Атырау, 10 мамыр 17:56
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Үміт пен күреске толы үш жыл

2 528 просмотра

4 ақпанда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Онкологиялық аурудың не екенін Жаннат ЕСМАҒАМБЕТОВА (суретте) жақсы біледі. Үш жыл бұрын оған айыр безінің ісігі бар деген диагноз қойған, содан бері оның өмірі күреспен өтіп келеді.

Жаннат пен оның қызы Дананың басындағы жағдай біздің оқырмандарымызға таңсық емес («АЖ» №13, 29.03.12, «Анасын аялаған қыз» жарияланымын қараңыз). Жарияланымға атыраулықтардың көпшілігі үн қосты – қолдарынан келгенше көмек берді. Әріптесіміз Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ олар туралы фильм түсірді, бірақ бастысы – осы сырқатқа шалдығып, оны жеңе білген жан табылды. Жерлесіміз, 20 жастағы Азаматқа Қытайда жасалған ота сәтті өтіп, ол Жаннатқа өзін үлгі етіп, қолдау көрсетуді ұйғарды («АЖ» №20, 17.05.12, «Ендігі үміт - Қытайда» жарияланымын қараңыз).

2012 жылы Атырау облысында онкологиялық сырқатқа шалдыққан 68 науқас анықталды. Олардың үштен бір бөлігі өз сырқаттары туралы тегін скринингтік тексеруден өткен кезде білген. Қазіргі уақытта Атырауда сүт безінің, жатыр мойнының, тоқ ішек пен тік ішектің онкологиялық сырқаттарына скринингтік тексеру жүргізіледі. Биылғы жылы бұл тізімге қуық түбінің безіне, асқазан және өңешке тексеру жүргізуді енгізу жоспарланған.

– Өткен жылы скрининг кезінде сүт безінің 11 қатерлі ісігі, жатыр мойнының 6 қатерлі ісігі, колоректалды 4 қатерлі ісігі анықталды, - дейді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Құмаржан МҰРАТОВ.

Елімізде өткен жыл онкологиялық аурулармен күрес аясында өтті. Қаржыландыру күрт өсті: егер 2011 жылы облыстық онкологияға 5 млн теңге бөлінген болса, 2012 жылы бірден 54 млн теңге бөлінді. Бұл стационарлық науқастарды, күндізгі стационарлық бөлімде ем алып жатқан және амбулаториялық ем қабылдап жатқан пациенттерді толығымен тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға, Қызылқоға ауданы үшін, сонымен қатар Мақат пен Индер аудандарының пациенттеріне қызмет көрсету үшін тағы бір көшпелі маммограф аппаратын алуға мүмкіндік берді. Енді облыста бес маммограф бар. Олар: онкодиспансерде, №1 қалалық емханада, Жылыой ауданында біреу және басқа аудандар үшін екі көшпелі аппарат бар.

 

Қытайға Жаннат дені сау боп ораламын деген үмітпен аттанған еді. Бірақ Үрімші емханасындағылар ештеңе жасай алмады, ісік тереңге бойлап кеткен екен. Қытайлық дәрігерлер бар болғаны дем беретін емдеу курстарын өткізіп, қанын тазартып, иммунитетті иммуноглобулинмен көтеру шараларын ғана жасады. Бастапқы уақытта Жаннат өзін жеңіл сезініп, қою тамақтар іше бастап, тіпті салмақ та қосты. Бірақ уақыт өткен сайын ауру қайта меңдей бастады. Мұндай курстардан пациент жылына төрт рет өтуі қажет екен. Ал мемлекет тек бұл курстың біреуін ғана төлейді. Иммуноглобулиннің бір ампуласы 220 мың теңге тұрады.

- Маған қол ұшын берген барша жанға үлкен алғысымды білдіремін. Ұшақ билеттерін, Қытайда тұру және емделу шығындарының барлық чектерін сақтап қойдым.  Бір тиынды текке жұмсаған жоқпын. Сіздердің газеттеріңіздегі жарияланымнан кейін Галина есімді әйел келді. Оның қызына жасалған ота сәтті шығыпты, ол енді дәріге мұқтаж емес екен. Қымбат тұратын ампуланы маған әкеліп берді. №2 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира ШАМАЕВА үнемі көмектесіп тұрады. «Қазақтелеком» телефон байланысы мен интернетті төлейді, НСПОС-тан Оксана Григорян бізге үнемі көңіл бөледі, Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясының директоры Гүлнар САДУАҚАСОВА мен Қытайда болған кезде Данаға қарасып жүрді, - деп Жаннат қызымен екеуіне қолдау көрсеткен жандарды санамалап шықты. Дегенмен де олар өз аяқтарынан тұрып кеткісі келеді. Бірақ оған дәрменсіз боп отыр... Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер тарифі өсті. Көршілердің бірі ме, әлде оларға келген бұзақы меймандар ма, біреулер подъездегі электр қалқанын жұлып алыпты. Пәтердегі бүкіл техника жанып кеткен. Дана бұрынғыдай табыс таба алмайды. Политехникалық колледжге оқуға түскен екен, сабағы көп уақытын алады. Ақпан айында ол Атырау мұнай-газ оқыту орталығында оқуды жоспарлап отыр. Ол жерге 11-сынып түлектерін қабылдайды екен. Алайда Дана мен оның құрбылары үшін жеңілдік жасалған – қыздар бүкіл емтихандарды жақсы тапсырыпты.

Жаннат әлі де үмітін үзбейді. Бұл жолы оның үміті Ресей астанасымен байланысты болып отыр. Ол тіпті пәтерін сату туралы хабарландыру беріп те қойған, адамдардан сұрауға ыңғайсызданады. Пәтері тап-таза, жайлы, бірақ көпшілігі жатақхананың подъезінен шошиды. Ал мені Жаннат пен Дана баспанасыз қалуы мүмкін деген ой қорқытады. Бірақ оны райынан қайтаруға тырыспадым. Адамның үмітін үзу деген қаталдық қой. Одан да қол ұшын берген абзал.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ


 

31 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.