Атырау, 18 мамыр 18:18
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Мамин Тұрғановтың Жайыққа қатысты сауалына жауап берді

3 731 просмотра

Жақында Атырау облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВТЫҢ Жайықтың тайыздануына қатысты ҚР премьер-министрі Асқар МАМИННІҢ атына депутаттық сауал жолдағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Енді Маминнен жауап келген, өкінішке орай, бұл ахуалға алып-қосары аз.

Бастапқыда премьердің кеңсесі «соңғы жылдары ұзақ уақыт су аз келген жылдар циклына, көктемгі су тасқынының болмауына және жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты Жайық өзені бассейнінде экологиялық ахуалдың нашарлауы және Сағыз, Ойыл, Жем өзендерінің жерүсті ағындарының азаюы байқалады» деді.

Әрі қарай қабылданған бағдарламалар, құрылған комиссиялар туралы айтылған. Жайық бассейнінде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында, 2020 жылдың 4 желтоқсанында 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзен бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының ведомствоаралық бағдарламасына қол қойылып, өзеннің су көлемін арттыру үшін «Ірі өзен бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастықты белсендірудің бірыңғай жол картасы» бекітілді.

Карта аясында екі жақтың сарапшылары су аз болған кезеңде Жайық өзенінің гидрологиялық ағынын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлейді. Бұл шаралар, үкіметтің пікірінше, жайылымды су басу және уылдырық шашатын жерлерді шаю үшін қажет экологиялық рұқсатнаманы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өзен ағынының көлеміне келетін болсақ, «бұл трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау, Жайық өзені бассейнінде су шаруашылығы қызметін үйлестіру туралы 1996 жылғы 20 маусымдағы хаттамамен реттеледі» деп көрсетілген. Жіберілетін ағынды сулар көлемі нақты жылдағы өзеннің болжамды су көлеміне байланысты болады.

Хаттамаға сәйкес, шекаралас учаскелерде трансшекаралық өзендермен жіберілетін Жайық өзені ағынының көлемі су орташа келген жылдары 7,8 текше км, су аз келген жылдары 5,4 текше км, ал су өте аз келген жылдары 3 текше км құрайды.

Су көлемі аз болған жылдары Жайықтың орта және төменгі ағысында су шаруашылығы ахуалын жақсарту үшін Комиссияның тең төрағалары деңгейіндегі келіссөздер арқылы жазда және күзде Ириклинск су қоймасынан қосымша су шығару мақұлданады».

Өзендердің арнасы мен сағаларын құлаған ағаштардан, қамыстан және басқа қоқыстардан тазарту туралы сұрақ болды. «Жергілікті атқарушы органдар (Батыс Қазақстан және Атырау облыстары) тұрақты негізде көктемгі және күзгі кезеңдерде «Таза жағалау» акциясын, Жайықтағы су ресурстарының жағдайын жақсартуға бағытталған су қорғау шараларын өткізеді».

Тағы бір сұрақ Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосуға қатысты болды - жауапта бұл ұсыныстың уақытылы жасалғаны, осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген «ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізіміне толықтыру енгізу мәселесі қарастырылып» жатқаны атап өтілді.

Депутат Тұрғанов Жайықтан жүктемені азайту үшін Атырау қаласын Астрахан-Маңғышлақ су құбырына қосу мәселесін де қарастыруды өтінді. Бірақ «магистральды су құбыры 1988 жылдан бері пайдаланылып келеді, оның қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты әлеуетін толық пайдалану мүмкіндігі жоқ» болып шықты. Сондықтан 2030 жылға қарай оның өткізу қабілетін күніне 110 000 текше метрден 200 000 текше метрге дейін арттыру үшін су құбырын қайта салудың және кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) жасалды. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жобаның жалпы құны 120 млрд теңге. Осыған орай, Ақтөбе облысында орналасқан Көкжиде жерасты су кен орны Атырау қаласын сумен жабдықтаудың баламалы көзі ретінде қарастырылады.

Тұрғанов теңіз суын тұщыту арқылы суды технологиялық қажеттілікке пайдалану мәселесін қарастыруды ұсынды. Жауапта «бұл үшін айтарлықтай қаржы ресурстары қажет (сумен жабдықтау жүйесін қоспағанда, шамамен 12 млрд теңге), сондықтан бұл ұсыныс әрі қарай зерттеуді қажет етеді» делінген.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

2 сәуір 2021, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.