Атырау, 19 мамыр 08:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атыраудағы коронавирус: аралық қорытынды

4 431 просмотра

Пандемия басталғалы Атырау облысында 13150 адам коронавируспен ауырды, 12067 адам сауығып, 96 адам қайтыс болды.

Аурудың үдеген кезі шілде айында болды. Томарлы ауылы маңындағы зиратта қабір қазушылар бұрын күніне 4-5 қабір қазатын болса, шілдеде - 15-20 қабірден қазатындарын айтты. Негізінен қарт адамдар көз жұмды. Сол кездегі ресми статистика Атырау облысында пандемиядан 13 адам қайтыс болды деп мәлімдеді.

Өңірде бірінен соң бірі санитар дәрігерлер алмасып жатты, дәріханаларда тапшы дәрі-дәрмектерге ұзын-сонар кезек пайда болды, ауруханаларда орын жетпеді, адамдар дәрі-дәрмек пен оттегі аппараттарының тапшылығынан өліп жатты. Жағдай бақылаудан шығып кетті. Торыққан Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА дәрі-дәрмекпен көмек көрсетіп, дәрігерлер жіберу өтінішімен ашық хат жариялады. Президент Twitter-де жұртшылықтың хатымен танысып шыққанын айтып, көмектесуге уәде берді.

Кейін облыс маусым айының соңында әртүрлі елдер мен әртүрлі компаниялардан гуманитарлық және демеушілік көмек келгенін білді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оны уақытында таратпаған болып шықты. Ауылдағы дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарын іздеп, шарасыздықтан өз қалталарынан сатып алған кезде, бірнеше ондаған мың қорғаныс көзілдірігі, маска, комбинезондар облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында бір айға жуық уақыт шаң басып тұрған.

Мемлекет басшысы әкім Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ көпшілік алдында сөгіс жариялап, Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберді. Шілде айында президент сөгісінен кейін өңір басшысы Атырау облысына 220 миллион теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілгенін мәлімдеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен өңірімізге көмек ағыла бастады. Алайда Атырауда дәрі-дәрмек тапшылығы мен алыпсатарлық жалғаса берді. Билік үлкен күшпен ғана дәріханалардағы бағаларды және дәрі-дәрмектің таралуын бақылауға алды.

Шілденің соңында прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімдігінің ИВЛ аппаратын сатып алуына қатысты мән-жайды тексере бастады: Мәжіліс депутаты Азат ПЕРУАШЕВ Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау басқармасынан Оралдағы ИВЛ аппаратын сатып алудан бас тартып, Түркиядан сатып алуды талап етті деп мәлімдеді. Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі ИВЛ аппаратын сатып алуға ешқандай қатысы жоқ екенін, оның облыс деңгейіндегі мәселе екенін айтты. Содан кейін оның сол кездегі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ бұйрығы екені анықталды. Ол қазір сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сот ісін күтуде. Облыс әкімдігі өз кезегінде мұның бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты мәселе екенін хабарлаған баспасөз хабарламасын таратты. Инфекцияның алғашқы толқынына қарсы күресті қорытындылай келе, облыс тұрғындары біздің билік коронавирус сынағынан өте алмағанын айтты.

ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫ

Біздің облыстың КВИ-мен ауырғандардың саны бойынша республикада тағы да «көшбасшы» болуы мүмкін екенін ескере отырып, екінші толқынға тыңғылықты дайындалу қажет болды. Бұл болжамдар көп кешікпей расталды - біздің өңір «қызыл» аймаққа бірінші болып кірді. Ал билік халықты қорғау және емдеу үшін қандай шаралар алынып жатқаны туралы мәліметтер дайындады.

Бізде коронавирусқа сынама тапсыруға болатын 10 зертхана бар. 2080 орынға арналған 12 стационар дайындалды, оның ішінде 120 жансақтау бөлімі бар. Медицина мекемелерінде 12 КТ аппараты, 4 МРТ, 27 рентген аппараты, 256 ИВЛ аппараты, 668 оттегі концентраты, 81 ультрадыбыстық аппарат және 1460 пульсоксиметр бар.

Облыстық перинаталды орталықта орталықтандырылған оттегі станциясы жұмыс істейді. Оттегі станциялары облыстық ауруханада, №2 облыстық ауруханада (Нұрсая ықшамауданында), кардиология орталығында, жаңа модульді ауруханада орнатылған. Индер, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарында, сондай-ақ, Құлсарыдағы модульді ауруханада оттегі станциялары бар. Қазіргі уақытта облыс емханаларында коронавирус инфекциясына қарсы 5 атауда 200 мыңнан астам препарат бар.

Стационарларда 26 атауда 900 мыңға жуық препарат бар. Дәрі-дәрмекті уақытында жеткізіп беруге міндеттелетін компаниямен келісім жасалды

Сарыөзекте жұқпалы ауруларды емдеу үшін арнайы жобаланған 200 орындық модульдік аурухана салынды. Стационар 180 стационарлық кереуетке және жансақтау және қарқынды терапия бөліміндегі 20 кереуетке арналған. Ғимараттың жалпы ауданы 6764 шаршы метр, ол 8 блоктан және бөлек тұрған қосалқы он құрылымнан тұрады. Оған әкімшілік бөлікпен бірге медициналық блок, қабылдау-диагностикалық бөлімі, операция жасау блогы мен жансақтау бөлімі және галерея түріндегі дәлізбен қосылған бес палата бөлімі кіреді.

Өңірде жағдайды бағалау және коронавирусқа күдікті пациенттерді немесе анықталған науқастарды қашықтан бақылау үшін арнайы тексеру парақтары енгізілді. Инфекционистер тексеру парақтары мобильді бригада мамандарына ауру ағымының ауырлығына байланысты бірыңғай алгоритм бойынша пациентті ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді дейді.

Бағаланған параметрлердің ішінде дене қызуы, ентігу, улану және басқа белгілер ғана емес, ілеспе аурулар мен қосымша қауіп факторлары туралы ақпарат та бар.

Мәселенің өзектілігін түсіне отырып, әлем вакцина егуді қамтитын вирустың алдын алуға баса назар аударды. Алайда, әзірге сенімнен шығатын вакцина жоқ. «AЖ» оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, «вакцина ектіруге дайынсыз ба?» деген сұрақ қойған еді. Сауалнамаға мыңға жуық адам қатысты, 16%-ы ғана «иә» деп жауап берді. 71% дайын емес, 12%-ы әлі ойланады екен.

ТЕҢІЗ КЕНІШІ

Қорқынышты көктем мен сұмдық жаз маусымынан кейін азғана тыныстап алдық. Енді бұл сандар тағы да көтерілді. 26 желтоқсанда Атырау облысында 79 жағдай, 27 желтоқсанда - 132, ал 28 желтоқсанда – 133 жағдай анықталды. Сандар бойынша (пандемия басталғалы бері) былайша көрініс табады: Атырау - 5989 науқас, Жылыой ауданы - 5220 (оның ішінде, Теңіз кен орны - 4042), Индер ауданы - 390, Исатай ауданы - 261, Қызылқоға - 462, Құрманғазы - 277, Мақат - 304, Махамбет - 247.

Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық кезінде облыста жұқпалы аурулар стационарында 1225 орын жабдықталды, бүгінде олардың жартысынан көбінде (53,6%) пациенттер жатыр.

Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі тағы да Теңіз кенішінен шықты.

ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ жуырда өткен брифингте Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің кейбір қызметкерлері жалған ПТР анықтаманы пайдаланып, санитарлық бекеттерден өтіп кеткісі келеді деп мәлімдеген еді. Ал бір аптадан кейін Теңіз полиция бөлімінің қызметкерлері блок бекетті айналып кенішке өтпек болған бір топ адамды тоқтатты. Сонымен бірге, «Матен Петролеум» мұнай өндіру компаниясы ауысым жұмысшылары үшін карантин режимін өрескел бұзғандығы анықталды. Соның салдарынан 17 адамнан коронавирус анықталды.

ЖҰМЫС ЖӘНЕ КІРІС

Санитарлық талаптарды ескермей, ауысымға кірмек болғандарды ақтамаймыз, алайда пандемияның көптеген кәсіпорындар мен олардың жұмысшыларына айтарлықтай зиян келтіргені рас. Пандемияның бизнеске қалай әсер еткенін білу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы қоғамдық тамақтану, білім беру, сауда, туризм, қызмет көрсету, ойын-сауық және т.б. саланың 645 өкілі арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы мынадай: сауалнамаға қатысқандардың 61%-ының қаржылық жағдайы күрт нашарлаған, 34% -ы ауыр дағдарысқа душар болған, респонденттердің тек 5%-ы пандемияның өздеріне еш әсері болмағанын айтып, жауап берді. Төтенше жағдай кезеңінде сауалнама жүргізілген кәсіпорын иелері барлығы 2239 қызметкерін мерзімсіз демалысқа жіберіп, 1209 жұмысшысын қысқартқан.

Оқырмандардың қаржылық жағдайын анықтау мақсатында біздің басылым да бірнеше сауалнама жүргізді. Сәуір айының өзінде жауап берген 508 адамның 61%-ы  азық-түлік алуға ақша жетпейтіндігін, 32%-ы карантинге байланысты жұмысынан айырылғанын, тағы 27%-ы кірісінің күрт төмендегенін айтты.

ТОЙ-ТОМАЛАҚ

Алайда көңіл көтеру де жалғасып жатыр. Миллиондаған пайда түсіп жатқанда, жүз мыңдаған айыппұл аз көрінеді. Карантин талаптарын 10 рет бұзғаны үшін айыппұл салынып, келушілерге қонақжайлылық танытудан бас тартпайтын караоке клубы осыған мысал болады.

Мерекелік іс-шаралар да жасырын түрде, жабық есіктің ар жағында ұйымдастырылады. Біз оқырмандардан «300-500 қонақ шақырылатын салтанатты тойлар келмеске кетті ме, әлде мұндай сән-салтанат жалғаса бере ме?» деген сұрақ қойған едік.  Сауалнамаға 1004 адам қатысты. 22%-ы пандемиядан кейін біз қайтадан адамдарды көп шақырылатын тойларды мейрамханаларда тойлайтындығымызға сенімді, 73%-ы ысырапсыз, қарызға кірмей-ақ бұрынғыдай үйде той-томалақ өткізуге болатындығына қуанады. Олар алдағы уақытта осылай жасамақ. 5%-ы «тойды адамдардың алдында ұят болмайтындай» етіп жасау керек деген екіұшты ойларын айтты.

Бір жұбатарлығы - қауіп-қатермен бетпе-бет келген кезде, адамдардың ақыл-ойы оянып, көпшілігі елде COVID-19 ауруы көбейген жағдайда локдаун енгізуді қолдайды. Біздің сауалнамада 600 адам (63%) «қолдаса», 357 (37%) адам қарсы болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 желтоқсан 2020, 22:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.