Атырау, 22 мамыр 02:50
 ашықВ Атырау +23
$ 441.80
€ 480.02
₽ 4.88

Қырғыз музыканты Алматыда азапталғанын мәлімдеді

1 639 просмотра

Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов құқық қорғаушылардың күш қолданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Рузахунов жауап алу кезінде танымал музыкант екенін айтқан. Бірақ тәртіп сақшылары ол ақпаратты тексермеген.

"Жауап алу кезінде танымал музыкант екенімді қайта-қайта айттым, ал азаптау кезінде айқайлап тұрып, атымды интернет арқылы тексеруді өтіндім. Бірақ Қазақстанның құқық қорғау органдарындағы бірде-бір адам кім екенімді тексерген жоқ. Мені келемеждеді", - деп жазды Рузахунов Instagram парақшасында.

Осы орайда қырғыз музыканты "жүздеген адамның ішінен өзін таңдап, сценарий бойынша мәтінді жаттатқызып, камераға айтқызған" адамға өз алғысын білдірді.

"Иә, ол адамға алғыс айтамын. Дәрігерлердің айтуынша, менің өміріме қауіп төнген. Өйткені сынған қабырғалар өкпені зақымдапты. Ал тағы бірнеше соққы жасағанда жүрекке де зақым келетін еді...", - деп атап өтті Рузахунов.

Қырғыз азаматы қазақстандық телевидениеге де ризашылығын білдірді. Сұхбаттан кейін оны өз елінің басшылығы көріп, туған жеріне оралуына ықпал еткен.

Айта кетері, Алматыда ұсталған Викрам Рузахунов алдымен митингіге қатысу үшін белгісіз біреулер 90 мың теңге ұсынғанын, Қырғызстаннан арнайы ұшып келгенін айтты.

"Қырғызстанда жұмыссыз болғандықтан келістім. Олар билет алып берді, екісі күні Алматыға ұшып келдім, олар мені пәтерге алып кетті. Ол жерде Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары да болды, бірақ олардың не айтып жатқанын түсінбедім. Пәтерде 10-ға жуық адам болды. Митинг басталған кезде қорқып кеттім, пәтерге қайтып, түнеп шықтым. Келесі күні үйге қайтуға бел будым, бірақ әскерилер ұстады", - деді ол.

Ал Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстандағы бүлікке қырғыз елі азаматтарының қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

10 ақпан 2022, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.