Атырау, 18 мамыр 11:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Жақында Құрманғазы ауданына қатынайтын жолаушылар пойызы іске қосылады

2 865 просмотра

Бұл мәселе облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІІ сессиясында талқыланды. Сессияда сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ облыс орталығын Құрманғазы ауданымен байланыстыратын теміржол бағытының қажеттілігіне тоқталды.

Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ

– Бұрын Душанбе – Мәскеу, Ташкент Саратов пойыздары облыс орталығын жолай  Құрманғазы ауданымен байланыстырып жүретін. Карантин шектеулеріне байланысты бұл бағыттағы рейстер уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, Атырау – Астрахань бағытындағы 227 шақырымдық республикалық автожолда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ол 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. Соның салдарынан Құрманғазы ауданының 60 мыңға жуық және Исатай ауданының 30 мыңға жуық тұрғыны облыс орталығымен қатынасуы  қиындап отыр. Сондықтан Атырау қаласы – Д.Нұрпейісова станциясы бағытында қатынайтын пойызды іске қосуды ұсынамыз, - деді Ә.Оразғалиев.

Өз кезегінде Атырау магистралды желілер бөлімшесінің директоры Елубай САПАРОВ Исатай және Құрманғазы аудандарының әкімдерімен бірлесіп, мәслихат депутаттарының келісімі бойынша пойыздың облыс орталығына келу және кету кестесі бекітілгенін айтты. Пойыз құрамы Атыраудан сағат 18.00-де қозғалып, Дина Нұрпейісова станциясына сағат 01.00-де келіп тоқтайды. Ал сағат 02.00-де кейін қозғалып, облыс орталығына сағат 9.00-де жетеді. 

– Билет құнына келетін болсақ: плацкарт вагонындағы Аққыстау станциясына дейінгі орын 218 теңге, Исатай станциясына дейін 464 теңге және соңғы станцияға дейін 1200 теңге болады, - деп хабарлады Е.Сапаров.

Құрманғазы ауданына қатынайтын пойызды күн сайын шығару жоспарланып отыр. Бірақ ол қашан іске қосылатыны – бір аптадан кейін немесе бір айдан кейін бе – ол әлі белгісіз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

12 сәуір 2021, 10:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.