Атырау, 19 мамыр 04:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Балаларға сыйлаған қуаныш үшін мың алғыс

Сурет Бейнежазба
4 576 просмотра

Биыл «AЖ» өмірдегі түрлі жағдайға байланысты ата-анасыз қалған балаларға қуаныш сыйлау үшін дәстүрлі жаңа жылдық «О, алақай, Аяз ата» акциясын қайта жандандыруды ұйғарды. Бұл жолы біз Сәбилер үйінде 4 жасқа дейін тәрбиеленіп жатқан балалардың тізімін алғанбыз.

«Сәбилер үйіндегі бүлдіршіндерге қол ұшын берейік» акциясы «АЖ» сайтында жарияланғаннан кейін, қарапайым қала тұрғындары мен әртүрлі компания өкілдерінен көптеген қоңырау түсті. 


Олар тізімде не жетіспейтінін, не алынғанын сұрап, жарияланған тізімді толық қамтуға тырысты. Рас, кейбіреулер «Біз неге көмектесеміз, оларды мемлекет қамтамасыз етуі керек қой» деп те айтқандар болды. Расында мекемеге мемлекет қолдау көрсетеді (Сәбилер үйі туралы толық мәліметті мына сайттан алуға болады).

Алайда, бұл жылы пандемияға байланысты көптеген сатып алулар өткен жоқ, мысалы, киім мен ойыншықтар (біз мемлекеттік сатып алу порталына алдын-ала мониторинг жүргіздік). Сонымен қатар, балалар тез өседі, ойыншықтар тозады, киім бүлінеді – бұл белгілі жайт.

Ал, сәбилердің қуанғанына жететін не бар, бастысы осы емес пе? Сондықтан да сіздің көмегіңіз артық болмайды.

Өкінішке орай, карантин шектеулеріне байланысты балалармен кездесе алмадық. Біз барлық жиналған заттарды Сәбилер үйіне апардық, оларды бізден мекеме директоры мен қызметкерлері қабылдап алды. Олар қатты қуанып, осындай жомарт жандардың сыйлықтары үшін Атырау тұрғындарына шын жүректен алғыс білдірді. Кейін бізге олардың суретін жолдады.

Сіздің рұқсатыңызбен сыйлықтардың аз бөлігін біз Аналар үйіне апардық. Ол жерде басқа баратын жері жоқ аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай сәбилері бар аналар тұрады. Қазіргі таңда онда 1,5 жасқа дейін 9 сәби мен 1 аяғы ауыр әйел тұрып жатыр.

Тағы бір бөлігін Вильямс синдромы бар Әмір атты балаға бердік. Әмірдің анасы үш баламен уақытша баспана жалдап тұрады, үйлерін баланың еміне қаржы керек болғандықтан сатып жіберген.

Барлығы сіздерге көп рахмет айтып, алғыс жаудырды.

Жаңа жыл құтты болсын!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА.

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

29 желтоқсан 2020, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.