Атырау, 19 мамыр 05:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Екі сиырмен қалай күн көруге болатынын малшыдан сұраңыз

4 444 просмотра

Жаңа жылдық нөмірді жоспарлағанда біз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында әлеуметтік қолдауды талап еткен қазақстандықтарды сынға алған кезде: «Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра. Артық сүтті сат. Бау-бақша отырғыз. Жегеннен артылғанын базарға сат. Басқа не керек?» деген сөзін еске түсірдік.

Бұл сөздер Қазнеттегі әртүрлі келеке мемдер мен суреттердің пайда болуына себеп болды. Кейін сол кездегі вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВ: «Бір сиырмен де, екі сиырмен де күн көруге болады. Бірақ сиыр ұстау үшін жағдай жасау керек. Ешкім ешкімге жем-шөп әкелмейді. Егер сиырға үнемі жемін, шөбін беріп тұрсаңыз, ол күніне 7-8 литр сүт береді. 2-3 литрді өзің пайдаланып, қалған сүттен май, құрт, қаймақ жасай аласыз. Мәселе екі сиырда емес, мәселе азаматтардың еңбекқорлығында болып отыр», деп түсініктеме беруге тырысқан еді.

Біз еңбекқор азаматтың бірі - Құрманғазы ауданы Жыланды ауылының тұрғыны Бекманат НҰРЫМОВПЕН сөйлескен едік. Оның шаруа қожалығы, екі сиырдан көп малы бар. Бірақ біз екі сиырға қатысты мәлімет беруді өтіндік.

- Екі сиыр дейсіз бе? Шамамен 100 мың теңгеге шөп сатып аласың, бұл бір қысқа жетуі керек. Шөптен басқа оларға жем керек, біз 3500 теңгеден 20 келілік қапшығын аламыз. Бұл 10 күнге жетеді. Сүтті сатуға болады деді, бірақ ауылда бәрі мал ұстайды, сүт өте қоймайды. Сатылса да литрін 400 теңгеге сатуға болады, - дейді шаруа. – Бізде малдың терісін, жүнін алмайды, етті ғана сатуға болады. Бірақ оны да төмен бағамен алады. Ал сиыр етін сату үшін оны бордақылау керек. Баспақ 100 мың теңгеге, құнажын 150 мың теңгеге, сауын сиырлар 180-200 мың теңгеге сатылады. Бұл ең жоғары бағасы. Қазақта «қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген мақал бар. Малдан табыс табу үшін ол көп болу керек.

Қазіргі малшылардың тағы бір проблемасы – жер. Жайылымдық жерлерді жекеге беріп жіберген, басқаларына мал жаятын жер жоқ. Сондықтан шөптің бір орамын 3500 теңгеге сатып алуға тура келеді. Бұл бүгінгі баға.

- Оның үстіне тұқым нашарлап жатыр, уақталып кетті. Ауылдық жерлерде санаулы адамдар ғана малды асылдандырумен айналысады, - дейді Бекболат.

Қорытындыласақ - екі сиырмен күн көру үшін алдымен оларды бір жерден сатып алу керек. Сосын бағып, азықтандырып, олардың өскенін күту керек. Содан кейін ғана мал басын көбейтіп, табыс табуды бастауға болады. Мұның бәріне уақыт керек. Ал уақыт - ақша.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

30 желтоқсан 2020, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.