Атырау, 20 мамыр 06:15
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Атырау мұнай және газ» – пандемиядан кейінгі алғашқы көрме

Сурет
2 375 просмотра

Беларусь, Қазақстан, Нидерланды, Ресей, АҚШ және Түркия елдерінен 67 компания қатысқан «Атырау Мұнай және Газ» және «Атырау Билд» өңірлік салалық көрмелерін 2 мыңнан астам адам тамашалады.

Үш күн ішінде көрме жұмысын 2347 келуші көріп үлгерді, ал экспозицияға қатысушылардың 71%-ы 2023 жылға алаң брондады.

Жергілікті өндірушілер форумы аясында ТШО-ның импортты алмастыруға жағдай жасап, қазақстандық жеткізушілерді қалай дамытып жатқаны айтылды. Бүгінгі таңда дерекқорда 2500-ден астам тауар мен қызмет жеткізуші тіркелген, бірақ отандық компаниялардың бәрі бірдей талапқа сай емес.

2021 жылы ТШО отандық кәсіпорындармен бірлесіп дамыту үшін 5 басым тауар түрін анықтады, олар - ілмекті арматура, ернемектер/фитингтер, қысымды ыдыстар, бақылау-өлшеу аспаптары және электр жабдықтары.

– Сондай-ақ, Қазақстан ішінде өндіру үшін әлеуеті жоғары тауарлар мен қызметтердің 50-ден астам түрі анықталды, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-нің жеткізушілермен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Олжас ЛҰҚМАНОВ. – Бұдан басқа, 2021 жыл ішінде жоғары вольтты кабель, талшықты-оптикалық кабель шығаратын тауар өндірушілердің біліктілігін арттыру, төмен вольтты қозғалтқыштарды жөндеу, газ турбиналарына қызмет көрсету және тексеру жұмыстары аяқталды. 

NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек МАРАБАЕВ пандемияға және оған байланысты шектеулерге қарамастан компанияның Қашаған кен орнында коммерциялық өндірісті қалыпты режимде және жарияланған көлемде тұрақты түрде жалғастырғанын атап өтті. Өткен жылы мұнай экспортының көлемі 16 миллион тоннадан астам болды. Өндіріс басталғалы 5 жыл ішінде барлығы 70 миллион тоннадан астам мұнай экспортталды. 2021 жылы NCOC жергілікті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамтуды арттыру үрдісін жалғастырып, компания үшін рекордтық көрсеткішке қол жеткізді: 58,4% (562,8 млн доллар); 2021 жылы келісімшарттардың жалпы құнының 83%-ы ӨБК анықтамасына сәйкес қазақстандық компаниялармен жасалды.

Атырау облысының мұнайгаз саласын дамыту мәселелеріне арналған пленарлық мәжіліс барысында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат ЖҮРЕБЕКОВ Солтүстік-Каспий жобасы аясында қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы, газды кері айдау компрессорларын жаңғырту және т.б. секілді инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Болашақта көмірсутек негізінен мұнай-газ-химия өнімдерін шығару үшін қолданылады. Елімізде мұнай-газ-химия саласын дамыту мақсатында Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» құрылды. Мұнай-газ-химия өнеркәсібінің келешегін ескеріп,  бұл өнеркәсіп үшін қолда бар шикізат –Теңіз газы мен Қашаған кен орнының газын ескере отырып, біз индустрияның және жалпы ұлттық экономиканың жаңа даму нүктесі ретінде Атырау облысын бекер таңдаған жоқпыз, – деді Мұрат Жүребеков.

– Атырау облысындағы газ өңдеу зауытын салу жобасында жыл сайын 1 миллиард текше метр шикі газ жеткізетін NCOC серіктес болып отыр. Тұжырымдама өндірілген шикі газды қабатқа қосымша кері айдаусыз экспорттауға негізделген. Таяу болашақта  бұл Қашағандағы өндірісті тәулігіне қосымша 30 мың баррельге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл NCOC-ты тәулігіне 450 000 баррель өндіру деңгейіне жеткізуі тиіс, - деді «North Caspian Operating Company N.V.» басқарушы директоры Оливье Лазар.

Пленарлық мәжіліске қатысушылар ілеспе газды кәдеге жарату жобаларына инвестиция салу атмосфераға тасталатын зиянды шығарындыларды азайтуға, ал елге өзінің қомақты газ қорын ақшаға айналдыруға мүмкіндік береді, деген тұжырымға келді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 сәуір 2022, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.