Атырау, 10 мамыр 23:00
 ашықВ Атырау +17
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Тағдыры тарих қос ғұмыр

2 929 просмотра

Біз 8 наурыз - әйелдер мерекесі қарсаңында асыл әжелердің үйлерінде қонақта болып қайттық. Мінезі жарқын, өзі қайсар әрі болмысынан өте қарапайым әжелеріміздің тағдыры қилы болды. Бірақ, олар соған қарамастан еңселерін түсірмеді. Ол туралы ойламады да.

ТҰРСЫН ӘЖЕ

Тұрсын АЙТЖАНОВА Индер  ауданы Есбол селосында тұрады. Оның өміріндегі ауыр еңбек, ашқұрсақ күндер, жақындарын жоғалтып, қалың қайғы жамылғаны да  есінде. Алайда, өмірдің қатал заңы оны әрі шыңдай түсіп, әбден «пісіріп» тастаған.

Тұрсын Жетінші ауылда (қазір Махамбет ауданының жері)  1910 жылдың күзінде дүниеге келген еді. Әкесі Айтжан байдың сиырын бақса, анасы Сарғыз сүтін сауады. Оның балалық шағы революцияның қиянкескі кезі мен азаматтық соғысқа тұспа-тұс келсе, жастық шағы ұжымдастыру мен Ұлы жұтқа тап болды.

1937 жылы анасы ат-арбаға жүгін тиеген Тұрсынды құда мен күйеу баласына табыстады. Екі жылдан кейін тұңғышы дүниеге келді. Беймаза кезең, екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Күйеуін майданға аттандырып салған Тұрсын бір жастағы сәбиін қайынсіңлісіне бақтырып, өзі колхоз жұмысына шықты. Абысыны Қадиша ҚАУАШЕВА да көмектесіп, кейін малға шығып кетті.

...«Бағырлай» каналының бойындағы жер үйден әйелдің мұңды өлеңі естіледі. Соғысқа кеткен ерлерін аңсап сағынған жас келіншектердің беттерін мөлдіреген жас жуып кеткен. Ерте есейген үш балғын да ойынын қойып, аналарымен бірге күрсінеді. Бұлайша езіліп, егіліп отыра берер ме еді, өлеңін кілт тиған Бинаш әдетінше ойнақы қалыпқа түсіп, әзіл әңгіменің шетін шығарды. Енді әсем сыңғырлаған күлкі естіледі....

Тұрсын, Бинаш және Сұлухияның үш жас баласымен осы жер үйде тұрып жатқандарына үш жыл болған. Бірігіп, колхоздың бір отар қойын бағады. Отындары қи, тезек, ішкен тамағы сүттің қалдығы - сарысу. Шай, ұн атымен жоқ, сол сарысудан ірімшік, құрт жасайды. Арасында ет болады. Бұған да шүкіршілік етеді, мал баққанның арқасы. Ауылдағылар ашқұрсақ деп естиді. Мал бағу да оңай емес, айналада түз тағысы құтырып тұр.

- Бізде қойдың қорасы жоқ болатын. Малдың қалған шөбінен шарбақ жасадық. Бірақ, ол қасқырдың шабуынан құтқармайтын. Түнімен ұйықтамай кезек күзетіп, айтақтап айқайлап шығамыз. Мылтық жоқ, лаулатып қи жағамыз. Қасқырға көрсеткен сесіміз. Жаспыз, ұйқымыз қанбайды әрі шаршаймыз. Колхоздың бір қойы өлсе, жер  айдатып жіберуден тайынбайтын қиын кезең болатын, - деп еске алады Тұрсын әже.

Сіріңке тапшы кез. Ертемен малға шығарда келіншектер отты жағып, қимен жауып, шоғын сақтаудың амалын жасайды. Қыстың бір күнінде үйде қалған балалар отты өшіріп алыпты. Даладан тоңып-шашырап келген келіншектер қараңғы үйде бүрсең қаққан балаларына ренжісе де, отты жағудың амалын таппайды. Түн ішінде түйеге мінген Тұрсын қызыл шоқты шелекпен екі шақырымдағы малшылардан алып келген еді сонда.

Колхоз қойларын баққан үш келіншек те жесір қалды. Соғыс біткенше колхоз басқармасының төрағасы Тұрсынның күйеуінен қаралы «қара қағаз» келгенін жасырып келгенімен ол хабар да кейін мәлім болды. Ал кейін бес жасар жалғыз ұлы суға кетіп, ажал құшты.

Соғыстың ылаңы Тұрсынды осылайша есеңгіретіп кетті. Отбасынан айрылған жесір келіншек Махамбет ауданындағы бауырларының қасына барайын деп бірнеше рет жалынып сұрағанымен, төраға жібергісі келмейді.

- Колхоз жұмысы қиын болатын, адам жетіспейтін. Анам халімді білейін деп келіп жатқан. Жылап жалбарынып жүріп, әрең босадым-ау. Бұл 1948 жылы болатын. Өзіме жақын болып кеткен адамдарды тастап кету қиын болса да, басқалай амалым қалмаған еді, - дейді Тұрсын әже.

1956 жылы Тұрсынды тағдыр айдап, Индер ауданының дәм-тұзын тату тағы бұйырады. Мұнда ол әйелі қайтыс болған Штатбай ИМАНҒАЗИЕВ деген кісігетұрмысқа шығады. Оның балаларын өз баласындай етіп бағып, тәрбиелеп өсірген де Тұрсын еді.

- Штатбайға күйеуге шыққанда інімнің баласы Теңелді бауырыма басып, бірге алып келгенмін. Біз қазір де сол баламмен бір шаңырақтың астында тұрамыз, - дейді әжей. 

Теңелдің зайыбы Қалжан енесінің өте еңбекқор болғанын, ою-өрнекті, текемет, алашаларды бірге тоқып, үйреткенін сүйсіне әңгімеледі.

- Мамам жасы 90-нан асқанша келінінің сүйікті жұмысымен айналысуына мүмкіндік беріп, «ештеңеге қарайлама» деп үйдің бар тірлігін өз мойнына алатын, - дейді  Теңел АЙТЖАНОВ.

Тұрсын әженің жасына қарамастан, қимылы ерен. Ол - шөберелерін көруге жазған бақытты әже.

 

МИЗЕКЕН ӘЖЕ

Мизекен ҚАПАШЕВА  әрдайымтың болып көрінетін. Бірақ, қолындағы келінінің кенеттен дүние салуы жанын жүдетіпті. Ол қазір аяулы келінін еске алса, көзіне жас алмай отыра алмайды. Алайда 20 немере, 16 шөбересінің ортасында өзін толық бақытты сезінеді.

1923 жылы 15 қыркүйекте Он бірінші ауылда (қазіргі Есбол селолық округі) дүниеге келген Мизекен 9-шы сыныпты бітіргеннен кейін үш ай мұғалімдік курста оқыған еді. Бірақ, арманшыл қыз алғашқы еңбек жолын бастамай тұрып соғыс басталып кетеді. Содан кейін Мизекеннің өмірі кілт өзгеріп сала берді. Майдан әңгімесін бастамастан бұрын ол жас кезіндегі суретін көрсетті. Мұнда Мизекен әже небары 19 жаста екен. Әскери киімдегі уыздай жас қыз алаңсыз күлімсіреп қана отыр.

- 1942 жылдың 18 қарашасында біз Махамбет ауданынан Тамара КУЗИНОВА екеуміз комсомолдық жолдамамен майданға бірге аттандық. Тамара  екеуміздің шашымыз ұзын еді, қос бұрым етіп өріп қоятынбыз. Шашымызды қияр кезде жыладық. Қарсылық та таныттық. Әскери тәртіппен гауптвахтаға бір күн жатқызды. Амалсыз көндік, осы кезге дейін қайшы тимеген шашымызды қиып тастады. Бұрымымызды үйге беріп жібердік, - деп еске алады Ұлы Отан соғысының ардагері Мизекен ҚАПАШЕВА.

- Сіздер бірден майданға аттандыңыздар ма?

- Жоқ. Әуелі Индерде 45 күн әскери жаттығуда болдық. Кейін 250 шақырым жаяу жүріп, Каспий теңізінің жағасына бардық.  Батыс майданына жіберіліп, Харьковте біраз аялдадық. Мен зениттік бөлімге жіберді.

Мизекен бірінші жарақатын өзінің қандыкөйлек құрбыларының өмірін қорғап қалған кезде алған болатын.

...Арасында қарғаның қарқылдағаны болмаса, түн тыныш, жым-жырт. Бір кезде тысыр еткен дыбыс естілді. Ұйқы қысып тұрған Мизекен селт етті. Бірдеңе қараң етіп жоқ болғандай. Аңға ұқсамайды, бойы биіктеу. Қолына гранатасын алған жас қыз енді сақтана бастады. Іштегілерге сигнал беріп те үлгерген. Сол шақта бір қыз жеркепеден жүгіре шыққан еді. Әлгі  қараңдаған жау қолындағы гранатасын лақтырды, Мизекен де гранатасын қарсы жіберіп үлгерген. Оң қолынан жеңіл жарақаттанған қыз құрбыларын бір ажалдан аман алып қалып еді сонда. Жаудың біреуі өліп, екіншісі жарадар күйде қолға түскен болатын.

- Мені сонда «За Отвагу» медалімен марапаттады. Полтава, Туладан жаяу жүріп өтіп, Сталин станциясынан пойызға отырдық. Бұл 1944 жыл еді. Пойызға отырғанымыз не керек, алдыңғы эшелонды немістер бомбалап жатты. Вагондамыз. Тыныс алатын ауа жоқ. Жас ағашты жағып, тамақ жылытамыз. Бірақ бомбалау көбейді. Бір кезде біз вагондардан қашып  шығып, жақын маңдағы орман ішіне қарай бас сауғалап тым-тырақай қаштық, - деп өткенді еске түсірді Мизекен әже. 

...Дүниенің астаң-кестеңі шыққан. Жарылған бомба, дала көк түтін. Өлген адам денесіне сүрінесің. Жарадар болып ыңырсыған зарлы үннен бас айналатындай. Бір кезде жарылған бомбаның жарқыншағы жамбасына келіп тиді. Жарасын ауырсынып жылап жатыр. Санитарлар зембілге салып, госпитальға алып кетті.

-Үш ай госпитальда жаттым. Жазылғасын қайтадан майданға аттандым, - деп әңгімелейді Мизекен әже.

Ол соғыс аяқталғасын елге оралды. 1950 жылы майданда десант болған Жолдас ШОҚПАРОВҚА тұрмысқа шығады. Отбасылық өмірлерінің алғашқы жылдарын Сарайшық селосында өткізді, ал 1958 жылы Махамбет селосына көшіп барады. Мектептің есепшісі Жолдас аудандық оқу бөлімінің бас есепшісі болып жұмысын ауыстырған болатын. Мизекен мұғалімдікті тастап, бір мекеменің кассирі болды. Өмірге алты баланы әкелді. Бүгінде бәрінің отбасы бар.

- Жолдас қайтыс болды. Мен биыл 90 жасқа толамын. Бәріне де шүкіршілік етесің. Майдандас қыздарымнан хат алып тұратынмын. Кейін хабар үзілді. Махамбеттік Тамараны қызы Мәскеуге алып кетті. Глаукомадан көзім дұрыс көрмейді, газет оқи алмаймын. Теледидар көремін. Қанша жыл өтсе де соғыстың салған жарасы ұмытылмайды ғой, - дейді М. Қапашева.

Ал біз жинала бергенде, Мизекен әжей ертеңгі 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай:  «Елімізде соғыс болмасын! Бұрымды, қылықты қыздарымыз көбейсін!» деп, өзінің жүрекжарды тілегін айтып шығарып салды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.