Атырау, 18 мамыр 11:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Жылу төлемдері: ЖЭО түсініктеме берді, ал тұрғындар түсінбей дал

2 899 просмотра

«АЖЭО» АҚ-ның «АЖ» редакциясының 2020 жылғы желтоқсандағы жылу үшін төлемақы көп шығуына қатысты жолдаған редакциялық сауалына берген жауабынан қызықты жайттар анықталды. Мысалы, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр және жылу энергиясын өндіруге арналған газды тасымалдау тарифі екі есеге жуық – бір мың текше метр үшін 2370 теңгеден 4551-ге дейін көтерілген. «АЖЭО» АҚ президенті Мақсот ӘЛЕНОВТІҢ қолы қойылған жауапқа сүйенсек, бұл кәсіпорынның банкротқа ұшырауына дейінгі экономикалық тұрақсыздығына алып келеді.

Бұл жағдайда «АЖЭО» АҚ, хатта айтылғандай, «Атырау өңірін энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін бұзбау үшін» «жылу мен электр энергиясына бекітілген тарифтерді олардың өсу бағытында түзету туралы» Атырау облысы Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментіне өтініш беруге мәжбүр болған. Басқа бір нұсқа бар: «Интергаз Орталық Азия» АҚ қызметінің жаңа тарифінің күшін тоқтата тұру. Жергілікті энергетиктер ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тиісті ұсыныс жолдады. Комитеттің баспасөз қызметі бізге шынымен де Атыраудан осындай хат келгенін және оның қазір қарастырылып жатқанын растады.

Астанадағылар да«азаматтардың 2020 жылдың желтоқсан айы үшін жылу төлемақысының есепшоты заңсыз және қымбат бағамен келгені туралы азаматтардан келіп түскен шағымнан кейін еліміздің бірқатар аймағында, соның ішінде Атырауда жылу энергиясын жеткізуші субъектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды. Өңірлік департаменттер жоғары төлем ұсыну негізділігіне мұқият талдау жүргізеді», деп хабарлады.

Бұдан басқа, Комитет 2021 жылы бұрын бекітілген 5 жылға арналған шекті тарифтердің мерзімі аяқталатынын және жыл аяғында табиғи монополия субъектілері 2022-2026 жылдарға арналған жаңа шекті тарифтерді бекітуге жүгінетінін еске салды.

 

ТЕК СОТ АРҚЫЛЫ

Ал әзірге АЖЭО баспасөз қызметінен алған алдыңғы сауалымызға берген жауапты пайдаланып, «желтоқсандағы шытырман шоттар» туралы өзіміз анықтауға тырысайық.

Тұтынушылардың шағымы бойынша алынып жатқан шаралар туралы сұраққа монополист қазір КСК өкілдерімен бірге 2020 жылы желтоқсанда тіркелген үйдің ортақ жылу есептегіш құралдарының (ҮОЖЕ) көрсеткіші тексеріліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, олардың жұмысын анықтау үшін есепке алу құралдарына визуалды тексеру жүргізіледі. Осыған дейін ЖЭО-ға тұрғындардан 40-тан астам шағым түскен. Бірақ тексеру кезінде есепке алу құралдары көрсеткішінің жаңылыс көрсетуі немесе төлемдерді есептеу кезінде қателік болмағандықтан желтоқсан айындағы төлемді қайта есептейтін дерек анықталмаған. «ҮОЖЕ бойынша әрбір тұрғын үй нақты тұтынатын жылу мөлшеріне сәйкес есептеледі және тікелей сыртқы ауа температурасына байланысты болады. Есептеу кезінде ешқандай бұзушылықтар болмағандықтан қайта есептеу мәселесі қозғалмайды», - деп жазады баспасөз қызметі. 

Тұрғындар желтоқсан айындағы шарықтап кеткен жылу төлемдерін төлемегені үшін «Атырау Жарық» жарықты өшіріп тастайды деп қорықты (бір жүйе деп). Бірақ жылу қызметкерлері борышкерлермен мәселені тек сот арқылы шешеміз деп сендіреді.

 

ТЕМПЕРАТУРА ҚАНДАЙ БОЛДЫ

Біз ЖЭО-дан өткен жылдар үшін, соның ішінде қараша мен желтоқсан айларындағы ауаның орташа температурасын сұрадық. Жауапқа сәйкес, 2019 жылдың қарашасында минус 0,5 градус, ал 2020 жылы 1,4 плюс болған. 2019 жылдың желтоқсанында минус 0,6 градус, ал 2020 жылы - минус 8,4. Бұл айырмашылықты олар шоттардағы айырмашылықпен түсіндіреді.

 

ЕСЕПТЕГІШ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ

Біз үйдің ортақ есептегіш құралының жалпы жұмысы туралы толық түсініктеме сұрадық. Сонымен, бұл ҚР тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес тұрғындардың меншігі болып табылады және ПИК қызмет көрсетеді. Есептегіштің сақталуы мен бүтіндігіне ПИК немесе тұрғындардың арасынан жауапты адамға жауапкершілік жүктеледі. «Сондықтан, егер тұрғындарда мәліметтердің дұрыстығына күмән туындаса, қосымша метрологиялық тексеру жүргізу бастамасында солар жасауы керек. АЖЭО қызметкерлері ай сайын екі жақты тәртіпте рәсімделген тиісті құжатты дайындай отырып, ПИК өкілінің қатысуымен көрсеткішті алады», - делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Бұдан басқа, әрбір келесі жылу маусымының басында ЖЭО қызметкерлері ПИК-пен бірге құрылғы мен пломбалардың сақталуы мен бүтіндігін тексеруі керек. Әр 4 жыл сайын құрылғыны міндетті мемлекеттік тексерістен өткізеді.

Есептегіш тұтынушыларға қанша жылу энергиясының жеткізілгенін анықтайды. Өлшем бірлігі - Гкал. Көрсеткіш алынған аралық кезеңдегі жылу мөлшерін  анықтау үшін есептеледі. Содан кейін алынған көлем бүкіл пәтердің және заңды тұлғалардың (егер үйде мұндай болса) аудандарын ескере отырып, бүкіл тұрғын үйдің жалпы ауданына бөлінеді. Осылайша 1 шаршы метрдің жылу мөлшері (Гкал) шығады. Алынған жылу мөлшері әр пәтердің жалпы пайдалы алаңына және ТМРКД бекіткен тарифке көбейтіледі.

 

ЫСТЫҚ СУ – ӘРКІМДЕ ӘРТҮРЛІ

Көпшілік бірдей аудандағы пәтерде жылу мөлшері неге әр түрлі деп, таң қалды. AЖЭО түбіртектерде суды жылытуға (пәтерлердегі жеке есептегіш көрсеткіштері бойынша) және жылу үшін (ҮОЖЕ көрсеткіштері бойынша) есептелген бар деп түсіндіреді. Сондықтан ыстық су тұтынудың көлемі әртүрлі болғандықтан, айырмашылық та әртүрлі дейді. Немесе есеп айырысатын ай басында біреулердің төленбеген қарызы болуы мүмкін.

 

ЕГЕР ПӘТЕР СУЫҚ БОЛСА – ЖҮГІНІҢІЗ

Кейбір тұрғындар пәтеріміз өте ыстық десе, енді бірі, керісінше, суық деп шағымданды. АЖЭО жауабында көрсетілгендей, Атырау жылу пунктінен шығарда жылу тасымалдағыштың температурасы бірдей режимде болады және сыртқы ауа температурасына байланысты өзгереді. Проблема туындаған жағдайда, себептерін анықтау мақсатында комиссиялық сараптама қажет болады. Ол үшін тұрғындар «АЖЭО» АҚ-на жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Құрамы АЖЭО, «Атырау жылу жүйелері» АҚ және ПИК өкілдерінен тұратын комиссия құрылады. Себебі анықталғаннан кейін, кінәлі тарапқа пәтердегі ауа температурасының төмендеуіне әкелген кемшіліктерді жою туралы ұйғарым шығарылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұған, әдетте, үйішілік немесе пәтерішілік құбырлардың ақауы себеп болады, деп жазады АЖЭО баспасөз қызметі: жылу беру тікқұбырларының бітелуі немесе ауа кіруі; жылыту радиаторларының бітелуі; тұрғындардың жылытылатын алаңды өз бетімен көбейтуі арқылы жобалық жылумен жабдықтау сызбасын өзгертуі; терезенің шыны пакеттеріндегі сапасыз нығыздауыштар. «Айта кету керек, энергия өндіруші ұйым балансқа тиістіліктің шектеу нүктесіне дейін (тұрғын үйге дейін) жауап береді және үйішілік және пәтерішілік жылумен жабдықтау құбырлары үшін жауап бермейді, - деді монополист.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

4 ақпан 2021, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.