Атырау, 19 мамыр 08:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Ауылдағылар сиыр жылынан не күтеді?

6 404 просмотра

«АЖ» ауыл тұрғындарынан алда келе жатқан Сиыр жылынан не күтетінін және бұрын қандай жыл болып естерінде қалғанын сұрастырған еді.

Гүлжан ҚАУАШЕВА, зейнетке шыққан ұстаз: 

- Сиыр момын, адам баласына пайдасы мол жануар ғой. Жұлдыз жорамалшылар сиыр жылы туғандар бірсөзді, еңбекқор болады деп бағалайды. Бұл жылдары Наполеон Бонапарт, Йоганн Себастьян Бах, Маргарет Тэтчер, Михаил Кутузов сияқты атақты адамдар дүниеге келген ғой. Отбасымызда жолдасым Әділхан осы сиыр жылы өмірге келген. Есімде, 1973 жылы Индер ауданындағы мектепті көмір жағып жылытады.  Қар қалың, күн суық. Мұғалімдер ол кезде жылу орталығына кезекпен кезекшілікке тұрады. Сондағы кочегар аяғын жылытып отырып, күйіп қалған. Мен сол күнгі кезекші едім, дәрігер шақырып әуре болғанымыз бар. Өз басым сиыр жанға жайлы жыл болады деп күтемін.

Мұратай САРМАНОВ, фермер, «Қазақстан Фермерлері қауымдастығы» бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы:

- Ата-бабаларымыз төрт түлік ішінен жылқыны - ер қанаты, түйені алып күш иесі, қойды момақан санаса, сиырды шайпау мінезді, қырсық қасиеттері бар деп есептейді. Мен сиыр жылы туғанмын (күледі). Пайымдауымша сиыр жылы оңайға соқпайды, әсіресе, мына бітпейтін пандемияға қатысты, түбі жақсы болады деген үміттемін. Сондықтан жылымыз ұлысты, жеріміз ырысты, сиырымыз өрісті болғай.

Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ, Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылының тұрғыны:

- Саралай қарап, тарихқа үңілсек, сиыр жылы көбіне ауыртпалық, қиындықтарымен еске түседі. 1937 жылы қандай азапты болғанын айту артық болар. Ал, 1949 жылы қыс қатты болып, мал қырылып қалған. Бір ауылдас қарттың естелігінде Магаданда Отан алдындағы борышын өтеп келіп, қардың қалыңдығынан екі ай бойы Азғыр өңіріне жете алмағанын айтады. 1985 жылы да қар қалың түскендіктен малға жайсыз тиген. Түз малы жылқыға қиын болып, техника жүре алмағасын аман алып қалу үшін тікұшақпен жем-шөп шашқан.

...Елдегі коронавирус індеті тышқаннан сиыр жылына ұласып отыруы тегін емес. Бірақ жамандыққа жоруға болмайды, алдан жақсылық күтелік.

Александр КОГАЙ, «Владимир» ШҚ мүшесі:

- Биылғы пандемияға қарамастан тышқан жылы бізге табысты болды. Бақша өнімдері жақсы шығып, сатылды. Жасыратыны жоқ, қосымша жұмыс күшін Өзбекстаннан шақыратынбыз, індетке байланысты оларға келуге тиым салды. Дегенмен «көп түкірсе-көл» дегендей, ауылдастардың арқасында егінімізді дер кезінде жинап алдық. Біз сиыр жылы да табысты болатынына сенімдіміз. Бастысы жұмысты дұрыс  ұйымдастырып, ерінбей еңбек ету қажет. 

Сүйеу ХАЛЫҚОВ, зейнеткер: 

- Келер жылды егіншілер мен малшылардың көптеген мәселелері шешілсе деймін. Қуаңшылық қысып барады, қыстақтағы шаруалар жайлауға көшуді ұмытты. Жерді дұрыс пайдаланбағадықтан қыстақтардың айналасын құм басып жатыр. Негізі сиыр жылынан күтеріміз көп, ауыл тұрғындарына табысты жыл болады деген үміт бар. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

29 желтоқсан 2020, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.