Атырау, 18 мамыр 18:18
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстанда мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейтін болды

2 634 просмотра
Сурет: Хабар 24

Осы жылдан бастап ЖОО түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. 2021 жылдан бастап әрбір университет студенттің білім алғанын растайтын құжатты өз қалауы бойынша жасайды, деп хабарлайды Хабар-24.

Басты мақсат - білім ордалары арасында қызу бәсекелестіктің көрігін қыздыру. Ал сарапшылар білім ордалары ашық бәсекеге дайын емес екенін атап өтті.

Көзге үйреншікті көк немесе озат оқушыға берілетін қызыл дипломдар енді болмайды. Түлектің жоғары білімді екенін растайтын құжаттың мазмұны, түсі мен көлемін университет басшылығы өзі таңдайды және жасайды. Бұл жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін жасалған.

Аятжан Ахметжанұлы, сарапшы:

– Тең дәрежедегі университеттердің арасында бәсекелестік тудырады. Бірақ өңірдегі университеттер бәсекелесе алмайды. Кейбір өңірлік университетті сақтап қалу үшін арнайы сол университетке ғана грант бөлеміз. Ертең жаппай біртұтас грант бөліп, ашық бәсекеге қоя беретін болса ол университеттерді ешкім таңдамайды. Ал онда біз өңірлердің университетін жауып тастасақ, өңірлердің жабылуына келіп тіреледі.

Енді ашық бәсекелестік қалай жүретінін ашып айтсақ. Өзіндік үлгідегі дипломда Білім және ғылым министрлігінің мөрі болмайды. Сәйкесінше, жұмыс беруші компания кейбір білім ордасының дипломын мойындамауға құқығы бар. Яғни білім жүйесі нашар университеттің түлегін ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан абитуриент оқу орнын таңдағанда бір жапырақ қағаз үшін емес, оның мойындалуын және кейін жұмысқа орналасу жолдарын ескереді. Осылайша техникалық базасы және оқытушылар құрамы әлсіз университет ысырылып қала береді.

Ерболат Мұхамеджан, М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ басқарма төрағасының орынбасары:

– "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының шығарған рейтингісіне сәйкес 108-орында тұрған университеттің дипломымен бірінші орында тұрған ҚазМЗ университетінің дипломы бірдей мемлекеттік үлгіде беріледі. Сапасы тұрғысынан ҚазМЗУ-дің сапасы жоғары, 108 орында тұрған университеттің немесе 49 орында тұрған университеттің сапасы төмен болуы мүмкін. Кез келген жұмыс беруші міндетті түрде рейтингке қарайды. Әр ол алдына келген кезде әр университеттің өзінің дипломы болуы әділеттірек.

Әділдіктің болғаны жақсы әрине. Бірақ оған қалай қол жеткіземіз. Бізде мемлекеттік үлгідегі құжаттың өзін қолдан жасап, сатқандар болды. Енді оны жасау құқығын оқу орындарының құзырына қалдырсақ және мемлекет тарапынан бақылау азайса, кей университеттер диплом сататын базарға айналмай ма?

Аятжан Ахметжанұлы, сарапшы:

– Қандай университеттің қанша диплом таратып жатқанын, қанша студент түсіп жатқанын, қанша студент бітіріп жатқанын егер министрлік бақыламаса, онда жалған дипломның көкесі болады. Жалған білімнің көкесі болады. Мен бақылау болмайды деп ойламаймын. Бұл актілермен реттеледі. Заңның өзі енді қабылданды ғой. Сондықтан ол актілер енді талқыланып, министрліктің жоғары білім департаментінің құзырындағы дүние. Шетінен жасалып шыққанша кемі жарты жыл уақыт керек.

Ал министрлік өкілдерінің айтуынша, жалған диплом жасау мүмкін емес. Біріншіден, әр университет құжаттың бланкасын қорғаныш белгілерімен жасайды. Екіншіден, әрбір құжат министрліктің бірыңғай реестіріне тіркеледі.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

– Министрліктің тарапынан белгілі бір реестор қарастырылады. Ол реестерде әрбір ЖОО коды беріледі. Әрбір дипломның өзінің сериясы, нөмірі болады. Оның барлығы реестерде немесе тізілімде көрсетіледі. Олардың барлығы осы министрлікте жинақталады және сақталады. Былайша айтқан да, бірде бір дипломды жалған беруге университеттің мүмкіндігі жоқ. Оның барлығы есептеулі.

Айта кету керек, өзіндік үлгідегі диплом жасау ішкі істер, қорғаныс және медицина университеттеріне қатысты емес. Сондай-ақ колледж түлектеріне де мемлекеттік үлгідегі диплом беріле береді.

29 қаңтар 2021, 10:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.