Атырау, 18 мамыр 16:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Арзан бағамен элиталы баспана алып беруге уәде еткен алаяққа алданды

3 204 просмотра

20-дан астам атыраулық қаланың ортасынан элиталық үйлерден пәтер аламыз деп алаққа алданып, 185 млн теңгелерінен қағылған. 27 қаңтарда олар облыстық прокуратура алдына жиналып, қылмыстық істің дұрыс жүргізілмеуіне наразылық білдірді.

Сан соққандар Айбарша есімді әйелге бес миллионнан жиырма миллион теңгеге дейін ақша беріп, қымбат пәтерден дәмеленген. Бұрындары алаяқтар мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға «көмектесемін» деп уәде ететін. Айбарша басқаша схема ойлап тауыпты: элиталы үйлерде түрлі себеппен банктерде бұғатталған пәтерлерді таныс-тамырлары арқылы арзан бағаға алып беремін деген. Сөзіне сенгендер, тіпті, ақша табу үшін өздері тұрып жатқан үйін сатқан.

Ақшаларын қайтара алмай жүрген тұрғындар енді 9 айдан бері істі созбалаңға салған құзырлы органдарға ашулы, тіпті, біреулердің мүддесін қорғап отыр деп күдіктенеді.

Гүлнәр Қуанышеваның үш жасар баласын құшақтап, тума-туысын жағалап жүргеніне жылдан асқан. Ол 2019 жылы қаладағы Нұрсая ықшамауданында орналасқан 3 бөлмелі пәтерін сатып, 12 млн теңгесін Айбаршаға апарып беріпті.

2019 сәуір айында оған 9 млн 700 мың теңге бердім. «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінен пәтер аласыз деп айтты. Содан кейін бірден екі пәтер алуға болады дегесін, 2 млн астам теңгені тағы апардым. Маған қолхат та жазып берді. Осы күнге дейін сеніп келдім. Алданғанымды енді түсініп отырмын, - дейді Гүлнар.

Менің өзім 8 млн салдым, - дейді тағы бір зардап шегуші Есен ҚАДИЕВ. - Бізге жаңа элиталы үйден екі бөлмелі пәтер көрсетті. Осы ақшаны беру үшін екі несие алдым. Енді сан соғып қалып отырмын. Қазір ай сайын 200 мың теңге несие төлеймін.

9 ай бұрын ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда тергеушілер жәбірленуші тарапты жауап алуға шақырмаған.

Қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. Бірақ сот оны ҚР ҚПК-нің 323-бабы бойынша прокуратураға кері қайтарды. Қазір тергеу жалғасуда, - деді Атырау қаласы прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИН.

Оның айтуынша, бұл қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы болуына байланысты сот істі кері тергеуге қайтарған. Ол бір айдың көлемінде сотқа қайта жолданады.

Фархат ӘБІЛОВ

Бейнежазбаны түсірген автор

29 қаңтар 2021, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.