Атырау, 7 мамыр 23:21
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +14
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Жерді бермейміз!»: Елтай ауылының тұрғындары жергілікті билікке ультиматум қойды

Бейнежазба
6 454 просмотра

Индер ауданы Елтай ауылың тұрғындары ауылдан 10 шақты шақырым қашықтықтағы «Көктөбе» учаскесінде 800 гектар жер телімін ауыл шаруашылығы мақсатында беру үшін конкурс өткізуге ауыл адамдары қарсы шықты. Әкімдік ауыл клубында осы мәселе бойынша жиналыс өткізуге мәжбүр болды.

Елтай ауылында 2438 халық тұрады, 2073 ірі қара, 4492 қой-ешкі, 285 жылқы, 115 бас түйе бар. Мал жайылысының тарылып кеткені ауыл адамдарының бас ауруына айналған. Осыған байланысты көпшілік «Көктөбеден» жер телімінің берілуіне үзілді-кесілді қарсы. 15 наурызда елтайлықтар аудандық әкімдік өкілдерімен кездесіп, жиын жергілікті Мәдениет үйінде жалғасты.

- Ауыл белсенділерінің жер беруге қарсылығын біз түсіністікпен қабылдаймыз. Онда хаттама толтырып, қолдарыңызды қойып, бізге тапсырасыздар. Бұдан бұрын Аққала ауылы тұрғындары да «EcoTechnics» ЖШС-не қосымша жер беруге қарсы шығып, хаттамаға сәйкес ол жер берілген жоқ. Елтай ауылының жайылымдық жері аз, оны түсініп отырмыз. Ауыл төңірегіндегі кейбір пайдаланылмаған жерлерді кері қайтару жұмыстары жүретін болады, - деді жиынды ашқан Индер ауданы әкімінің орынбасары Салауат ӨТЕҒҰЛ.

«Шу шығармаса, бұл жиын болмай ма? Билік шешім шығармас бұрын адамдармен неге кеңесіп алмайды?» деген өкпе-реніштерін жергілікті тұрғындар жасыра алмады.

- Бастапқыда округ әкімі Олжас ХАСАНОВТАН сұрасақ, ол білмейді. Конкурсты жарияламас бұрын жергілікті әкіммен ақылдасып, тұрғындардың  пікірін неге сұрамайды? Жайылымның тапшылығы туралы мәселе көтергенде, бос жер жоқ деді, ендеше оны қайдан тауып алды? - дейді ауыл ақсақалдары Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ пен Тоғайбай ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ. - Мұндағы тұрғындардың көбі жұмыссыз. Осы малды өсіріп етін жеп, сүтін ішіп күнелтіп отырғанымыз жоқ па? Халық қалай күн көреді?

- Ауылдың іргесінен әркім жер алып, қоршап қойды. Кейбірі бос тұр. Ал ауылдың малы топырақ жеп, тентіреп жүр. Мұны неге қадағаламайсыздар, неге талап етпейсіздер? Жердің бәрі қоршаулы, сиырымызды анда қуып, мында қуып, тал түсте үйге қайтып келеді. Оны үйден жемдеп ұстамасақ, көтерем болып құлап қалатын түрі бар. Не етке, не сүтке жарымай отырғаның, - дейді Елеусін ҚАУАШЕВ, Ораз ЖӘМИЕВ, Қанат ЕРЕКЕШОВ. - Халықпен ақылдаспай жер берілмесін. Бермейміз де.

Кейін аудан әкімі Мейірім ҚАЛАУИ халықтың өтініші оң шешілгенін мәлімдеді. Оның үстіне, мамандар көзбен шолған кезде жер учаскесінің мақсатына сай игерілмегені, инфрақұрылым жүргізілмегені анықталды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

19 наурыз 2021, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.