Атырау, 18 мамыр 09:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​"Келініме оқ тие жаздады": Қызылорда облысында кәсіпкердің көлігін атып, дүкенін өртеп кетті

2 699 просмотра

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Сейітқали Ділімбетов қаңтар айында белгісіз біреулердің үй алдындағы дүкенін қасақана өртеп жібергенін айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мініп жүрген көлігі мен тұрмыстық заттарын және мал қорадағы шөбін өртеп жіберген қаскөйлердің әлі күнге дейін ұсталмай, істің алға баспай отырғаны кәсіпкердің әділдік іздеуіне себеп болып отыр. Оның үстіне, қарақшылардың ауыл ішінде оқ атып, көліктің терезесін сындырғаны отбасы мүшелерінің зәресін ұшырған. Осы орайда, ол құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұрауда. 

Ауылда қарапайым ғана күн кешіп отырған Ділімбетовтер отбасы 21 қаңтарға қараған түнгі жантүршігерлік оқиғадан соң әлі ес жияр емес. Есік алдынан дүкен ашып, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешкен олар аяқ астынан тілсіз жаудың құрбаны бола жаздады. Өкініштісі, оқыс оқиғаға жауаптылар әлі табылмай отыр. 

"21 қаңтарға қараған түні қарақшылар есік алдындағы дүкенімізді, мал қорадағы шөптің жартысын өртеп жіберді. Бұл оқыс оқиға емес, қасақана ұйымдастырылған жайт деп білемін. Өйткені, олар оқ атып, жанұямдағы жандардың зәресін ұшырды. Сол түні олар дүкеннің терезесін бұзып кіріп, азық-түлік сататын кішігірім сауда орнының сау-тамтығын қалдырмады. От қойған.

Онымен қоймай, аулада тұрған көлігімнің терезесін сындырып, оқ жаудырды. Осы кезде үйдегі зейнеткер әйелім мен жақында ғана босанған келінім жүгіріп шықты. Есік алды өртеніп жатқанда кім үйде тыныш отырады? Қаскөйлер әйелім мен келініме де қарап оқ ата бастады. Қуанышқа қарай, екеуі де аман. Бірақ келініме оқ тие жаздады. Тығылып үлгерді. Айдың күннің аманында ауылда осындай жағдай болғаны ешкімді де алаңдатпай отыр. Келінім төртінші сәбиін жақында ғана босанған, бала қырқынан да шыққан жоқ. Қазір сол күнгі оқиғадан кейін әлі қалпына келмей жатыр", - дейді Ділімбетов.

Одан бөлек, қарақшылар есік алдындағы бастырма мен мал азығын да өртеп жіберген. "Келінім мен әйеліме тимеген оқтың бәрі көлікке тиген. Бытыра іздері көлікте әлі тұр. Есік алдындағы бастырмаға қажетті тұрмыстық заттарды жинап қойғанбыз. Оны да өртеді. Малдың шөбіне де от қойды. Біз дереу полиция шақырдық. Бірақ сол кезде қатты үрей мен қорқыныш әсерінен арыз жазған жоқпыз. Тек есімізді жиып, жан-жағымызға қараған соң, 26 қаңтар күні Қызылорда облыстық полиция департаментіне, 28 қаңтар күні Шиелі аудандық полиция бөлімшесіне арыз қалдырдық. Бірақ бұл істің әділ қаралатыны күмән тудырады. Өйткені, өзіміз күдіктенетін адамдар полицейлермен ауыз жаласқан ба деп қорқамын. Оқиға орнына келген жедел топ өкілдері де істі соңына жеткізуге аса құлықты болмады.

Бүгінде жәбірленуші саналатын өзімізге жала жауып жатыр. Айдың-күннің аманында ауыл ішінде оқ атып, өрт қоюдан қорықпаған қарақшылар ертең тағы да біреуді сорлатпасына кім кепіл? Олар неге дер кезінде ұсталмай, бостандықта жүр? Отбасы мүшелерімнің біріне оқ тигенде жағдай қалай болар еді? Осы іске келгенде полицейлер жайбасарлық танытпаса екен", - дейді Сейітқали Ділімбетов.

KAZ.NUR.KZ аталған оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаментіне ақпараттық сауал жолдаған болатын. Олар ресми түрде жауап қайтарып, аталған істің басшылық назарына алынғанын жеткізді. "Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 202-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобымен қарап-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жәбірленушінің үйінен бейнекамераның жазбасы айғақ ретінде алынды. 

 Орын алған оқиға бойынша Шиелі аудандық полиция бөлімімен қылмысты ашу және осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бағытында тиісті жедел шаралар кешені жүргізілуде. Тергеп-тексеру амалдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің барлық нормаларын сақтай отырып жүргізілуде. Істі Департамент басшылығы бақылауына алды", - дейді Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ш. Амитов. 


2 ақпан 2021, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.