Атырау, 19 мамыр 04:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атырау облысының бас санитар дәрігері: «Жерлестер, босаңсуға болмайды!»

3 112 просмотра

Мейрам күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтыратындар саны көбейетіні байқалады, - деп атап өтті Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет ТАНАУОВ аймақ тұрғындарына арнаған бейнеүндеуінде.

Осыған байланысты ол Наурыз мейрамын туыстары мен достарының арасында жаппай тойлаудан бас тартуды, сондай-ақ 14 наурызда басталатын Көрісу кезінде қарт адамдарға бармауды өтінді.

- Біздің дәстүріміз бойынша, ең алдымен, ақсақалдарымыз бар отбасына көрісіп шығу керек. Бірақ бұл жерде қарт адамдарға қауіпті екенін, олардың көбіне ауруды асқындыратын созылмалы аурулармен ауыратынын естен шығармаған жөн. 2020 жылдың жазында болған адам шығынын еске түсіріп, оларды бейнеқоңырау, телефон арқылы құттықтасаңыздар үлкен кісілер түсінеді деп ойлаймын, - дейді М.Танауов.

Облысымызда 2020 жылдың 28 наурызында COVID-19 жұқтырған алғашқы науқас тіркелген сәттен бастап тағы 17 582 коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдай анықталды. Соның ішінде, 14 жасқа дейінгі балаларда 662 жағдай, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде 300 жағдай тіркелген.

Вирус әлі жойылған жоқ. 11 наурызда 41 жағдай тіркелді, 26 жағдайда ауру симптомсыз өтті, пациенттер профилактикалық шаралар кезінде - стационарға емделуге жату үшін немесе жұмысқа бару үшін тексерілген кезде анықталды.

- Адам өзінің ауру екенін де білмей, өзгелерге байқамай жұқтырып алуы мүмкін. Өзіңізге де, жақындарыңызға да қауіп төндірмеңіз. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде киіңіздер, адам көп шоғырланатын орындарға бармаңыздар, - деді облыстың бас санитар дәрігері.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

12 наурыз 2021, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.