Атырау, 4 мамыр 15:05
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Балаға қол көтеру туралы іс: «Мен баламен жұмыс істедім, қарым-қатынасымыз жақсы еді»

2 486 просмотра

Атырау қалалық 2 сотында мамандандырылған «Алтын балық» балабақшасында балаға қол көтеру ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасты.

Судья Эльмира ОЙКУЛОВАНЫҢ төрағалығымен сот отырысы онлайн режимінде өтіп жатқанын еске саламыз. Екінші рет жауап алу кезінде логопед Алтынай ШУГАЕВА сотталушы, тәрбиеші Мәрия ІЗМАҒАМБЕТОВАНЫҢ балаларға қатысты дөрекі қарым-қатынас жасағанын көрмегенін, ал өз айғағын тергеу қысымымен бергенін мәлімдеді.

- Сот барысында сіз қорыққаныңызды әлденеше рет айттыңыз. Кімнен немесе неден қорыққаныңызды түсіндірсеңіз? - деп сұрады айыпталушының адвокаты Гүлсім САБИРОВА.

- Мен баланың анасы тарапынан теріс көзқарастың болғанын қаламадым, мен содан сақтандым. Әуел бастап онымен қарым-қатынасымыз нашар болды, мен оған сенбейтінмін.

- Сіз менің қорғалушымның баланы құлағынан сүйреп жатқанын өз көзіңізбен көрмедім дейсіз, ендеше неге мұндай айғақ бердіңіз?

- Маған қысым жасалды. Көп адам мені видеодан таныды, маған қоңырау шалып, мені қыспақтап, видеоның соңына пікір қалдырды. Тергеуші де қысым көрсетті.

- Ол сізді осылай куәлік етіңіз деп қыспақтады ма?

- Мен оған Ізмағамбетованың балаға дөрекілік жасағанын көрмегенімді айттым. Ал ол «видеода бәрі анық көрініп тұр ғой» деді, жалған айғақ бергенім үшін жауапқа тартылатынымды айтып қорқытты. Жауап алу ұзақ уақытқа созылды, менің адвокатым болмады, қатты уайымдадым.

- Сіз енді келіп, мұндай фактілерді көрмедім, жұртшылық пен полиция қысым жасаған соң осындай айғақ бердім деп отырсыз. Өз ұстанымыңызды айқындасаңыз. Қазір де адвокатыңыз жоқ, қазір сізге қысым жасалып жатыр ма? – деп сұрады судья.

- Көрмедім деген алғашқы айғағым дұрыс. Қазір маған ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ, - деді Шугаева. Судьяның «қарым-қатынасымыз нашар» дегенді түсіндіріп беруін сұраған сұрағына, куәгер баланың анасының оған кейде сөйлесуге қолайсыз уақытта қоңырау шалатынын, сабақтардың қалай өткенін, логопед бұл сабақтарды видеоға түсірді ме деп сұрайтынын айтты. Бұрынғы директор оған ата-аналардан шағым түскенін, осыған байланысты оның сөгіс алғанын айтты. Рас, ол жәбірленуші тарап пен судьяның нақтылаушы сұрақтарына дәлел - ата-анамен жазысқан хабарлама скриншоттарын көрсете алмады немесе сөгіс жарияланғаны туралы бұйрықтың нөмірін атай алмады. Нәтижесінде Шугаева бала анасының жазбаша шағымын көрмегенін, бәрін директордың сөзінен білгенін және басшылықтың оған сөгісті ауызша айтқанын мойындады.

- Балам ерекше бала, оның қай сабақта қалай оқитыны туралы ақпаратты тек сізден ғана біле алатын едім, сондықтан қоңырау шалдым. Сізді жұмыс орнынан таба алмадым. Сіз жұмысыңыздың сағат 8.30-да басталатынын айттыңыз. Маған ресейлік мамандардан кеңес алуға бару үшін логопед ретінде сіздің қорытындыңыз қажет болғанда, сізді әлденеше рет күндізгі сағат 11-ге дейін күттім. Сіздің үстіңізден шағым жазған жоқпын, бұны барлық инстанциялардан ақпарат сұратып дәлелдеймін, өйткені жазбаша шағым тіркеледі. Сіз маған сене алмаймын дедіңіз. Мен сізге не істедім? - деді баланың анасы.

- Сіздің маған қояр талабыңыз бар екенін көрдім. Үш рет мені жұмыс орнынан таба алмадыңыз, балам сол кезде ауырып жатты. «Больничный» алуыма болатын еді, бірақ жауапты адам болғандықтан жұмысқа барып жүрдім, тек кеш келетін едім.

- Сіздің айтуыңызша, кейбір ата-ана сіздің жұмысыңызға көңілі толмаған, мені солардың бірімен шатастырып отырған жоқсыз ба? Мен сіздің үстіңізден шағым жазады деп ойлап, сол үшін менің баламды қорғамадыңыз ба?

- Жоқ, біздің қарым-қатынасымыз қандай болса да, мен баламен жұмыс істедім, онымен жақсы қарым-қатынаста болдық.

Іске тағы бірнеше бейнежазба тіркелген. Оларды көргеннен кейін баланың анасы куәгерден:

- Видеода Мария Қабдолқызы ұлымның құлағынан тартып тұр, сол кезде сіз қасында тұрсыз және оның құлағына бірдеңе деп айттыңыз. Сіз сол сәтте ештеңе көрмедіңіз бе?

- Ол жылап тұрды ғой, сіз мұны көрмедіңіз бе? Сізге бұл әсер етпеген, сіз байсалды қалпыңызбен өз мәселелеріңізді талқылауды жалғастырып тұрсыз, - деп сұрады судья.

- Менің тек өз көзіммен ештеңе көрмегенімді айтып тұрмын. Сол кезде мен құлап, бір жерін соғып алған басқа балаға қарадым, - деп жауап берді Шугаева.

- Тәрбиешінің баламның аяғын басып тұрған видеода ұлым ұзақ уақыт еденде, аяғын ұстап жылап отырған. Сіз неге оны қорғамадыңыз, неге жұбатпадыңыз?

- Бұл сәт есімде жоқ, - деп мәлімдеді А.Шугаева.   

Келесі отырыстарда балабақшаның бұрынғы директоры Айнұр ИМАНҒАЛИЕВАДАН жауап алынды. Ол тәрбиешінің педагогикаға сай келмейтін әрекеті туралы кездейсоқ білгенін айтты. 2019 жылдың қараша айында оған баланың анасы соңғы кездері логопед ұлының мінез-құлқына шағымданып жүргенін, осыған байланысты сабақтардың қалай өтіп жатқанын көргісі келетінін айтты. Алғашқы бейнежазбалардың бірінде осы көріністерді көрдік. Тәрбиеші түсініктеме жазды, оған жаза қолданылды, директордың өзі қалалық білім бөлімінен қатаң сөгіс алды, содан кейін жұмыстан шығып кеткен. «Неліктен дефектолог Юсупова «Звездочка» тобында фронталды сабақтар өткізбеді?» деген сұраққа Иманғалиева ол кезде балабақша атауы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі мекеме болып өзгертілгенін және Білім министрлігінің 14.02.2014 жылғы №66 бұйрығы бойынша онда топтық сабақтарды логопед жүргізуі керегін айтты. Психикалық дамуы кешеуілдеген (ПДК) қазақ тілді балалар басқа балабақшаларға жіберілген. Ал Атырауда осындай балаларға арналған орыс тілді балабақша жоқ. Соған байланысты осындай диагнозы бар орыс тілді балалар олардың балабақшасында тәрбиеленді. Нәтижесінде балабақшада сөйлеу қабілеті кешеуілдеген балаларға арналған 6 топ және психикалық дамуы кешеуілдеген балаларға арналған 2 топ бар.

- Сіз бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қаншалықты жиі қарайсыз және бұған дейін қызметкерлердің педагогикаға сай емес әрекеті бар кадрлар кездеспеді ме? – деп сұрады судья.

- Күн сайын бүкіл 8 топтағы сабақтарды қарап шығамын. Бізде гипербелсенді балалар көп, олар әр жерін көгертіп, жарақат алып жатады. Сондықтан кетер алдында күні бойы не болғанын жеделдетілген нұсқада қарап шығамын.

- Сіз күн сайын топтарды аралап, тексеру жүргіздіңіз – жәбірленуші баланың киім ауыстыратын бөлмеде жалғыз отырғанын байқамадыңыз ба?- деп прокурор сұрақ қойды.

- Жоқ, көрмедім. Тәрбиеші оны мақтайтын.

- Басқа ата-аналар сотталушының әрекетіне шағымданған жоқ па?

- Керісінше, оқиғадан бір күннен соң олар маған оны топта жұмыс істеуге қалдыру туралы жазбаша өтініш әкеп берді.

- Мәрия Қабдолқызы келгенге дейін топта даулы жағдайлар болды ма, бұрын осы топтан жұмыстан кеткен немесе жұмыс жасаудан бас тартқандар болды ма? - деп сұрады адвокат сотталушыдан.

- Бұған дейін осы топтың ата-аналары әкімдікке барып, тәрбиешілердің жұмысын жақсартуды, олардың жалақысын көтеруді, балабақшадағы жағдайды жақсартуды - бізге бассейн салуды және т.б. сұрады. Бір логопед бар болғаны бір ай жұмыс істеп, басқа қалаға көшуіне байланысты жұмыстан кетті. Тәрбиешілер бұл топта жұмыс істеуден жиі бас тартатын. Ол жерде ауыр диагнозы бар және гипербелсенді балалар бар.

- Бұл бала да солардың қатарында ма?

- Иә, оның диагнозы бар.

- Сіз бұл жағдайды реттеуге жұмыстандыңыз ба?

- Иә, біз жиналыс өткізіп, ата-аналардың талабын орындауға тырыстық.

Зульфия ИСКАЛИЕВА    

15 наурыз 2021, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.