Атырау, 19 мамыр 02:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

"Қорқыныш бар": Ираннан көшіп келген қандастар неге алаңдайтынын айтты

1 093 просмотра

Таяуда 20 отбасы Ираннан атажұртына оралды. Қазір қандастар Солтүстік Қазақстандағы үш елді мекенде тұрады. Баспана, мектеп, жұмыс жайы шешілді. Sputnik Қазақстан тілшісі тарихи Отанына жеткен этникалық қазақтармен әңгімелесіп, бүгінгі жай-күйі мен парсы еліндегі қандастардың тұрмысына қанықты.

Қуаныш пен қорқыныш

Ираннан атамекенге ат басын бұрған көшті 52 жастағы Хадиша Адай бастап келген. Екі ай бұрын ол Қазақстанға келіп, өңірлерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты. Иранға барғаннан кейін қандастармен көрген-білгенін бөліседі. Осылайша жиырма отбасының атажұртпен қауышуына түрткі болған.

"Әр қазақ әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, ата-бабасының кіндік қаны тамған топыраққа оралуды армандайды. Біздің де ең басты арман-тілегіміз осы еді. Шынын айтсам, ел-жұртымды ауыстырып, өз туған еліме келгенде өте қуанышты едім. Бірақ, қазір қуанышпен қатар қорқыныш та бар. Болашағым қалай болар екен, мені қалай қабылдар екен, артымнан ілескен адамдардың одан арғы жағдайы не болады, сіңісіп кетер ме екен, өз балаларымның келешегі қандай болар екен деп уайымдаймын", - деді әңгімесін бастаған Хадиша Адай.

Хадиша Адайдың жұбайы – өзге ұлттың өкілі. Айтуынша, жолдасы Иранда қалған, ал өзі екі баласымен Отанына біржолата қоныс аударуға бел буған.

"Мен жас кезімде парсы жігітіне тұрмысқа шықтым. Одан бір ұл, бір қыз сүйдім. Бірақ, кейін өзім қазақтың келіні болмасам да, балаларымды қазақ қыламын деп шештім. Олардың қазақы ортада тәрбиеленгенін, болашағын Қазақстанмен байланыстырғанын қаладым. Оларды Қазақстанға әкелуді армандадым. Аллаға шүкір, арманым орындалды", - дейді қандас.

Қазір Хадиша Адай балаларымен Есіл ауданындағы Петровка ауылында тұрады. Иранда ұшақ жөндейтін инженер мамандығына оқыған 21 жастағы ұлы Петропавл университетіне ауысқан. Сабаққа онлайн қатысады. Ал 15 жастағы қызы мектепке барып жүр. Екеуі де Иранда тұрғанда қазақ тілі мен орыс тілін онлайн оқып, меңгеріп алған.

Үкіметтің жұмысына кірмеймін

Хадиша Адай Иранда парсы тілі мен әдебиетінен университетте жиырма бес жыл сабақ берген. Кейін өз еркімен зейнетке шыққан. Үйде бос отырмай, кәсіптің көзін табады. Табиғи маталардан ерекше дизайнмен плащ тігіп сатады. Ісі өрге домалап, екі дүкен ашады. Алаша мен табиғи теріні қосып, сырт киімдерге келістіріп, сөмке тігуге кіріседі. Алайда былтыр пандемия басталып, дүкендерін жабуға мәжбүр болған. Тауарларын онлайн сатуға көшкен.

5 қазан 2021, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.