Атырау, 10 мамыр 23:17
 ашықВ Атырау +17
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Көше сыпырушының болғаны яхшы

4 040 просмотра

Ақпан айындағы ауа райының суықтығына үйренген атыраулықтар үшін биыл соңғы рет қылаулаған болар болмас қар қыстың біткенін аңғартқандай әсер қалдырды. Алайда «Арнайы автобаза» мекемесі үшін көкжиектен төнген кез келген бұлт та жарылғыш заттай көрінеді.

ГРЕЙДЕРМЕН ҚОЛТЫҚТАСЫП

- Сіздер ауа райының қолайсыздығы жөнінде метеорологтармен ақылдасасыздар ма? – деп «Арнайы автобаза» КМК директоры Мұратбек МАХАНОВТАН сұрадым.

- Интернет барда ол неге керек? Мәселен, кеше біз түнгі екіде тарадық, бірақ сол күні кешке мен қызметкерлеріме босаңсымауды тапсырдым: бүгін біз таңғы бестен бастап жұмыстамыз, ғаламторда ескертілген қар қалың жауып, жұмыс күні басталғанша екі сантиметр қалыңдықтан асып кетті. Егер күн жылы болмағанда, көшеге бұдан да көп техника шығаруға тура келетін еді, ал қазір күрегіштер мен қар тазалайтын 11 трактор, 9 тиегіш (әр қайсысына 3 жүк көлігі бөлінген), МАЗ және 7 арнайы машиналар мен вакуумдар жұмыс жасап жатыр.

- Соңғы кездері қар тез тазартылып жүр: мен екі апта бұрын орталықтан қашық орналасқан біздің көше бойымен түнгі сағат екіде тізбектеліп өтіп бара жатқан қар тазалау машиналарын көрдім. Бұлар желтоқсан айында жауған қарды қаңтарға дейін тазалаған кезде қайда болды?

- Мен бұл лауазымда 6 желтоқсаннан бері отырмын. Қардың бір айлық нормасы бір тәуліктен кем уақытта жауған сол жағдай менің осы жұмыста болған үшінші аптама тап келді. Қар 21 желтоқсан күні сағат 7-де басталып, келесі күні таңғы 5-те тоқтады. Сонымен қатар, сол сәтте біздің қызметкерлеріміздің үштен бірі (олардың 90%-ы - Өзбекстанның азаматтары) жаңа жылдық мерекелерді тойлауға үйлеріне кеткен, олар тек 6-7қаңтарда ғана келді. Қазір бізде 400-дей жұмысшы болса, ол кезде 150-ден аспайтын. Кәсіпорында 5 км/сағ жылдамдықпен жүретін бір-ақ грейдер болды. Айтпақшы, осының арқасында, қасына еріп жүріп, мен қала көшелерімен тез танысып шықтым (Маханов қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТЫҢ шақыруымен Астанадан келген – З.Б.).

- Неге?

-Сол сәтте бір машинамен еш үлгере алмадық, сондықтан да бизнесмендерден үш автогрейдер жалға алғанбыз. Мен машинаның қасында жүріп отырып, жүргізушінің грейдер жүзін төмен салуына бақылау жасадым: грейдер төмен салынса, қар жақсы тазаланады, алайда тез жүрсе жүзі майырылады. Сол күндері грейдер жүздері күн жарымда пайдасыз болып қалатын. Алайда мен бұдан бірталай сабақ алдым.

 

БҰЛ ЖЕРДЕ БӨТЕН АДАМ ЖОҚ

Кәсіпорын штаты шеттен келгендерден құралған. Кадрларға қойылатын талаптар да жеңіл: өтініш, төлқұжат көшірмесі, көші-қон полициясынан анықтама. Олардың «келісімшарттары» екі ай сайын аяқталады, алайда «уақытшадан тұрақты еш нәрсе жоқ» деп тегін айтылмаған болар, бұлардың кейбірі қаламыздың көркі үшін 10 жылдан бері жұмыс жасап жатыр екен!

Олар орта есеппен айына 40-50 мың қолына алады, алайда, Махановтың айтуынша, қаңтардан бастап сыйақыларды қоса есептегенде 80 мыңға жететін болады.

- Қаражат қай жақтан?

- Өзімізден. Мен келген бойда кәсіпорынның қаржылық құжаттарын зерделедім. Қоқыс шығару үшін төленетін абоненттік төлемдер 23 млн-нан аспайды екен. Бұл 270 мың халқы бар қалаға аз! Қаңтарда біз 42 млн теңге жинадық (заңды тұлғаларды қосқанда), қолдағы шарттар қоры бойынша 44 млн болуы керек, жеткіземіз деп ойлаймын. Сондай-ақ, біз қоқысты «заңсыз» шығаруды тоқтаттық. Біз бұдан осы бап бойынша табысымыздың 30%-ын жоғалтатын едік. Біз қоқыс төгетін орынның қақпасын жаптық, демалыс күндері осы учаскенің бастығы қақпаны құлыптап, кілтін қалтасына салады. Енді демалыс күндері және түнде заңсыз қоқыс тастауға ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Тек касса арқылы ғана. Сондықтан да біздерде адамдарды сыйақы беріп, көтермелеуге барлық мүмкіндіктер бар.

- Жеке табыс салығынан басқа әлеуметтік төлемдерден бос екенсіздер ғой. Ал артық жұмысқа төлейсіздер ме?

-Бәрі де заңымен – қос тариф бойынша төленеді. 

- Жергілікті халықты аласыздар ма?

-Дәл қазір алар едім – бірақ келмейді!

 

ҚОҚЫС ОРНЫ ТАСПАҒА ТҮСІРІЛЕДІ

- Сіз басшылық еткен мерзімде қоқыс неше рет өртенді?

- Бір рет, 16 желтоқсанда. Өртеді ме, өзі өртенді ме, білмеймін. Жыл мезгілін есепке алсақ, алғашқысы болар. Сондықтан да қоқыс орнының барлық аумағын бейнебақылау арқылы қадағалаумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатыр. Барлық бейнежазбалар мына теледидардан (Маханов кабинетіндегі) көрінетін болады.

Осылайша Маханов өрт қоюлар мен заңсыз қоқыс әкелуге бақылау жасамақшы.

- Яғни, оларға өрт қояды, не өзі өртенеді, бірақ сіздердің қатыстарыңыз жоқ, солай ма?

- Біз өзіміз өртейді деп ойлайсыз ба?

- Халықтың көпшілігі «Арнайы автобаза» қоқысты өртеу арқылы оның көлемін азайтып отырады деп есептейді...

- Бізге экологтар қанша айыппұлдар салатынын білесіз бе?! Біз үшін қоқыс жағудың пайдасы жоқ. Одан қоқыстарды қалпына келтірген оңай шығар.

- Қалпына келтіріңіздер, атыраулықтар сіздерге риза болады.

- Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.