Атырау, 19 мамыр 07:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстанда республикалық референдум қалай өтеді?

1 688 просмотра

Орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумды дайындау мен өткізу туралы негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, үгіт жұмыстары бүгін, алтыншы мамырда басталып, дауыс берілетін күннің алдындағы күні, 4 маусымда сағат 00-00-де аяқталады.

Референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.

"Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне әрбір учаске бойынша әкім қол қояды және ол 15 мамырдан кешіктірiлмей, яғни дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын акт бойынша тапсырылады. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 25 мамырдан кешіктірмей, дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда хабардар етеді", - деді Петров орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Референдумда дауыс беруді өткізу уақыты, орны, ұйымдастырылуы мен тәртібі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгіленген ережелерге сәйкес айқындалады.

Егер дауыс берудің өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік комиссияларда дауыс беру 5 маусымда жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы, комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер БАҚ-та 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс. Дәл осы күнге дейін референдум учаскелерінің шекаралары туралы да ақпарат жарияланады.

Дауыс беру қорытындысы 7 күн ішінде Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады. Ол хаттамамен ресімделіп, оған Орталық референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері қол қояды және қаулымен бекітіледі.

Ата заңға қандай өзгерістер енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бүкілхалықтық дауыс беру осы жылы 5 маусымда өтеді.

Қазақстан Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Атап айтқанда, жер мен оның байлығы халықтың меншігі етіп жарияланады. Халықтың атынан жерге мемлекет иелік етеді.

Сонымен қатар, өлім жазасына тыйым салу көзделген.

Бұдан бөлек, Конституциялық, Жоғары және де өзге судьяларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасы болуға тыйым салынады. Әскери қызметкерлер, ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер, құқық қорғау органында қызмет ететіндерге саяси партияларға кіруге, кәсіби одақтарға тіркелуге, саяси партияның үгіт-насихат жұмысына қатысуға тыйым салынады.

Заң жобасында президенттікке екі мерзімнен артық сайлануға жол бермеу көзделген. Қазақстан президентіне депутат болуға, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге, өзге де ақылы қызметтерді иеленуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, партияға тіркелуге тыйым салынады. Сонымен қатар президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметте лауазымды иеленуге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушы қызметін атқаруға да тыйым салынады.

Сондай-ақ 91- баптан Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, тұңғыш президент - Елбасы мен оның статусын алып тастау да қарастырылған.

Референдумда қандай сұрақ қойылады

Республикалық референдумда қазақстандықтарға бір ғана сұрақ қойылады:

"2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?".


Азаматтар "иә" немесе "жоқ" деп дауыс беруге тиіс.

6 мамыр 2022, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.