Атырау, 18 мамыр 14:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Макс БОҚАЕВ: "Мен ештеңеге өкінбеймін, қазір де солай етер едім»

3 768 просмотра

Азаматтық белсенді Макс Боқаев 2016 жылдың қараша айында «жер митингі» ісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін ол босатылып, жерлестерімен кездесті.

2016 жылдың сәуір айында шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге қарсы митингке  Атырауда бірнеше мың адам жиналды, ондай көп болмаса да басқа қалаларда да халық  алаңға шықты. Сол митингілерден кейін жедел заңдағы халықты селт еткізген өзгерістер күшін жойды, дәлірек айтқанда, президент Назарбаев оларды енгізуге мораторий жариялады. Бірақ бұл шешімге түрткі болған Макс Боқаев пен Талғат Аян көп ұзамай түрмеге тоғытылды – кейбіреулерге түрлі-түсті төңкеріс болайын деп тұрғандай көрінді. Осылайша азаматтық белсенділер саяси тұтқынға айналды.

Макс жазасын өтеген уақыт ішінде бірнеше колонияда болды: Қарағанды, Ақтөбеде, соңғы айларды Атырау УГ-157/9 колониясында өткізді, осы жерден бостандыққа шықты. Шыққан бойда ол өз үйіне барды, аман-саулық сұрасып болғасын сол үшін арнайы жиналған адамдармен кездесуге барды. Макстың жиналғандардың көптеген сұрағына берген жауабына қарағанда, оның қазіргі жағдайды, оның ішінде саясаттағы өзгерістер туралы хабардар екені байқалады.

- Енді немен айналысасыз, жоспарыңыз бар ма?

- Бұрынғыдай - мен әдеттегі өз қызметімді, халыққа көмектесуді жалғастырамын. Маған коммуналдық проблемалары бар шағын және орта бизнес өкілдері, мұнайшылар, теміржолшылар жолығып жүрді, экология мәселесімен де бұрын айналыстым. Сонымен қатар, Жанболат Мамай тіркетуге тырысып жүрген Демократиялық партияның жақтаушысымын. Кез келген партияны тіркетуге  барынша мүмкіндік жасау керек, егер әділ, ашық сайлау болса, халық олардың тағдырын өзі шешеді.

- Партияға кім ретінде шақырып жатыр?

- Әзірге тек қолдаушы ретінде. Талғат (Аян) маған телефон арқылы айтты, қолдауды ұсынды, мен келісім бердім. Бірақ алдымен партияның бағдарламасын сұраттым.  Екіншіден, мен Қазақстанның саяси бейтараптығын жақтаймын. Бұл НАТО немесе ҰҚШҰ сияқты саяси блоктардан тыс қызмет ететін мемлекет. Біздің екі көршіміз-Түркіменстан мен Өзбекстан бейтараптық жариялады, одан қорқынышты ештеңе болған жоқ, әлем төңкеріліп кеткен жоқ. Қазақстан үшін де ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын.

Үшіншіден, мен жиналған салықтың көп бөлігін Астанадағы «шаңсорғыш» бәрін сорып алып, кейін бір шенеуніктер ойына келген нәрсеге бөлмес үшін жергілікті жерде қалдырып, өңірлердің экономикалық мүмкіндігін арттыруға атсалысамын.

- 2016 жылы сотта сіз өз кінәңізді мойындамай, үкіммен келіспедіңіз. Енді адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдар арқылы өзіңізді  қорғау ниетіңіз бар ма?

- Үкім – ол қағаз. Жалпы, мен «Макс Боқаев кінәлі емес» деген қағазға қол жеткізу үшін жүрген жоқпын. Бірақ кейбір көңілге қаяу салған нәрселер бар. Біз Талғатпен 17 мамырда әкімшілік жаза бойынша қамауда болғанда, комитетші, прокурор мен полицейлер біздің аналарымыздың үйіне есікті бұзып кіріп барды. Талғаттың анасының жүрегі ауыратын, ол үйде жалғыз болған. Менің анам да қартайған шағында осындай дөрекілікті көрген. Біздің басқа да жолдастарымыз: Ерлан Башаков, Жасұлан Мұсабеков және тағы басқалардың да үйіне баса көктеп кіріп келген. Мен ондай қаніпезер емеспін, есікті бұзуға санкция берген прокурорды немесе судьяны тауып, жазалау керек деп талап етпеймін - Алла жазалайды. Бірақ олар ең болмаса бұзған есіктерді қалпына келтіріп берсін. Бір күні мен бұл мәселені көтеремін, - деп күледі Боқаев.

- Осы оқиғаға шамадан тыс назар аударудың себебі неде деп ойлайсыз? Бейбіт митинг болды, тәртіпсіздікке ұласпады, ешкім зардап шеккен жоқ. Ол кезде ешкім сотталып,  бас бостандығынан айыруға дейін жазаланатынына сенбеді. Сіздер қарапайым жігітсіздер, осыған дейін азаматтық пикет жасап, әлемді жақсы жағына өзгертейік деген ниеттеріңіз ешкімге зиян болмады. Неліктен жүйе сіздерге қатысты осындай әрекет жасады?

- Түрлі ой көп-ау, жай ғана айтайыншы. 2002 жылы мен қоғамдық жұмыстармен айналыса бастадым. Содан ақырындап наразылық білдіріп, оппозициялық ағымға бет бұрдым. Жасы үлкен бір туысым: «Егер қазақтар алаңға шығып, өз құқықтарын қорғайды десең, мұрнымды кесіп берейін. Көр де тұр, оларға бәрібір, ешкім ешқайда шықпайды» деді. Назарбаев та, оның төңірегіндегілер де, «Хабарды» қарайтындар да солай ойлады-ау деймін. Есіңізде ме, республикалық арналар Макс пен Талғат митингіге қатысушылардың қалталарына 100 доллардан салып, сатып алыпты деген «жорамалды» таратып жатты ғой. Яғни, олар үшін адамдарды алдап сатып алуға болады деген бұл норма, сондықтан бізді де солай жасады деді. Сірә, олардың осылай әрекет етуіне себеп - алаңнан мыңдаған адамды тек Атыраудан ғана емес, Ақтөбеден, Семейден, Қызылордадан, Алматыдан... көргенде алған шок болса керек. КОКП бас хатшысы болған, бұрынғы комитет мүшесі Андропов қарамағындағыларға бір күні: «Біз өзіміз тұрып жатқан елді білмейміз» деген. Біздікілер де солай - олар өздері тұратын елді білмейді. Мен мұны қатал реакция демес едім, өйткені олар өлтіріп, улап немесе басқаша жасауы да мүмкін еді. Тағы да қайталаудан жалықпаймын – егер халықтың, халықаралық ұйымдардың, ЕҚЫҰ-ға мүше шетелдердің қолдауы болмаса және осы ұйымның құжаттары негізінде Қазақстанға азаматтық қоғамның міндеттемелерін сақтау қажеттігін көрсетуге құқықтар болмаса (Қазақстанның осындай құқығы бар), бізді қыл-қыбырымен жеп қояр еді, сүйегімізді де таба алмас еді. Сотты жабық түрде өткізіп, не болғанын ешкім де білмес еді.

Макс Талғат екеуінің еңсесінің түспеуіне ақпараттың, жариялылықтың және азаматтық қоғамның көмектескеніне сенімді. Жиналғандардың бірі бүгінде митингіге қатысқандарына, кейінірек билікпен мәміле жасамауға шешім қабылдағандарыңа өкінесіңдер ме сұрады: екеуі де өкінбейтінін және тағы да солай етер едік деп, сенімді жауап берді.

Олардың өз құқығына деген сенімі оларды 5 жыл бұрын отырғызғандарды әлі де қорқытатынға ұқсайды. Кешегі телефон байланысы мен интернеттің үзілуі кездейсоқ  болмағаны белгілі болды. Бүгін таңертең ең ірі ұялы байланыс пен интернет желісі (мүмкін, осы қызметтердің барлық жеткізушілері): «Байланыс туралы» ҚР Заңының 41-1-бабының 1.2-тармағына сәйкес, қазіргі кезде ҚР құзырлы органдары антитеррористік және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында байланыс желілерінің жұмысын және қызмет көрсетуді тоқтата тұру шараларын жүргізіп жатыр» деген таңқаларлық нұсқау алыпты.

Бұл нұсқау тек Атырау облысын ғана қамтиды. Атырауда байланыс қанша уақытқа тоқтатылатынын телефон операторының өзі де білмейді. Олар нұсқаудың әрекет ету мерзімі өздеріне белгісіз екендерін айтты.

Зульфия Байнекеева

Суреттерді түсірген автор

5 ақпан 2021, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.