Атырау, 18 мамыр 10:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​«45 жастан кейін жұмыс табу өте қиын»

2 510 просмотра

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Атырау облысында 2020 жылы 15 000 жұмыссыз адам тіркелген, көбі Атыраудан. Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздыққа тіркелуге келген тұрғындар мен осы қызметтің басшыларымен әңгімелесіп көрдік.

Орталыққа жиі келіп, жұмыс іздеп жүрген Әлияның (есімі өзгертілген) айтқаны:

- Мен ТШО-да 30 жыл жұмыс жасадым. Жасым 57-де, 15 жасар қызымды тәрбиелеп отырмын.  Білімім жоғары, 2 дипломым бар. Басында инженер болдым, кейін отбасы жағдайыма байланысты сол компанияда жалақысы төмендеу қызметке ауыстым. 2016 жылы 53 жасымда жұмыстан қысқартылдым. ТШО төлеген өтемақыға ипотекамды жауып тастадым. Сол кезде мен жоғары біліммен, тәжірибеммен, үш тілді жетік меңгергеніммен жұмыссыз қаламын деп ойлаған жоқпын. 2017 жылы жұмыспен қамту орталығына тіркелдім, осы 3 жылда 2 рет жұмысқа ұсыныс болды. Екеуінде де алдын ала телефон арқылы тілдескенімде, кісі қабылдап қойдық деді. Өз бетіммен жұмыс іздеп көргенмін. Бірақ, қайда барсам да, 45 жасқа дейін қабылдаймыз дейді. Ондай талап қай заңда көрсетілген? Мен түсінбеймін, біздің елде сонда 45-тен кейін өмір сүрмеу керек пе? Кезінде шет елге кетуге мүмкіндігім болды, бірақ мен кетпедім. Себебі елімді, туған жерім Атырауды жақсы көрем, әке-шешем де осында жерленген.

Былтыр жұмыссыз қалуыма байланысты 6 ай 27 000 жәрдемақы алдым. 1 ай массаж курсын оқып, 20 000 стипендия алдым. Мен қатарлы әйелдер сол стипендия үшін әр түрлі курстарды оқи береді екен. Себебі біздің жасымыздағыларға жұмыс табу өте қиын.

Қазір, міне, тағы тіркелуге келіп отырмын, себебі тіркелмесем, емханада дәрігерлер қабылдамайды. Заң сондай екен.

Анда-санда элиталы пәтерлерді жинап, 5 000-10 000 ақша табамын. Зейнетақы қорындағы жинағымның бір бөлігін сақтандырушы компанияға аннуитетке аудардым, содан ай сайын 24 500 теңге алып отырмын. Басқа табыс жоқ. Аллаға шүкір, ара-тұра зейнеткер апаларым көмектеседі. Қызыма осы бастан қалайда грантқа түсуге тырыс деп отырмын: ақылы оқуды төлей алмаймын. Денсаулығым шүкір, жақсы, аяқ-қолым сау, 50-60 мыңның жұмысына баруға да дайынмын, бірақ ол да жоқ. Бәрі жасқа қарайды. Зейнетке шығуға әлі 4,5 жыл бар, ең болмаса зейнет жасын азайтса екен.

Бауыржанның да жоғары білімі мен мол тәжірибесі бар, тек жұмыс берушінің алдындағы бір кемшілігі – жас емес.

- Жасым 51-де. Әйелім үйде бала күтімінде, 5 баламыз бар. 20 жылға жуық бір жерде инженер болып жұмыс жасадым. Пандемия кезінде жұмыстан қысқартты, содан бері жұмыссызбын. Ұзақ жылғы еңбек тәжірибеме сеніп, өз бетіммен жұмыс табамын деп ойлағанмын, жолым болмады. Қайда барсам да «жасыңыз келмейді» дейтін жауап аламын. Енді Жұмыспен қамту орталығына тіркелуге келдім. АӘК рәсімдейін десем, жұмысқа кіріп, «жұмысқа қабылданды» деген бұйрықты әкелуім керек екен. Түсініксіз. Жұмысым болса, АӘК маған несіне қажет? 

«ЖҰМЫС ҚАШАН ДА ТАБЫЛАДЫ»

Ал Жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВА былай деді:

- Былтыр карантин кезінде 93 700 адамға қызмет көрсеттік, оның ішінде 7000 шамасында адам жұмысынан айрылуға байланысты төлемақы рәсімдеді. Жұмыссыздыққа 2020 жылы 15 000 адам тіркелді. Оның 8259-ы жұмысқа орналасты, 1400 адам қоғамдық жұмыстарда жүрді, 240 адам грант алды және несие алып кеткендер бар. Биылғы жылдың басынан бері 1803 адам тіркеліп, оның 200-і жұмысқа орналасты.

Қазан айында карантин талаптары жеңілдеп, Теңіз ашылған соң, адамдар жайлап бұрынғы жұмыстарына шыға бастады. Жұмыспен қамту жол картасының бізге көп көмегі тиді. Ол бойынша бізде 25 нысан болды. Соның арқасында уақытша болса да, біз жыл бойы халықты жұмыспен қамтамасыз еттік. Жасы егде адамдарды, көпбалалы аналарды, мүгедектерді біз бірінші кезекте қоғамдық жұмыстарға жібердік, оқумен ұстадық. Жұмысқа 45 жасқа дейін ғана алады деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Жасаймын деген адамға жұмыс табылады. Жұмыс тауып бермейді деп қазір екінің бірі шағымданады. Олар 300 мыңнан жоғары жалақы сұрайды. Мәселен, «Арнаулы автобаза» ЖШС-не жұмысшылар көп керек, алайда халық қоқыс жинауға бармайды, намыстанады. Қазір онда жалақы жақсы.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыс болды, 68 000 теңге жалақыны азсынып оған да бармайды. Бәріне бірдей жалақысы көп жұмысты қайдан тауып береміз?  

Өз тарапымыздан келушілерге барлық жағдай жасауға тырысып отырмыз. Залдың бір шетінен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын ашып қойдық, жұмыссыз адам кезекке тұрмай, қалауынша отырып, керегін іздейді.

Былтыр кәсіп ашуға әрқайсысы 555 мыңнан 240 грант берілді. Бұл мемлекетке ауыз ашпай, өз алдымызға табыс табамыз дегендерге үлкен мүмкіндік. Қазір грант алуға  үміткер көбейді.

Атаулы әлеуметтік көмек жайлы айтар болсақ, біз мәліметті дерекқорға сүйеніп аламыз. АӘК-ны алу үшін алдыңғы кварталда үйге кірген табыс толықтай есептеліп, отбасы мүшелеріне бөлінеді. Ол табыс сомасы 23 454 теңгеден аспауы керек. Осы сомадан аспаса, онда біз айырмасын  төлейміз. (АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырмашылықты құрайды – Г.С.). Бұл жерде маңызды қойылатын шарттар: тұрғылықты жерінде тіркеуі болу және еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыс жасауы тиіс. Егер кішкентай баласы үш жастан асса, әкесі де анасы да жұмыста болуы, үш жасқа дейін болса, онда әкесі жұмыс жасауы міндетті. Егер сіз жұмыссыз болсаңыз, осы жерге келіп тіркеліп, біздер ұсынған жұмысымызға кіргеннен кейін ғана АӘК төлеу қарастырылады. Әкімдікте арнайы уәкілетті органнан жұмыс комиссиясы құрылып, барлық жағдай тексеріліп, заңға сүйеніп, солардың бәрінен өткеннен кейін ғана АӘК тағайындалады. Біз кейін осы отбасын бақылап отырамыз. Яғни, жұмыстан шығып қалған жоқ па, баласы үшке толды ма, соның бәрін арнайы мамандар уақытымен қадағалап отырады. Қазір қала бойынша АӘК-ны 339 адам алып отыр.

Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА 

Суреттерді түсірген автор

3 ақпан 2021, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.