Атырау, 21 мамыр 22:21
 ашықВ Атырау +13
$ 443.72
€ 482.28
₽ 4.90

Жаңаөзендегі компания: "900 мыңға жуық жалақы алады"

1 248 просмотра

Қазақстандағы ірі бұрғылау компанияларының бірі – "Бұрғылау" ЖШС ереуілге шыққан жұмысшылардың талабына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Осыдан бір апта бұрын Жаңаөзен қаласында мұнайсервистік "Бұрғылау" ЖШС-нің 400-ге жуық қызметкері жұмысқа шықпай қойды. Олар бірнеше талап қойды. Соның ішінде жалақыны кем дегенде 1 миллион теңгеге көтеру, еңбек келісімшартын өзгерту, компанияны "ҚазМұнайГаздың" құрамына қосу, сондай-ақ барлық қызметкерді штатқа ауыстыру және тағы басқа талаптар бар.

"Бұрғылау" ЖШС өзінің ресми сайтында жұмысшылардың әрбір талабы бойынша түсініктеме берді. Оған сәйкес, компания қызметкерлері осы саладағы ең жоғары жалақыны алады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орташа айлықтың көлемі 887 мың теңге болған.

Сондай-ақ ұжымдық шартқа сәйкес, жалақы жыл сайын инфляция деңгейіне қарай көтеріліп тұрады. 2008 жылы орташа жалақы 158 мың болса, 2021 жылы 887 мың теңгеге дейін өскен. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 10%-ке ұлғайыпты.

"Мысалы, 5-разрядтағы игеру-барлау бұрғышысының айлық тарифтік мөлшерлемесі 543 112 теңге, ал ЭРБС бұрғышы көмекшісінікі 451 463 теңге көлемінде бекітілген. Бұл "таза" жалақы. Жұмыс режимін, қосымша төлемдер мен сыйақыларды ескерсек, ЭРБС бұрғышысының орташа жалақысы 1 098 191 теңге, ал ЭРБС бұрғышысы көмекшісінің орташа жалақысы 912 874 теңге болады", - дейді компания мамандары.

Ал ұжымдық шартты тапсырыс беруші компания – "Өзенмұнайгаз" АҚ-сымен теңестірудің қажеті жоқ. Себебі барлық шарты бірдей.

Ұжымдық шартта қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың түрлі шаралары, атап айтқанда, мерекелік сыйлықақылар, 13-ші еңбекақы, қосымша төлемдер мен жәрдемақылар, әртүрлі материалдық көмек түрлері, санаторийлер мен балалар лагерлеріне жолдамалар және тағы басқа әлеуметтік қолдау түрлері қарастырылған. Оған қоса, 1 ақпаннан бастап демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін қосымша ақы 1,5 еседен 2 есеге дейін өсті.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының құрамына қосылу жоспарда жоқ. Себебі мемлекет керісінше мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындарды, оның ішінде мұнай-газ кешенін бәсекеге қабілетті ортаға көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

"Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және салауатты бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуге ықпал етуге тиіс", - делінген ресми хабарламада.

Компанияның штаты да өзгермейді. Себебі штат саны өндірістік қажеттіліктерге сәйкес анықталады. Қазіргі кезде қосымша қызметкерлерге қажеттілік жоқ. Оның үстіне кәсіпорынның қазіргі штат саны (2050 адам штатта және 124 аутстаффингте) қазірдің өзінде өндірістік қажеттіліктен асып түседі.

"Ал Д.Таушанов, Т.Ахметова, Б.Мұқашева және А.Шапаховты қызметінен босатуға қатысты айтсақ, бұл қызметкерлер компания басшылығы қатарына кіреді, олар өздерінің еңбек міндеттерін адал орындайды және қызметкерлерден де заңнама мен еңбек шарты шеңберінде өз қызметін адал орындауды талап етеді. Жұмыс берушінің аталған мамандар жұмысына шағымы жоқ", - дейді компания қызметкерлері.

15 ақпан 2022, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.