Атырау, 18 мамыр 19:37
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстандағы “EXPO-2017” қалай өтті?

2 832 просмотра

Бүгін Дубайда “EXPO-2021” Халықаралық көрмесі ашылды. Осыған орай Express Qazaqstan 2017 жылы елімізде өткен EXPO көрмесіне шолу жасады.

2017 жылдың 10 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында "EXPO-2017" көрмесі ашылды. Көрмеге қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды, бір бөлігі көрмеге кеткен қаржыға наразылық танытса, енді бірі бұл көрме еліміздің мәртебесін көтеретінін айтты. Қазақстанға дейін бұл көрме Миланда өткен болатын.

Көрмені өткізу құқығына Қазақстан мен Бельгия таласты. Жасырын дауыс беру кезінде Қазақстан 161 дауыстың 103-ін жинады.

"EXPO-2017" көрмесінің тақырыбы — Болашақ энергиясы. Бұл шараға 115 ел мен 22 Халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге келген 4 млн адамның 500 мыңға жуығы — шетелдіктер. Көрме аумағы 174 гектар болды.

Халықтың пікірін екіге жарған, көптеген сын-пікір мен дау-дамайға негіз болған "EXPO-2017" көрмесіне Қазақстан 2 млрд 100 млн доллар бөлді. Айтпақшы, америкалық журналист Джеймс Палмер бұл көрмені Қазақстан экономикалық дағдарысына қарамастан өткізгеніне наразы болып, мақала жазды.

Көрме қалашығындағы алып шар Қазақстандағы "EXPO-2017" көрмесінің символына айналып үлгерді. Оның биіктігі — 100 метр, диаметрі — 80 метр болды. Дөңгелек ғимаратқа "Нұр-Әлем" деген атау қойылды.

Көрме қалашығының эскиздік нұсқасына жарияланған архитектуралық байқауға 100-ден астам компания қатысты. Нәтижесінде америкалық компанияның нобайлары үздік деп танылды. Сондай-ақ Швейцариялық компанияда қалашықтың архитектурасына өз үлесін қосты. Құрылысқа ҚР Үкіметі қаржы бөлгенін де айта кету керек. Сондай-ақ жеке инвесторлар қаржы салды.

Көрмеге кіру билеті қолжетімді болды. Ең арзан билет 2000 теңгеден сатылды. Бұл көрмеге бюджеттік мекеме қызметкерлері, студенттер мен оқушылар тегін барды. Оларды автобуспен, пойызбен Нұр-Сұлтанға бір күнге апарды.

Эксподағы еріктілердің еңбегін айта кету керек. 35 елден 4500 ерікті көрмеде жұмыс істеді.

"Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ" АҚ басшысы мен тағы да 22 тұлға көрме құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды деген айыппен сотталды. Келген шығын көлемі — 10 млрд 200 млн теңге.

Көрме аясында Нұр-Сұлтанда жаңа 34 қонақ үй ашылды. 5 мың адам жұмыспен қамтылып, отандық 1400 кәсіпкер "EXPO-2017" қалашығын салды. Елордалықтардың өміріне 16 инновациялық жоба еніп, 39 халықаралық келісімге қол қойылды. Көрме 2017 жылдың 10 қыркүйегінде жабылды.

1 қазан 2021, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.