Атырау, 7 мамыр 21:41
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Балаға қол көтеру туралы іс: логопед-куәгердің сергелдеңге түсуі

3 794 просмотра
Бейнежазбадан алынған скрин

Жақында «Алтын балық» мамандандырылған балабақшасында балаға қол көтеру туралы іс бойынша сот отырысы кезінде осы балабақшаның логопеді Алтынай ШУГАЕВА тағы да жауабын өзгертті.

Сот онлайн режимінде өтіп жатыр. Алдыңғы сот отырысында тергеуші Нұрлан ЗАБИГУЛЛАЕВ іс бойынша жауап берді. Жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап бере отырып, ол куәгер Шугаевадан өзінің қызметтік кабинетінде жауап алғанын айтты. Оған қысым жасамаған, бірақ жалған куәлік еткені үшін жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. Алдымен ол сотталушының зардап шеккен балаға дөрекі қарағанын байқамағанын мәлімдеді. Бейнежазбаны көргеннен кейін өз жауабын өзгертті. Бұл сот отырысы өте әсерлі өтті, баланың анасы да, куәгер де көзіне жас алды.

- Осыдан бұрын сіз тергеушінің сізге қысым көрсеткенін айттыңыз. Сізге қандай қысым жасады, дәлеліңіз бар ма? - деп сұрады зардап шеккен баланың анасы.

- Ол мен бұл әйелді неге қорғап тұрғанымды сұрады. Бақылау камералары арқылы барлығы көрініп тұр деді. Содан кейін ол маған жалған куәлік бергенім үшін үстімнен іс қозғай алатынын айтты. Балаларыңызды ойлаңыз деді.

- Менің ойымша, бұл жерде жай ғана сізге жалған куәлік беруге болмайтынын түсіндірген.  Оның үстіне ол өзінің қызметтік бөлмесінде жауап алған. Неге бәрі сіздің сөзіңізден дұрыс жазылған деп хаттамаға қол қойдыңыз? Қысым болған жағдайда сіз оның басшысына шағымдана алатын едіңіз. Неге соны істемедіңіз?

- Әркім әртүрлі қабылдайды. Мен қорықтым, күйзеліске ұшырадым, сондықтан ол жерден тезірек кету үшін қағазға қарамай, қолымды қоя салдым.

- Сіз қорықтым деп бірнеше рет айттыңыз. Біресе баланың анасының жақтырмағанынан, біресе Мәрия Ізмағамбетованы (іс бойынша сотталушы «Алтын Балық» тәрбиешісі - З.И.) қамап тастайды деп, біресе өзіңіз үшін қорықтыңыз, үнемі балаларыңызды айта бересіз. Түзетуді қажет ететін баланы құлағынан тартып, жұлқылаған кезде қорыққан жоқсыз ба? Қиналған балаға аяушылық таныттыңыз ба, өз балаңызға жаныңыз ашығандай әсер болды ма? - деп сұрады зардап шеккен тараптың адвокаты Айгүл КЕНЖАЛИЕВА.

- Мен көрген жоқпын!

Адвокат сотқа жалған айғақ бергені үшін Шугаеваға жеке ұйғарым шығару туралы өтініш білдірді. Содан кейін ол куәгер Забигуллаевқа сұрақ қойды:

- Сіз Шугаеваға психологиялық немесе физикалық әрекет қолдандыңыз ба?

- Жоқ.

- Жалған айғақ бергені үшін жауапкершілік туралы ескертуден басқа, Шугаеваға қамауға алынуыңыз мүмкін, балаларыңыздың тағдырын ойлаңыз деп айттыңыз ба? - деп сұрады судья.

- Жоқ, айтқан жоқпын.

- Бұған не айтасыз, Шугаева?

- Ол мұны айтты.

- Тергеуші Забигуллаев тергеу барысында сізге дауыс көтерді ме? – деп сұрады прокурор.

- Жоқ, дауыс көтерген жоқ. Ол егер мен қажетті жауап берсем, менің үстімнен іс қозғалмайды деді. Олар таразының бір басына менің балаларымның, ал екінші басына  Мария Қабдолқызының тағдырын қойды.

- Біз сот процесін аяқтауға жақындадық, осы уақыт ішінде сіз өз жауабыңызды бірнеше рет өзгерттіңіз. Сот сізден мұқият ойланып, шындықты айтуды, егер бар болса, іс бойынша түсініктеме мен толықтыру енгізуді сұрайды. Біз куәгерлерден жауап алуды аяқтап,  пікір алмасуға көшуіміз керек. Қазір сізде сұрақтарға шынайы жауап беруге әлі де мүмкіндігіңіз бар, - деді судья куәгерге.

Осы жерде куәгер көз жасына ерік беріп, Ізмағамбетова мен оның қызын аяғанын мойындады.

- Бұл не дегеніңіз? Расында нені көргеніңізді қысқаша және нақты түсіндіріп кетіңіз.

- Мен оны жар мен терезелерді жууға мәжбүрлеп, құлағынан тартқанын көрдім. Бейнетаспаға жазылмай қалған бір жағдай болды. Бұл жағдай 1-қабаттағы басқа кабинетте болды, ол баланың құлағынан тартты. Мұны тағы бір логопед көрді.

Шугаеваның сөзіне қарағанда, оны сабырға шақырып, тіл алмаған балаға бұлай ашулануға болмайды, қазір бала тыныш отырып тыңдамай, ештеңе жасағысы келмесе, кейін жасайды деп  түсіндіргенде, Мәрия Ізмағамбетова оның сөзіне құлақ аспаған. Өзін-өзі ұстау керек деп айтқан. Ал Ізмағамбетова баланың мектепке дайындық нәтижесін көргісі келетін анасының қалауы бойынша әрекет еттім деп жауап берген.

- Сіз осы жерде отырғандар мен баланың анасынан кешірім сұрауды қажет деп санамайсыз ба? Сізден жауап алуға бірнеше күн кетті, сіз біресе жауаптан жалтарып, біресе оны өзгерттіңіз. Тергеушіні сізге қысым жасады деп айыптадыңыз. Өзіңіз әріптесіңіз бен оның баласына жаныңыз ашып, қиын жағдайға тап болғаныңызды айттыңыз. Бірақ баланың анасы одан да қиын жағдайға түсіп отыр, оның баласы науқас, сотқа жүгініп, арыз бен өтініш жазуына тура келді. Егер сол уақытта сіз Ізмағамбетованың әріптестері болып оны тоқтатқанда, жағдай тап осылай ушығып кетпей, іс сотқа дейін жетпес еді, - деді адвокат Кенжалиева.

- Мені кешіріңіз, Мария Кабдуловнаға да, сізге де жаным ашиды, - деді Шугаева зардап шеккен тарапқа.

Прокурор жаңа айыптау актісін жасауға уақыт беруді өтінді, соған байланысты келесі сот отырысы 25 наурызға тағайындалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

22 наурыз 2021, 00:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.