Атырау, 19 мамыр 00:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Мектептер ашылды: сабақ пен мектеп формасы туралы

3 709 просмотра

9 наурыздан бастап Атырау облысының мектептері әдеттегі оқыту режимін жалғастырды, бірақ барлық сыныптарда емес: 1-5 және 9 және 11-сынып оқушылары сабаққа барды. Брифингте осыған қатысты ең өзекті сұрақтарға жергілікті білім беру өкілдері жауап берді.

Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА осы уақытқа дейін 134 мың баланың 25 мыңы оффлайн, қалғаны үйде оқығанын атап өтті. Енді облыстың бас санитар дәрігерінің жуырда шығарған қаулысына сәйкес, әр сыныпта 25 оқушыдан оқиды.

- Біз осыған дейін өңірде эпидемиологиялық ахуал жақсарып, карантин шектеулері жеңілдеген кезде ең алдымен мектептерді ашуға тырысамыз деп әлденеше рет айтқан болатынбыз. Қазір облыстың 197 мектебінде сабақ оқытылып жатыр. Егер сыныпта 25-тен көп бала болса, оларды екі сыныпқа бөлеміз. Мектеп формасына келетін болсақ, бала кез-келген жинақы, ыңғайлы киіммен мектепке бара алады, форманы сатып алудың қажеті жоқ. Әрине, шама келсе форма болғаны жақсы, бірақ мүмкіндік болмаса, талап етпейміз, - деп атап өтті Дүйсекенова. Оның айтуынша, мектептерде маска режимі сақталады, кіре берісте балалардың дене қызуы өлшенеді.

- Бізге түрлі себептер бойынша онлайн режимінде оқыту мүмкіндігін ұсыну туралы өтініштер түсіп жатыр. Егер сізде дәлелді себеп болса, өтінішіңізді қарастырып, осы тоқсанның аяғына дейін үйде оқуды жалғастыруға мүмкіндік береміз. Бұдан басқа, егер жағдай қайта нашарласа, мектеп қайтадан онлайн оқытуға дайын, - деді Дүйсекенова.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ айтуынша, қалада үш ауысымда оқитын 11 мектеп бар, орын жетіспейді, бірақ бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 25-тен көп бала оқитын сыныптар үшін қосымша сыныптар ашылуда. Бұдан басқа, барлық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

- 65 жастан асқан мұғалімдер, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар тәуекел тобында. Олар қашықтан сабақ бере алады немесе өз қалауы бойынша мектепке келе алады.

Айнагүл Дүйсекенова ерікті вакцина ектіру басталғанын, қазір 300 мұғалім вакцина салдырғанын айтты.

Педагогтардың жұмыс жүктемесі туралы, олардың түске дейін онлайн, түстен кейін офлайн режимінде сабақ беретіні туралы сұраққа - Дүйсекенова мұғалімдердің бірнеше кезекші сыныптарға сабақ беретінін, ол мұғалімдердің өз келісімімен жасалатынын айтты. Үстеме жұмыс сағаттарына ақы төленеді.

Кейбір мектептердегі үш ауысымдық оқытуға келер болсақ, А.Дүйсекенова түсіндіргендей, балалар жаппай жиналмас үшін сабақ кестесі тоқсан аяғына дейін үш ауысымға есептеледі.

Ал егер ата-ананың баланы қолайсыз уақытта әкелуге мүмкіндігі болмаса, олар үйде оқыту туралы өтінішпен мектеп басшылығына жүгіне алады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

11 наурыз 2021, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.