Атырау, 19 мамыр 19:25
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Тоқаев пен Назарбаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

3 502 просмотра

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда. 

"Құрметті отандастар! 

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген.

Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз – бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.

Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ.

Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!"

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы

"Қымбатты отандастар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтаймын!

Бұл күн баршамыз үшін татулық пен келісімнің, патриотизмнің символы болып саналады.

Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде еліміз қол жеткізген барлық жетістіктер – Отанымыздың тағдыры үшін ортақ жауапкершілік сезіне білген күллі қазақстандықтардың береке-бірлігінің көрінісі.

Көпұлтты халқымыздың мызғымас достығы Қазақстан мемлекеттілігінің басты тірегінің біріне айналды.

Біздің мақсатымыз – қажыр-қайратымыз бен ертеңгі күнге деген сенімнің бастауы болған ел бірлігін бұдан да әрі көздің қарашығындай қорғау.

Тек татулықтың арқасында ғана біз басымызға түскен сынақтардан сүрінбей өтеміз.

Қазақстан халқының ырысты ынтымағы әрдайым жаңа белестерді бағындыруға жол ашады деп кәміл сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!"


30 сәуір 2021, 09:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.