тоқсан алдындағы тоқсан көрсеткішімен есептеледі.

Жәрдемақы тағайындау үшін Сізге барлық қажетті құжаттарыңызбен тұрғылықты жеріңіз бойынша  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңыз керек.

- Мен көп балалы анамын, маған әлеуметтік мекенжайлық көмек тағайындау туралы түсіндіріңізші.

Светлана

- «Мемлекеттік әлеуметтік мекенжайлық көмектер туралы» заңның 2 бабы 1 тармағына сәйкес, әлеуметтік мекен-жайлық көмек алуға адам басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын ҚР азаматы құқылы. 2013 жылғы 1 тоқсандағы кедейлік шегі 7276 теңгені құрайды.

Үкімет бекіткен Әлеуметтік мекен-жайлық көмектерді тағайындау және төлеу ережесіне сәйкес, отбасының жиынтық табысы өтініш берілген тоқсан алдындағы тоқсан көрсеткішімен, табыс сомасын отбасы мүшелері санына және үш айға бөлу жолымен есептеледі.

Әлеуметтік көмек тағайындау үшін Сізге барлық қажетті құжаттарыңызбен тұрғылықты жеріңіз бойынша  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңыз керек.

Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.