Атырау, 18 мамыр 17:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Макс Боқаев: «Шамамен бес жылдай кейін үндемей жату үшін отырған жоқпын»

Сурет Бейнежазба
3 658 просмотра

Өткен жексенбіде Макс Боқаев бірнеше азаматтық белсенділермен бірге тағы да Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңға шықты. Барлығы 10-ға жуық адам жиналды, олардың ішінде біздің әріптесіміз, «Орал апталығы» газетінің редакторы Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ және Аққыстау ауылының тұрғыны бар. Бұл жергілікті белсенділердің осы алаңдағы бесінші жиыны. Еске сала кетсек, Макс жариялаған алғашқы митинг 28 ақпанда өтті.

Бұл жолы алаңға бірде-бір билік өкілі шыққан жоқ, прокуратура мен полициядан ешкім көрінбеді. Бірақ «азаматтық киім кигендер» болды.

 

«БІЗ ТАКТИКАНЫ ӨЗГЕРТУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ»

Сол алаңда тұрып Макске бірнеше сұрақ қойдым. Ол қазір өзін қолдаушыларға құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасалып жатқанын атап өтіп, оны қолдау үшін арнайы арнайы алыстан ат арытып келіп, алаңға шыққан Лұқпан мен Аққыстау ауылының азаматына алғысын білдірді.

- Қазір менің қасымда мені қолдап жүрген Әлібек МҰСАУЛЫ мен Қасым ҚОЖАНТАЕВҚА қысым көрсетілуде. Сондықтан біз тактикамызды сәл өзгертейік деп шештік: біз митинг өтетін күн мен талқылау тақырыбын әлеуметтік желі арқылы жарияламаймыз деп шештік. Бірақ,  уәде бойынша, біз бүгін алаңға келдік. Біз аз болсақ та, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалай өзгерту керектігін және оны шешу жолдарын талқылап, кеңесу үшін жиналдық, - дейді Макс.

 

«ҚАЗІРГІ АТА ЗАҢЫМЫЗ ЕЛДІҢ ДАМУЫН ТЕЖЕП ТҰР»

Макс Боқаев өзінің әріптесі Талғат АЯНМЕН бірге азаматтық сотқа сайлау заңнамасына қатысты шағым түсірмекші.

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (ҚР 2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI ЗРК Конституциялық Заңымен), соның нәтижесінде біздің құқығымыз, бостандығымыз және заңды мүдделеріміз бұзылды; біздің азаматтық құқығымыз бен бостандығымызды жүзеге асыруға кедергі жасалды. Осы өзгерістерге сәйкес, егер ҚР азаматы қолданыстағы саяси партиялардың кез-келген бағдарламасын қолдамаса, онда ол өзін-өзі басқару органы - мәслихатқа депутат сайлау және депутат ретінде сайлану құқығынан айырылады. Яғни, жергілікті мәслихаттың депутаты болу үшін партия мүшесі болуы міндетті. Бұл дұрыс емес және Конституцияға қайшы келеді. Бұл талап-арыздан не шығатынын білмеймін, көреміз.

- Менің сұрағым сізге ұнамауы мүмкін, бірақ бұл сұрақ біздің кейбір оқырмандардың көкейінде жүр.

- Иә, әрине, сұрай беріңіз.

- Сіз бостандыққа шыққанда берген уәде бойынша апта сайын митинг жасау үшін алаңға шығасыз. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғанға дейін сіз экологиялық мәселелерді және коммуналдық қызметтердің тарифін, ең бастысы – жер мәселесін көтердіңіз, көп адам сізді қолдады. Ал қазір сіз Конституцияға өзгерту енгізіп, құрылтай ұйымдастыру туралы ұсыныс жасап отырсыз... Сіз шынымен де біздің елімізде Конституцияны өзгерту мүмкін деп ойлайсыз ба? Сіздің негізгі мақсатыңыз қандай?

- Ең басты мақсат - өз пікіріңді білдіру. Мүмкін, жаңа Конституцияға қол жетпейтіндей, немесе ол жүзеге аспайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ, мысалы, көршімізді алайық - Қырғызстанда биыл жаңа Ата заң қабылдау жоспарланды. Бәрі өз қолымызда. Қазіргі Конституция біздің алға қарай дамуымызды тежеп отыр. Осыны көпшіліктің құлағына жеткізу үшін айта беруіміз керек. Содан кейін, сіз айтқандай, тариф пен экология мәселелерімен айналысамыз. Бәрі бір-бірімен байланысты.  Мәселен, мен кеше бір кәсіпкермен кездестім - жергілікті билік оның қаланың ортасындағы кафесін бұзғысы келеді. Бұл да жер мәселесіне  қатысты.

Жергілікті деңгейдегі басқа проблемаларға келетін болсақ, мен кез келген адамға көмектесуге дайынмын. Сіздің газетіңіз арқылы мен еңбек даулары, мәселен, мектеп есепшілерінің жалақысын көбейту туралы талабынан хабардар болып отырмын. Мен оларға көмектесуге дайынмын. Бір себептен, менің көмегім қажет болған адамдар бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі арқылы мені табу үшін де осы алаңға келемін.

Бұл ретте, әрине, өзімнің жағдайым оңып тұрған жоқ. Бұл әкімшілік шектеулерге байланысты. Құдай біледі, қазір немесе түстен кейін, иә болмаса бір жылдан кейін мені қайтадан қамай алады. Мені тек Еуропалық парламенттің егер тағы жазаланатын болсам қолданатын санкциялар туралы қарары қорғап тұр.

Мен абақтыда отырғанда, шамамен жарты жыл бұрын маған Талғат телефон шалып, «Макс, саған қатаң әкімшілік шектеу қолданғалы жатыр, соған дайын бол» деді. Айтқанымдай, мені қамауға алу үшін биліктің маған қарсы дәлелі жеткілікті. Мәселен, менің сұхбат беруге құқығым жоқ.

- Ғафу етіңіз, сұхбат беруден бас тартуыңызға болады.

- Жоқ, менің айтайын деген ол емес. Себебі мен тек сізге ғана сұхбат бермеймін ғой.

- Сонда сіз қорықпай, тағы да қамауда отыруға дайын болып тұрсыз ғой.

- Қорықпаймын, дайынмын. Кейін үндемей жату үшін бес жылдай уақыт босқа қамауда отырған жоқпын ғой. Өз пікірімді айтамын, қоғамдық жұмыспен айналысуды жалғастырамын.

Меннен басқа 19 млн қазақстандықтардың ішінде белсенді азаматтар бар, маған бірдеңе болса, солар жалғастырады деп ойлаймын.

 

МАМАНДАР НЕГЕ КЕЛМЕЙДІ

- Мүмкін, саяси және экономикалық бағдарлама дайындау үшін әр түрлі саладағы білікті  әрі белсенді мамандар тобын жинау керек шығар?

- Иә, әрине, мұндай жұмысты бір адам емес, топтасқан ұжым атқаратыны анық. Бірақ, егер олар өздері маған ойларын айтып келсе. Білікті экономист немесе заңгерді және т. б. арнайы шақырып, оларға ақы төлейтін менің  мүмкіндігім жоқ. Бұл жерде тағы бір маңызды нәрсе: менімен байланысқан адамды билік қолынан келгенше аяғынан шалуы мүмкін. Онсыз да, менің жанымда жүрген Әлібек пен Қасымды қорқытып, айыппұл салуда. Тіпті еш шімірікпестен жақын туғандары арқылы әрекет етуге дайын. Бір белсенді азаматшаның қызы туралы мәліметті порно сайтта жариялап қойған. Қазір оған танымайтын ер адамдар ұятсыз ұсыныспен қоңырау шалады.

- Кімді сотқа беретінін де білмейді...

- Иә. Тағы бір белсендінің әйеліне жолдасын жұмыстан шығарамыз деген. Сондықтан қазір менің қасыма өз ойымен бөліскісі келген білікті экономист те келместен бұрын жүз рет ойланады. Келмейді де. Ол жұмыс жасап, балаларын тәрбиелеп, отбасын асырау керек емес пе. Сондықтан мен де ерікті көмекшілерімнің қудаланғаны үшін жауапкершілікті мойныма алғым келмейді.

- Жергілікті мәслихат депутаттары арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу мүмкін бе?

- Оларға үміт артудан нәтиже шықпайды, мен оларға сенбеймін. Сондықтан біз қазір азаматтық сотқа сайлау заңнамасы бойынша арыз беріп жатырмыз. 2018 жылдың 29 маусымына дейін 20 жасқа толған әр азамат өзін мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсыну құқығы болды. Ал қазір сен ол үшін саяси партияның мүшесі болуың керек.

Мен қала мен аудандардағы жергілікті проблемалар туралы сіздің газеттен оқып, туыстарым мен әріптестерім арқылы біліп отырамын. Егер сыни жиынтық жиналып қалса, оған кірісуге болады. Күні кеше Атырауға біздің әріптесіміз Мұхтар ТАЙЖАН жер комиссиясына енгізу үшін өзінің ұсыныстары бойынша презентациясымен келді. Мен белсенді азамат Арман ХАЙРУЛЛИНГЕ осы тақырыпқа қатысты қоғамдық тыңдау өткізуді өтіндім.

- Айтпақшы, 8 наурызда Алматыда феминистік және ЛГБТ қозғалысын қолдауға арналған митингіге сіздің көзқарасыңыз қандай? Оларға рұқсат берілді, ал сізге бермейді.

- Менің ойымша, Қазақстандағы адамдардың 70-80% -ы өзін мұсылманмын деп санайды. Сондықтан қоғам бөлінсін деп оларға әдейі рұқсат берілген болар. Енді олар БҰҰ-на , міне, бізде демократия бар деп есеп береді. Пікір әртүрлі, бейбіт түрде болса, мен қарсы емеспін. Әрине, билік өкілдері митингке шыққандардың үніне құлақ асу керек, олар сол халықты тыңдау үшін отыр ғой ел басқарып.

 

НЕГЕ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ПАРТИЯ МҮШЕСІ БОЛУ КЕРЕК?

Ал 29 наурызда Талғат Аян Макспен бірге өзінің Facebook парақшасында 2018 жылғы сайлау заңнамасына партиясыз азаматтардың мәслихаттарға сайлану құқығын шектейтін өзгерістерді жою туралы талап арыз бергенін жазды. «Қазақстан президенті мен парламенттің екі палатасының да төрағалары жауапкер болып табылады, - деп жазады Аян. – Осыны негізге алып, уақыты бойынша соңғы мәслихат сайлауының қорытындысын жоюды талап ететін боламыз. Тек екі-үш ресми партияның мүшелерінен құралған жақында сайланған мәслихаттағылар жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғауы екіталай. Сондықтан әр белсенді азамат мемлекеттік басқаруға қатыса алатындай етіп сайлау заңнамасына өзгеріс енгізу үшін қоғам атсалысу керек».

Айнұр САПАРОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

30 наурыз 2021, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.